Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Мұндай шешімге келуге Ұлттық Банктің болжамдарды жаңартуы, деректерді талдауы және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалауы негіз болды, деп хабарлады реттеуші.
ҰБ хабарлауынша жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді.
- "Алдағы айларда оның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтіледі. Қазанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерге дейін баяулады. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр", деп хабарлады ҰБ.
Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын алдағы шешімдер нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты болады. Инфляция бойынша 5% мақсатына қол жеткізу қажеттілігі ортамерзімді кезеңде ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұруды талап етеді.