Танымал модельер Құралай Нұрқаділова мен Қазком соттасып жатыр. Жақында олардың істері Жоғарғы сотта қаралып, Нұрқаділова жеңіске жетті. Оның сөзіне қарағанда, банк 2006 жылы алған несиесі бойынша негізгі қарыз ретінде 44 мың доллар артық есептеген. Бұл туралы 365info.kz жазады.
Нұрқаділованың банкпен арадағы ісі екі жыл бойы жалғасып келеді. Осы уақыт бойы банк Нұрқаділова келісімді сақтамады деп 2006 жылы 20 жылға берілген 641 900 АҚШ долларының несие шартын мерзімінен бұрын сот арқылы бұзуға тырысып бағуда. Сән маманы болса банк қайта құрылымдау мен қапиталдандырудан кейін оның негізгі қарызына 44 мың АҚШ долларын заңсыз қосты деп санап, бой бермей отыр. Жоғарғы сот қарызгердің жағына шығып, Алматыдағы барлық сот инстанцияларының жұмысынан көптеген заң бұзушылықтар анықтап, істі қайта қарауға жіберді. Таласқа түсіп жатқан сома да аз емес, егер келісім-шарт бұзылатын болса, Нұрқаділова бірден банкке 100 млн теңгеден астам ақша төлеуі қажет.
- Бұл жағдайдың ерекше ештеңесі жоқ, несиесін кейінге шегерген немесе Құралай секілді қайта құрылымдауға барған барлық қарызгердің басынан өтеді, - дейді Нұрқаділованың соттағы өкілі Евгений Прицкер, - Қазком оның негізгі қарызына 44 мың доллардан астам соманы артық қосып жіберген. Ал екі тараптың арасындағы келісім-шартта қосымша келісімге қол қою арқылы сыйақы мөлшерлемесінің немесе өсімпұлдың көлемін өзгерту мүмкін екендігі, бірақ мұның негізгі қарызға еш қатысы жоқтығы тайға таңба басқандай анық жазылған. Мен мұны банктың онсыз да күйі мәз емес қарызгердің жағдайын құртып, өз табысын арттыруға тырысқаны деп білемін. Жалпы "қайта құрылымдау" деген терминнің өзі несиені жабуда қарызгерге жеңілдіктер ұсынуды қарастырады, басқаны емес. Бұдан бөлек, Азаматтық кодексте сыйақы мөлшерлемесі қосылатын негізгі қарыз деп қарызгердің банк шотына түскен қарыз сомасы аталады. Яғни, адам ақшаны қолға алуы керек. Ал біздің жағдайда 44 мың доллар қарызгердің шотына түспеген. Онда ол қалай негізгі қарыздың бір бөлігі болады? Банк келісім-шартты бұзу үшін қарыз сомасын қалай есептеген сонда?
Евгений Прицкердің сөзіне қарағанда, Құралай Нұрқаділова 2012 жылы банкке деген берешегінің азайып емес, керісінше көбейіп бара жатқаныны көрген соң несие бойынша қарызын жабуды тоқтатқан. Несие шарты бекітілген күннен бастап банк оның негізгі қарызының сомасын үш (!) рет арттырған. Бұдан алдын-ала құйылған 13 миллион теңге де құтқармапты.
- Соттасып жүріп сомасы 13 миллион теңге болатын кем дегенде жеті төлемді банктың қарыз көлемін есептеу кезінде ескермегенін анықтадық, - дейді ол, - Осыдан кейін кенет бұл ақшаның Нұрқаділова әкеліп төлеген соң екі аптадан кейін барып қарызды жабу арналған қаражат ретінде қабылданғаны белгілі болды. Алайда банк қайта есептеу жүргізбеген. Сотта тағы бір қызық факт анықталды: валюталық шоттан қарызды жабу конвертациясыз, ұлттық валюта күйінде төленіп отырған. Неге бұлай болғанын "Қазком" да, Ұлттық банк те түсіндіріп бере алмады.
Нұрқаділованың несиесіне қатысты істе ең қарама-қайшылыққа толы дүние ретінде Евгений Прицкер мерзімі өтіп кеткен қарыздың нақты сомасын есептеу мүмкін емес болып отырғанын атайды. Бұл мәселені, тіпті сот-экономикалық сараптама мамандары да шеше алмаған.
Басында бизнесін дамытамын деп қарыз жүгін мойнына алған Құралай Нұрқаділова болса өзінің танымалдылығы мен соттың әділдігі бұл жағдайды екі жаққа да тиімді жолмен шешіп береді деп ұзақ уақыт сеніп келіпті. Алайда ол қазір банктың өзге қарызгерлерінің де осыған ұқсас жайттардың неге әкеліп соғуы мүмкін екенін білгенін қалайды.
- Біз Жоғарғы соттан басқа соттың бәрінде жеңілдік, себебі қайта құрылымдау пен капиталдандыруды жүргізудің қалыптасқан тәртібін бұзуға болмайды дегене пікір бар. Ал егер біз жеңіске жетсек, онда көптеген банктың басына қара бұлт үйіріледі, - дейді Құралай Нұрқаділованың өкілі, - Мүмкін осы себепті сонау 2014 жылдың қарашасында шыққан Жоғары соттың қаулысы әлі күнге Алматы қалалық сотының апелляциялық сатысының қарауында жатқан болар.