Андрей Бродецкий Украинаның танымал «Технология, медиа және қоғам» телеграм-каналын жүргізеді. Бүгінде оны 31 мың адам оқиды. MEAT Studies онлайн-кеңістігіндегі лекциясында ол табысты Телеграм-каналды жүргізудің құпиясымен бөлісті.
Әлеуметтік желілер жақсылық әкелмейді
Әлеуметтік желілер бұрынғыдай қарқынды өсіп жатқан жоқ, адамдар біртіндеп мессенджерлерге көшу үстінде. Мәселен, Facebook желісі дамудың шегіне жетті десе де болады. Түрлі тауарларды жарнамалайтын желілер оқырман үшін қолайсыз кеңістікке айналды: әрбір алтыншы не жетінші жазба – жарнама.
Өз жазбаңызға танымайтын адамның пікір қалдыруы таныс сезім болар?! Сізге ақыл үйретіп, балағаттап, қолайсыз жағдайды тудырады. Бұл – достардың ортасы емес, түрлі үгіт-насихат пен жарнаманың алаңы. Facebook біртіндеп теледидарға айналып бара жатқандай.
Ал мессенджерлер мұндай мәселелерден құтқарады. Жарнама саны аз, пайдаланушы контенттің мазмұнын өз бақылауында ұстайды. Ешкім ұрыспайды, ешкім лайктар мен пікірлердің соңын қумайды. Мессенджерлердің оқырман үшін қолайлы болатын тұсы – осы.
Teлеграмның артықшылықтары
Телеграм ғаламтор желісімен жақсы байланысты талап етпейді, ешкімге пайдаланушы туралы жеке мәліметтерді бермейді. Бұл мессенджерде жойылып кететін жабық чаттар жұмыс істейді.
Телеграм Facebook желісінің оқырмандарының «көшіп келуінің» есебінен және Украинада «Вконтакте» желісіне тыйым салынғаннан кейін жедел қарқынмен дамып келеді. 2017 жылы маусым айында Телеграмның украиналық оқырмандарының саны 2,5 миллионды құрады. Олардың басым бөлігі – IT, маркетинг саласының мамандары мен студенттер. Украина аудиториясының 50%-ын Киев қаласының тұрғындары құрайды.
Телеграм-каналдар – ескі блогтардың жаңартылған және ыңғайлы үлгісі
Каналды орташа есеппен жазылғандардың 60%-ы оқиды. Бұл – Facebook-пен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Телеграм-каналды қалай жүргізуге болады?
Ең алдымен оны жүргізудегі мақсатты анықтап алған жөн: біреулер достарымен түрлі мемдарды бөлісу үшін, кейбіреулер өзінің сыни пікірлерін жариялау үшін, кейбіреулер өз бизнесін дамыту үшін канал ашады. Сіз өзіңіздің не туралы жазып жатқаныңызды түсініп, сол нәрсені толық меңгеріп, тақырыптан ауытқымауыңыз қажет. Өз басым маркетинг туралы каналда ғарыш туралы жазылған ақпараттарды кездестірген болатынмын. Өйткені, автор екеуіне де қызығады.
Мессенджер – адамдардың контентті толығымен пайдаланатын платформасы. Ол сайтқа арналған сілтемелерден құралмауы керек. Каналды контентке арналған бірегей орынға айналдырған жөн.
Өзіңізді қолында қалта телефоны бар күнделікті күйбең тірлікпен айналысып жүрген оқырманның орнына қойып көріңіз. Жазбаның ішіндегі өзге жазбаларға деген сілтемелер оқырмандарды шошытып жіберуі әбден мүмкін. Адамдардың барлығы да 5-7 секунд бойы браузерден парақшаның ашылғанын күтіп отыруға дайын емес. Контент мейлінше қолданушыға жақын болуы керек. Кейде мен Телеграмда максималды рұқсат етілген 4 мың символға сиятын посттарды саламын. Оны барлығы соңына дейін оқымайды – тек 16-20 мың адам оқиды. Ал егер мен ол мәтінге сілтеме қосатын болсам, оны тек 2-3 мың адам ғана оқуы мүмкін.
Канал брендтің атынан емес, жеке тұлға атынан жүргізілетін болса, оқырмандары көбірек болады.
