Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Түркістан туризмнің ордасына айналады

Түркістан туризмнің ордасына айналады
Бүгінде дүниежүзілік туризмді дамытудың түрлі тәсілі қалыптасқан. Әлемдегі туризмі тартымды елдердің бірі емге дауа, жанға шипа болатын нысандарымен мақтана алса, ендібірі тұмса табиғаты көздің жауын алатын көрікті мекендерін көрсетумен әлек. Тағы бір бөлігі, тұнып тұрған тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін аймақтарын әйгілеуді қолға алған. Біздің мемлекет тарихи және мәдени мұраға да бай, тұмса табиғатқа тұнған ұлан-байтақ ау­маққа да ие мемлекет. Бұл дегеніміз мәдени-таным­дық, экологиялық, іскерлік және басқа да туризм түрлерін дамытуға алғышарт екені анық. Сондай әр қырын дамыту арқылы туристерді тартуға зор мүмкіндік беретін еліміздегі тарихи, тылсым мекеннің бірі де бірегейі ˗ киелі Түркістан.   Түркістан қаласы жайында, мұндағы қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі турасында, әйгілі тайқазан хақында мектеп қабырғасынан бергі барлық әдебиеттерден оқып-біліп жүретініміз бар. Ол уақыттағы тәтті қиял мен шексіз фантазияның құшағындағы Түркістан тым көркем, аса кербез. Солай емес пе? Алайда Түркістан қаласына жол түсіп, киелі мекенге сапарлаған болсаңыз, мұндағы жағдаяттың басқа екеніне көзіңіз жетеді. Қаланың өзі кедей, кей аймақтың қала типіндегі ауылдарынан ахуалы төмен. Тарихқа тұнып тұрған танымдық нысандар түрленуге, түлеуге сұранып-ақ тұрғандай әсер қалдырады. Талай-талай қилы да сырлы оқиғалардың куәсі болғанын білдіргісі келетіндей, мысы басады. Тіпті, оның қадіріне жетіп, қасиетін түсініп, мәртебесін асқақтата алмай тұрғанымызға налитындай, күңгірт, сұп-сұр. Түркістаннан қайтқан кезімде екіұдайы сезімде қалғаным әлі есімде. Бір жағы, тарихи-мәдени мекеннің аурасын сезіне алғаныма мәзбін. Бірақ, күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі жердің күңгірт тартып тұрғанына көңілім құлазыды ма, қалай? Жас күніміздегі тәтті қиялдың құшағындағы тарихқа, мұраға бай еңселі мекеннің еңсесі түсіп тұрғаны, көңілімнің түкпірінде қалғандай еді.   19 маусымда Мемлекет басшысының жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Жақында Президент Н.Назарбаев осы өңірге арнайы ат басын бұрып, төрткүл дүние назар аударып отырған Түркістанның дамуына қатысты өте құнды екі құжатқа, атап айтқанда, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұ­жы­рым­дамасын мақұлдау және TURKISTAN арнайы экономикалық айма­ғын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды. Бұған қоса, үш айдан бері бұл аймақтың даму копцепциясы даярланып, Түркістан қаласын түрлендірудің түрлі іс-шаралар жоспары да бекітілген болатын. Елбасының ресми сапары барысында осы бағыттағы түйткілді мәселелер күнтәртібінде қозғалып, түйінін тарқатудың бірқатар жобалары да ұсынылған болатын. Мемлекет басшысына баяндалған қала жоспарына назар салсақ, алдағы уақытта киелі күмбезді Түркістанның «бұлбұлы бақтарда сайрап, қыр гүлі құлпырып жайнап» шыға келетін кезеңі алыс емес сияқты. Айталық, алдағы уақытта қала аума­ғына қосымша жер телімі қосылатын болады. Онда облыстық әкімшілік, республикалық аумақтық бөлімшелер, көпқабатты тұрғын үйлер, театр, кітап­хана, музей, мектеп, балабақша, стадион, емхана, саябақ сынды өзге де әлеуметтік нысандар мен түрлі құрылымдық орган­дардың ғимараттары орналаспақ. Жаңа әкімшілік іскерлік орталықтың жер аумағы ˗ 670 гектар. Ал әкімшілік іскерлік орталықтың жер көлемі 225 гектар болмақ. Орталық құрылысының бірінші деңгейі 2019-2021 жылдарға жоспар­ланған. Бұл уақыт аралығында жалпы аумақтың 20 гектары игерілетін болады. Құрылыстың алғашқы деңгейінде облыс әкімдігінің ғимараты, облыстық әкім­шілік басқармалардың нысандары, республикалық аумақтық бөлімшелер, Конгресс холл, «Түркістангенплан» орталығының құрылысы толығымен аяқталады. Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеу бойынша xалықаралық конкурс ұйымдастырылғанын білеміз. Бүгінде 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Таңдалған жоба Елбасы міндеттеген талап­тарға толығымен сәйкес келеді.   