«Бір арнадан әжептеуір жарнама көріп отырсам, арасына кино қоя береді қайта-қайта». Киномандар мен сериалмандардың барлығына таныс әзіл. Таңғы жаңалықтар мен ауа-райынан бастап, түнгі шоу-бағдарламаларға дейінгі аралықтағы эфирдің жартысына жуығы жарнаманың үлесіне кетеді. Интернеттен жүктегің келсе де, бірінші жарнамасы жыпылықтаған терезелерден құтылу қажет. Сіздерге кеңес: ағысқа қарсы жүзіңіз де, жарнаманың өзі туралы кино көріңіз. Оның өзінен де тәрбиелілік элементтері кездесетін фильм түсіруге болады екен. Ең үздік деген жетеуін таңдап отырмыз.
- Джонстар отбасы/The Joneses/Семейка Джонсов
2009 жылы түсірілген. Режиссері – Д.Борт
Селф-маркетинг туралы фильм. Тату-тәтті, тек кітаптан оқып, фильмдерден көруге болатын қарым-қатынастағы отбасы жаңа қалаға көшіп келеді. Мінсіздік үлгісі болған оларға үлкен де, кіші де ұқсағысы келеді. Бірақ, олардың өмірі шынайы емес. Бар болғаны модель-отбасы, ал күнделікті тұтынатын тауарлары - брендтік өнімдер. Олар отбасы ролін ойнай жүріп, тауарға жарнама жасайды.
Фильмнің бірінші бөлімінде селф-маркетингтің нағыз үлгісі өте тапқырлықпен жеткізілген. Айтпақшы, «тәтті мұңға» беріліп жүрген романтиктер үшін де көктемнің қарсаңындағы тамаша фильм болмақ.
- Темекі шеккеніңіз үшін рахмет/Thank you for smoking/Здесь курят
2005 жылы түсіріліген Джейсон Райтманның комедиялық драмасы.
Басты кейіпкер - темекі шегуге үгіттейтін лоббист. Темекі өнімдерін шығаратын ірі компанияның пиар-агентінің негізгі қызметі- қоғамдағы темекіге қарсы көңіл-күйді теріс арнаға бұрып, шылым сатуға тыйым салып жүрген саясаткерлерге қарсы тұра білу. Олардың бұл әрекеттері іске асады да. Теледидардағы дебаттарда үлкен шеберлікпен темекіні шегуді бар болғаны күнделікті әдет қылып көрсетіп, кино әлеміндегі шылым бұрқырататындардың жаңа образын қалыптастырады.
Өткір әзіл мен тамаша сюжет темекіге қарсы жандардың өзін де еріксіз баурайтындығы сөзсіз.
Бонус: фильм пікірсайыс кезіндегі өз тұжырымдамаңды дәлелдеп шығу жолдарының нағыз үлгісін көрсетеді.
- Есі ауысқандар/Crazy people/Психованные
Paramount Pictures-дің 1990 жылы түсірген комедиясы.
Бәріміз білеміз, шындық пен жарнама бір-біріне жанаспайтын ұғым. Тіпті қарама-қайшы десе де болады. Бұлай болса, өз қызметінде, яғни жарнама кезінде тек шындықты айтатын Эмори Лисонды есі ауысқан демегенде басқаша қалай айтуға болады? Оның «шындықтарынан» жалыққан компания басшылығы қызметкерін емханаға жібереді. Ал «шынайылық әдісі» тиімділігін көрсетіп, жарнама жұмысы алға басқанда, қалайша оңбай қателескендерін түсініп, сандарын соғып, өкпелерін қолдарына алып, сауықтыру орталығына жеткенде «шыншыл қызметкер» өз бақытын тауып та қойған еді...
Фильмде табысты жарнама мәтінін қалай жазуға, қалай өнімді сатуға болатын көптеген мысалдар көрсетілген.
- Құйрық итті жұмсайды/Wag the Dog/Плутовство
1997 жылғы Роберт Де Ниро продюссерлік етіп, өзі де түскен комедиялық драма.
АҚШ-тың президенті тура сайлау алдында басы бәлеге қалады. Қоғамның назарын президенттің жатын бөлмесінен басқаға аудару үшін, Ақ үй төтенше жағдай бойынша маман Конрад Бринді шақырады. Ол танымал голливудтық продюсер Стенли Мотсаны серік етіп, енді кішігірімдеу келген, бірақ американдықтардың көзіне жас алғызып, мемлекет басшысын жаңа ерлікке жетелейтін... соғыс ұйымдастырады. Тек теледидардың ар жағында, жасыл фонның бер жағында. Актер мен режиссерлер бір ғимаратта жүріп-ақ соғыс жаңалықтарын жүргізеді.
Жалған ақпаратпен жұмыс істеуді үйрететін бірден-бір фильм.
- Бұрын соңды сатылған фильмдердің ең танымалы/The Greatest Movie ever sold/Величайший фильм из всех когда-либо проданных
Режиссер М.Сперлоктың 2011 жылғы документалды фильмі
Фильм осы туындыда көрсетілген брендтік өнімдердің қаржысына түсірілген. Басты кейіпкер барлық демеушілердің көңілінен шыға отырып, киноның идеясын соңына дейін сақтап қалудың жолын іздейді. Туындыдан көретіндеріңіз:
- Жарнамадағы ақшалар қалай жасалады?
- Сериал, фильм, тв-шоулар арқылы өнімді қалай танытуға болады?
- Мұның барлығын кім жасайды?
- Қанша тұрады?
- Тиімділігі қандай?
Сонай-ақ, жарнама жасау үшін ерекше ой айта білудің маңызы туралы көптеген мысал келтірілген.
- Қасиетті/Holy man/Святоша
1998 жыл. Америка. Эдди Мерфи
Бір кездері танымал болған «Дивандағы дүкен» шоуының жағдайы нашарлап бара жатыр. Көрермендер қызықсыз жарнамадан жалықты, рейтинг құлдырауда. Шоудың басшысы Рик Хэйменге тез арада мәселені шешу керек. Іске Джи қосылады. Түсініксіздеу көрінетін үгіт-насихатымен әлемді шарлап жүрген оның адамдарды айтқанына сендіре алатын қасиеті бар. Керегі де осы. Камера, мотор, эфирде – Джи және ең қызықты жарнамалар. Жарнама да мейірімді бола біледі. Әлде бар мәселе фильмде ме?
- 99 франк/99 Francs/99 франков
2007 жылы Францияда түсірілген комедия.
Октав –жарнама бизнесінің королі. Сіздің ертеңгі күні не қалайтыныңызды ол шешеді. Кез келген адам Октав үшін адам-кезекті өнім. Ол ақшаны уыстап жұмсайды, сылқым бикештерді құшағына қысады, тіпті нашаның да дәмін татып көреді. Бірақ шынайы махаббат пен кезекті жиналыс оның ұстанымдарын 180 градусқа өзгертеді. Жарнамалық роликті ол енді қаруына айналдырады. Өзі тудырған жүйеге қарсы күрес. Кім жеңеді? Оны фильмнің соңында білесіздер.
Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"