Жапония - дүние жүзіндегі ең ірі кредитор-ел (бұл орайда елге пайызымен қайтарылуға тиісті шетелдердегі “таза” активтердің көлемі айтылады ) және капитал экспорттаушы. 1 миллионға жуық американдық АҚШ- тағы таза жапондық немесе аралас кәсіпорындарда жұмыс істейді. Әлемнің аса ірі он банкінің бәрі жапон банктері. Жапония мен АҚШ, Жапония мен Батыс Еуропа арасында қатаң сауда соғысы жүріп жатады.
Жапонияның «экономикалық ғажайыбы» - феодализм қалдықтары бар, соғыста жеңілген елдің дүние жүзі экономикасында жетекші орынға шығуы немен байланысты? Мұның себептері көп және олар өмірдің экономикалық, саяси, әлеуметтік, тарих салаларының барлығын қамтиды.
Бастамада жергілікті жағдайларды ескере отырып, экономикалық дамудың мұқият ойластырылған ұлттық стратегиясының талдап-белгіленуі орасан зор рөл атқарды. Белсенді шаруашылық қвзмет аясына ересек адамдардың барлығы түгел қамтылды. Елде ірі жаппай өндірісті өнім жеткізіп беруші көптеген ұсақ кәсіпорындармен ұштастырудың бағалы тәжірибесі жинақталды. Жапония Батыстағы ғылыми-техникалық өнертабыстардың көбін шапшаң алып, оларды өте тез өндіріске енгізіп отырды. Жұмысшыларға жалақының аз төленуі жапон монополистеріне жүниежүзілік нарықта ойдағыдай бәсекелесуге мүмкіндік берді.
Қазір өркендеудің аса маңызды факторлары ғылыми зерттеулер мен талдамаларға көп қаражат жұмсалуы болып отыр. Жапония университеттері, ғылыми-зерттеу институттары бар 19 технополис, жаңа ғылым қалаларын құрып, өнеркәсіптің ғылым неғұрлым көп қолданылатын салаларын дамытуда.
Дүние жүзіндегі ең таңдаулы жапон білім беру жүйесі де ерекше рөл атқарып отыр, сондай-ақ әскери шығындардың шектелуінің де мәні зор (конституция бойынша мұндай шығындар елдің ұлттық табысының 1 пайызынан аспауға тиіс).
Ақырында елдің экономикалық өркендеуіне дәстүрлі жапон еңбекқорлығы да себептесті.
Жан басына шаққандағы ұлттық табыс және өмірдің ұзақтығы жөнінен АҚШ-ты басып озған Жапония өмір деңгейі жөнінен батыс елдерінен қалыңқы: жыл ішіндегі жұмыс уақытының ұзақтығы мұнда дамыған елдердің бәріндегіден анағұрлым артық. Орташа және ұсақ кәсіпорындардың жұмысшыларының көпшілігі аптасыны алты күн жұмыс істейді. Токио- дүние жүзінде тұрмыс нарқы ең қымбат қала.
Шаруашылығы.
Кемел дамыған өнеркәсіптің өз минерал шикізат базасы жоққа тән. Жапония мұнай мен табиғи газды түгелдей дерлік, көмірдің қара және түсті металдар рудаларының, бокситтердің кенін сырттан алады. Отынды сырттан әкелуге негізделген отын- энергетика шаруашылығы үнемдеу режимімен, энергияны тұтыну көлемін шектеумен сипатталады. Мұнай импорты 80-90- шы жылдары шектелсе де, оның абсолют шамасы шамамен 200 млн.т. Отын тұтынуда оның үлесі азайып келеді (шамамен50%), көмір мен атом энергиясының үлесі артуда. Елде 30-дан аса АЭС жұмыс істейді.
Жапонияның өнеркәсібін шартты түрде екі топтағы салаларға бөлуге болады. Біріншісіне материал көп кететін, металды және басқа шикізатты көп тұтынатын өндірістер: болат қорыту мен мұнай химиясы, автомобиль және кеме жасау салалары кіреді. Жапония бұл өндірістер бойынша 70-ші жылдарда-ақ жетекші рөлге жеткен болатын, бірақ олардың өсуі тоқтады, ал кеме жасау тіпті күрт азайды. Екінші топқа ғылым ең көп қолданылатын роботтар, ЭЕМ, жартылай өткізгіштер, тұрмыстық радиоэлектроника жасайтын салалар жатады. Бұл салаларда Жапония озық техникалық бәсеклестері үшін АҚШ- пен және Батыс Еуропамен қатаң күрес жүргізуде.