Бұдан бөлек, Түркістанның туризмін дамытуға да айрықша көңіл бөлінетінін естіп қуанып қалдық. Қаланың тарихи-мәдени орталығын қайта жаң­ғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары жасалған. Бұл жоспарға сәйкес, Күл­төбе қаласы қайта жаңғыртылмақ. Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ор­­­да­­­лары мен резиденциялары ортағасырлық мешітімен бірге және басқа да бір­қа­тар нысан қайта қалпына кел­ті­ріледі.    Соның ішінде Түркістанның тариxи құнды­лықтарын сақтау, одан әрі көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, ту­рис­тік әлеуетін көтеру бағытында ке­шен­ді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөз­дер жүргізілуде.   Былтыр бұл аймаққа 1 миллионнан астам (1,2 млн) турист келген, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы 700 мыңнан астам саяхатшының сапарын көрсетіп тұр. «Туркестан трэвел» туристік ақпараттық орталығы саяхаттаушы топтарды «келушілер» және «туристер» деп екіге бөліп, тізімге алатынға ұқсайды. Келушілер қалаға ерте келіп, кешқұрым қайтып кететін көрінеді. Бұлардан бюджетке түсетін пайда шамалы. Демек, Түркістанды қызықтауға келгендерді туристер сияқты түнетуге тырысуымыз қажет. Ол үшін тек Түркістан қаласын емес, осы аймаққа тән барлық туристік нысандарды дамыту назарға алынған. Өйткені, саяхатшылардың талғамы сантүрлі. Мәселен, еуропалықтар Ақсу-Жабағалы қорығын көруге құмартып келсе, мұсылман мемлекеттерінің өкілдері Арыстан-баб, Сайран, Сауран кесенелерін тамашалағанды ұнатады. ЮНЕСКО мұрасына енген нысандарды аралауға асығып тұратындар да аз емес. Бұған қоса, альпинизге қызығатын туристер осы аймаққа көптеп тартылатынын деректер дәлелдеп тұр. Сондықтан, бұл өңірдегі туристер үшін тартымды саналатын нысандардың қай-қайсысын болмасын дамыту аса маңызды.   Бұдан бөлек, белгілі бір маңызды оқиғаларға негізделген туризмді дамыту да бұл өңірдің бас жоспарына енгізіліпті. Биылдың өзінде ай сайын облыстың бірқатар аймақтарында осы мақсаттағы шаралар сәтті өткізілген. Айтқандай, қымыз, қызғалдық, қауын фестивальдеріне куә болып үлгердік. Облыс басшылығы алдағы уақытта мұндай шаралардың әлі талайы өтетінін айтады, тіпті, жыл соңында осы тектес шаралардың арнайы күнтүзбесі даярланып, туристер мен тұрғындардың назарына ұсынылмақ. Сонда мұндай айтулы шаралар турасында алдын-ала біліп, бұл өңірге ат басын бұруға қамдануға мүмкіндік тумақ.   Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев бұл аймақтың туризмін дамыту барысында саяхатшылардың тұрмысына қолайлы жағдай жасау қажеттігін де жақсы түсіндіріп берді. Алдағы уақытта, осы өңірде ат басын бұратындар үшін тынығу, тамақтану, қатынауына толық жағдай жасалмақ. Бұл мақсатта, яғни Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігінің назарын мынадай мәселелерге бұрды: өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру. Облыстан Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін бюджет екіге бөлінді. Сондықтан бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін, бюджетті молайту жолдарын табу қажет. Екіншіден, жұмыспен қамта­ма­сыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйреткен абзал. Түркістандағы құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс. Жоспар бар, ендігі кезек ˗ оның тиімді әрі тиісті деңгейде жүзеге асырылуы.   P.S. Айтқандай, 2014 жылғы Бодрумдағы Түркі кеңесінің саммитінде Елбасы дүниежүзіне барша түркі мемлекеттеріне ортақ туристік өнім ұсыну және оны «Заманауи Жібек жолы» атауымен таныту идеясын айтқан болатын. Осы әдемі ұсыныстың негізінде үлкен шаруа атқарылып, биыл саяхатшыларға ұсынылған болатын. Бұл жобаның аясында Түркістан аумағына бірқатар шетелдік туристер келіп, қонақ болған. Айтайын дегенім, алдынмен осы жоба қарқын алып, бұл өңірге ағылатын саяхатшылардың қатары көбейсе, содан соң олар келген уақытта біздің көгінен күн көзі кетпеген Түркістан жаңағы жоспарға сай түрлене түссе, жас күніміздегі тәтті қиялғы тағы да ерік берерміз, шіркін.    

Похожие материалы