Оқырмандар мессенджерлер арқылы боттардан емес, тірі адамдардан хабарлама алып үйренген. Каналды жиі жаңартып, жазбалар салып отыру керек. Дұрысы – күніне 1-4 посттан салған жөн. Сонда ғана канал дамиды. Контентке көңіл бөлмей, жазба салмау қолданушылардың азаюуына әкеліп соғады.
Оқырманды қандай формат қызықтырады?
Белгілі бір сауалдарға жауап беретін эксперттердің авторлық каналдары оқырмандар арасында аса танымал. Мағынасы терең тақырыптарды қозғайтын мәтіндер көп қаралым жинай алмауы мүмкін, алайда оның өз аудиториясы бар.
Оқырмандарды қызықтыратын тағы бір формат – өздері өмір сүретін ортасы, жұмысы мен қайда тұратыны туралы жазатын адамдардың жазбалары. Мысалы, Қытайға жұмыс бабымен көшіп, қоршаған ортасы туралы жазатын жігіттің каналын көптеген оқырмандар асқан қызығушылықпен оқиды.
Танымал каналдардың тағы бір түрі – қызықты тексттерді жинақтап, өз сөздерімен қорытынды жасайтын адамдардың контенті.
Телеграм-каналдардың күмәнді форматтары:
Бір күнде болған жаңалықтардың топтамасы. Кейбір авторлар материалды жариялар алдында оқымайды да.
Түрлі тақырыптардағы мемдерді каналыңызға салатын болсаңыз, мыңдаған қаралымды күтпей-ақ қойсаңыз болады.
Кино, музыка, кітап туралы сіздің жеке ойыңыз бен әсеріңіз көп адамға қызық болмауы мүмкін.
Өз каналыңызға оқырман атынан сауал қойып көріңіз: мен бұл каналдан шығатын болсам, не жоғалтамын? Жауап нақты болуы шарт. Каналды аудиторияңыз үшін қызықты әрі тың деректермен толықтыруға тырысыңыз.
Аудиторияны қалай жинауға болады?
Әлеуметтік желілер. Өзіңіздің достарыңызды Телеграмға шақырудан еш қысылмаңыз. Facebook парақшасына өз каналымды ашқаным туралы жазғанда, күніне 200 оқырман жазылған болатын.
Компания сайты немесе медиа. «Біздің телеграм каналымызға жазылыңыз» атты мазмұндағы баннерлерді дайындаңыз.
Каналдар каталогы – өз аудиторияңызды кеңейту үшін таптырмас мүмкіндік.
Каналдар топтамасы. Егер сіздің каналыңызды ешкім топтамаға қоспайтын болса, оны өзіңіз ойлап тауып, өз каналыңызды тізімге қосыңыз. (Мәселен, дизайнерлерге арналған 10 канал).
Өз каналыңызды қалай жарнамалауға болады?
Жарнамасыз аудиторияның өсімі әлсіз болады. Ал жарнаманы жариялау үшін қызықты аудиториясы бар каналдарды іздеп табуға тырысыңыз. Әрдайым жарнамалар салатын каналдардан қашыңыз. Себебі, ондай каналдардың аудиториясы жарнамалық материалдарды байқамауға тырысады.
Жарнамаға арналған каналдарды таңдай отыра, олардың тіркелушілерінің санына емес, жарияланымдарының қаралым санына мән беріңіз. Және өзіңіз де күмән тудыратын каналдарға жарнама жасамауға тырысыңыз. Оқырмандардың адалдығы ақшадан қымбат.
Статистиканы қайдан бақылауға болады?
Телеграмда статистикалық деректерді бақылауға арналған ішкі аналитикалық құрылғылар жоқ. Алайда көрсеткіштердің барлығын tgstat.ru сайтынан бақылауға болады. Сервис бірнеше қызметтерді көрсетеді: жарияланымның аудиторияны қамту деңгейін, бөлісу (репост) санын, өзге каналдарда қаншалықты белгіленетінін, қаралым, жарияланым санын анықтап бере алады. Айта кететін жайт, бұл сайтта өз каналыңыздың ғана емес, өзге каналдардың да статистикасын көре аласыз.
Материал mc.today сайтынан аударылды
Аударма жасаған: Алтынай Жұматаева