Қара металлургия импорттық руда мен көмірді (көбіне Австралиядан ) пайдаланады. 100 млр. Тоннаға жуық болат қорытып, ел дүние жүзінде алдыңғы орындардың бірін алады. Металлургия комбинаттарының техникалық деңгейі өте биік (ірі домналар, болат қорытудың ең прогресті оттегі-конверторлық әдісінің толық басымдығы); олар жағалауда орналасқан осы арқылы отын мен шикізат қайта тиеп түсірілмей бірден домна пештеріне жеткізіліп, едәуір арзанға түседі. Бұл комбинаттар екінің бірінде мұнай-химия зауыттарымен ұштастырылып, біртұтас кешендер түзеді. әр алуан түсті металлургия, соның ішінде аллюминий қорытып шығару дамыған.
Автомобиль өнеркәсібі дүние жүзінде бірінші орын алады- жылына12 млн. Автомашина, сщның ішінде 8 миллиондай жеңіл автомобиль жасалады. «Тойота»,«Ниссан», «Хондо» автомобиль концерндері американ және батысеуропалық концерндерімен бәсекелесіп, шетел нарықтарын қаратып алуда. Жапон кеме жасау саласы дүние жүзіндегі кемелердің жартысына жуығын жасайды.
Ғылым көп қолданылатын екінші топтағы салалардың арасында да Жапония дүние жүзінде алдыңғы орынды иеленген салалар көп. Бұл ең алдымен тұрмыстық радиоэлектроника.
Видеомагнитофондар (дүниежүзілік көлемнің 80 пайызына жуығы), түрлі-түсті телевизорлар, радиотехника жасау жөнінен Жапонияға теңесер ел жоқ. Ол роботтар жасау (жылына 100 мыңнан астам) және шаруашылықтың олармен жарақталуы жөнінен де әлемде алда келеді. Жапонияда ішінде «адам жоқ», өндірістің бәрін дерлік роботтар қамтамасыз ететін бірнеше зауыт бар. Электронды-есептеуіш техника жасаудың көлемі жөнінен Жапония АҚШ-тан ғана кейін болғанымен, қазірдің өзінде 5-ші лек ЭЕМ-дер шығаруда.
Жапон ғылымы мен индустриясы биотехнология, жартылай өткізгіштер жасау, энергияның жаңа негіздерін табу және пайдалану (“Күн сәулесі” бағдарламасы) жөнінде жетекші орындарда келеді.
Ауыл шаруашылығы
Халықтың азық-түлікке деген қажетінің төрттен үшіне дерлік қамтамасыз етеді. Ауыл шарушылығының негізі ұсақ шаруашылықтар (олардың орташа мөлшері 1,2 га, батысеуропалық шамадан 15 есе кіші ) және дәстүрлі егіншілік, әсіресе негізгі дәнді дақыл- күріш өсіру болған күйінде қалып отыр. Фуыл шаруашылығының кемел химиялануы және жапон шаруасының еңбекқорлығы біршама мол өнім алуға мүмкіндік береді. Түсімі жөнінен басымы- күріш (10-12 млн.т.), бұдан соң бидай, соя, көкөністер келеді.
Бұрын халық ет жемейтін десе де болғандай еді, соғыстан кейінгі жылдары жағдай тез өзгерді, мал шаруашылығының рөлі едәуір артты, әсіресе шошқа өсіру мен бройлерлік құс шаруашылығы жылдам дамып отыр.
Осының өзінде ел ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе астық пен мал жемін көп импорттайтын ел болған күйінде қалып келеді.
Жапония- техникалық тұрғыдан озық көлік елі. Ішкі тасымалдардың бәрінде автомобиль көлігі (барлық жүктің 90 пайызы) мен темір жол көлігі басты рөл атқарады. Темір жолдардың 60 пайызы электрлендірілген, пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 120 км-ден асады. Соғыстан кейінгі жылдарда әуелі Хонсю және Кюсю аралдары суасты туннельдерімен жалғастырылды, ал 1988 жылы Хонсю және Хоккайдо аралдары арасында Сангар бұғазы арқылы дүние жүзіндегі ең ұлкен «Сейкан» су асты туннелі қатарға қосылды (туннельдің су астындағы бөлігінің өзінің ұзындығы 23 км). Барлық сыртқы сауда байланыстары мен ішкі байланыстың бір бөлігі жүк көтергіштігі жөнінен дүние жүзіндегі бірінші орындағы теңіз көлігімен («арзан таулы» флоттарды есептемейтін болсақ) тасылды. Жапонияда жүзден астам порт, соның ішіндегі дүние жүзіндегі ең ірі порттар қатарндағы Кобе, Нагоя, Иокогама порттары бар. Халықаралық байланыстарла әуә көлігінің маңызы зор.
Ішкі айырмашылықтар
Халықтың тығыздығы, урбандалу дәрежесі,жетекші өнеркәсіп салаларының шоғырланғандығы жөнінен Орталық Хонсюдің шығыс бөлігі үздік орын алады. Солтүстік Токио шығанағынан оңтүстікте Осака шығанағына дейін созылып жатқан өнеркәсіп агломерацияларының белдеуі Тынық мұхиттық өнеркәсіп белдеуі деп аталады. Елдің аумағының үштен бірін алып жатқан бұл өңірде халықтың 65 пайызы тұрады, электр энергетикасының 70, ұқсатушы өнеркәсіптің 80-85 пайызы, қара металлургияның 80 пайызы осында шоғырланған. Мұнда Токио – Иокогама, Нагоя, Осака – Кобе – Киото секілді бірнеше индустриялық аудан сараланады.
Дүние жүзінің ең ірі қалаларының бірі – Токио елдің аса маңызды индустриялық, көліктік, сауда және қаржы-қаражат орталығы. Егер Токионың қалалық шекарасында 9 миллионға жуық адам тұратын болса, Токио – Иокогама агломерациясының шеңберінде 20 миллиондай адам бар. Мұнда автомобиль зауыттары, электроника, мұнай химиясы кәсіпорындары, ірі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары шоғырланған. Жапон астанасының басқарушылық және қаражаттық функциялары бұдан да маңыздырақ: ірі-ірі жапон концерндерінің үштен екісінің басқармалары осында. Қала көк тіреп өсуде, өйткені астананың орталық тұсында бір шаршы метр жердің бағасы 200 мың долларға дейін көтерілді.
Иокогама – Токионың аванпорты – ірі кеме верфтерінің, болат қорыту және мұнай-химия комбинаттарының қаласы.
Астанадан оңтүстік-батысқа таман Тынық мұхит белдеуінің енді бір индустриялық ауданы – Нагоя бар, ол автомобиль жасаудвң («Тойотаның» зауыттары осында орналасқан), электр техникасы мен электрониканың, металлургия мен мұнай-химиясының орталығы.
Осака – Кобе ауданы өнеркәсіптік қуаты жөнінде Токио – Иокогамадан кейінгі екінші аудан. Мұнда қара металлургия, мұнай химиясы, электроника кәсіпорындары басым, елдің дәстүрлі тоқыма өнеркәсібі ішінара осында сақталған. Жапонияның ежелгі астанасы Киотода фарфор ыдыс-аяғының, ағаш бұйымдардың ұлттық жартылай қолөнер өндірістері де сақталған.
Хонсюдің оңтүстік бөлігі мен оған іргелес Кюсюдің солтүстік бөлігі өнеркәсібінің құрылымы жөнінен Орталық Хонсю аудандарына жақын, алайда экономикалық даму деңгейі және өнеркәсіптің шоғырлану дәрежесі мұнда төменірек. Китакюсю металлургиясымен және ауыр машина жасау саласымен ерекшеленеді.
Кюсюдің оңтүстік бөлігі бүкіл сикоку және Хоккайдо сияқты – елдің дамуы қалыңқы бөлігі. Мұнда Жапонияның басқа аудандарына қарағанда ауыл шаруашылығы көбірек рөл атқарады. Хоккайдо көмір өндірумен ерекшеленсе, аралдардың бәрінде балық ұқсататын бірқатар орталықтар бар.
Тынық мұхиттық белдеу шеңберінде, әсіресе Токио – Иокогама ауданында халықтың және өнеркәсіптің шектен тыс шоғырланғандығы проблемасы көптен бері өте-мөте келелі проблема болып келеді. Өйткені айналадағы ортаны сақтауға көп қаражат жұмсалғанымен, алып мегополис халқының тұрмыс жағдайы нашарлап барады.
Халықтың тым шоғырлануын бәсеңдету жөнінде көптеген жоспарлар бар (тіпті жаңа астана салу жоспары да бар),олардың неғұрлым нақтысы технополистер құру жоспарымен байланысты шоғырланудың біршама бәсеңдеу мүмкіндігі анықталып отыр. Бұл технополистердің едәуір бөлігін Тынықмұхиттық өнеркәсіптік белдеуінен басқа жерлерге орналастыру жоспарланған.