Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жұмыс табу: проблема неде?

Жұмыс табу: проблема неде?

Дипломы бар азамат жұмыс жоқ дейді. Жұмыс берушілер лайықты қызметкер жоқ деп шарқ ұрады. Парадокс жағдай еңбек нарығында да орын алады. Себебі түсінікті. Екі қолға бір күрек табылады деген Кеңес үкіметі кезінен қалған қағидаға сүйенсек, жұмыссыз жүру аса проблема емес. Дегенмен, нарық конвейрі мың сан жаңа мамандарды даярлап, жұмыссыздарды қолдан көбейтуде. Бұл арада екі қарама-қайшы пікір өрбиді. Жұмыс берушілер "қызметкер таппаймыз" деп қиналса, қара халық жұмыс іздеп жан ұшырып жүр. Бұл жағдайды елдегі www.enbek.kz сайтындағы мәліметтерге қарап та растауға болады. Қалай дегенмен де, елдегі жұмыссыздықты жоққа шығара алмаймыз. Сандармен сөйлетіп, статистикамен сендіріп көрейік.

Жұмыссыз жүргендер жатқа білетін "www.enbek.kz" сайтында қанша адамның түйіндеме толтырып, жұмыс іздегені айдан анық көрініп тұр. Мамандар өткен жылдың қорытындысын да әзірлеп қойған. Мәселен, 2018 жылдың ІІІ тоқсанында еңбек биржасында 255843 жұмыс орындарына 121557 түйіндеме тасталған. Жұмыс көздерінің көптігі жөнінен Шығыс Қазақстан облысы көш бастаса, Алматы облысының халқы жиі түйіндеме толтыратыны анықталған.

Ресми сайттың ақпараты шындыққа жанасатын шығар деген оймен зерттеп көрдік. Бірақ, еңбек биржасында бос орындар көп. Соған қарағанда қара халық жұмыстың көзі жоқ дегенді сылтау ететін секілді деген ой қылаң береді. Әйткенмен, сайтты қолданушы жұмыс берушілер жарнамасын лайықты қызметкер тапқанда алып тастамайды екен. Содан барып "жұмыс көп, қызметкер жоқ" деген екіұшты пікір қалыптасады. Қараңыз, осы жылдың ішінде білім беру саласында 39178 орын, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында 26 241 орын, құрылыс саласында 19067, өзге де қызмет түрлерінде 17 573, әкімшілік және қосалқы қызметтер көрсету саласындағы қызметтерінде 14392 жұмыс орындары бос екені жазылған. Демек, жинақтап қарасаңыз өткен жылдан бері Қазақстанда 116 451 жұмыс орындары мамандарын күтуде. Сайттың талдау бөліміне тереңірек бойлап қарасаңыз, тағы бір мәліметке кезігесіз. Сарапшы мамандар әр аймақтағы бос орындарды да жіктеп қойған. Ең көп жұмыс іздеуші аймаққа Нұр-сұлтан мен Қарағанды, Шымкент аймақтары кіреді. Мұнда 6000-ға жуық жұмыс орындарына маман керек. Мұнан кейінгі орында Шығыс Қазақстан мен Түркістан өңірлері кіреді. 5000-ға жуық жұмыс көзі бос. Ал, Алматы облысында 2836, Алматы қаласында 3767, Атырауда 3423, Ақмолада 3021, Ақтөбеде 2839, Батыс Қазақстан  аймағында 2902 жұмыс орындары қызметкер таппай қиналуда. Жамбылда  2598, Маңғыстауда 3209, Қостанайда  3874 жұмыс беруші бар.

Тізімге ілінген екі аймақ ең аз жұмыс орындарын сұраған. Солтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысында 1600-ден аса жұмыс көзі мамандарды қажет етіп отыр.Бұл еңбек биржасындағы статистикалық ақпарат.

Хош! Қазақстанда бос орындардың көптігі тағы бір проблеманың шетін шығарады. Пікір білдіруден талмайтын, айтқан сөзін дәлелмен жеткізетін сарапшылар елде еңбек нарығы ескерілмей жатып мамандықтар оқытыла беретінін ашық айтады. Бұл жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жеке оқу орындарының сұранысты ескермейтінін көрсетеді. Ресми мәліметке сүйенсек, елге дәл қазір автомобиль жүргізуші, қосалқы жұмысшы, күзетші, үй тазалаушы, құрылым монтажшысы, санитар, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, бухгалтер, тігінші, жүк тасушы, электрдәнекерлеуші, инженер-экологтар керек.

Ел сұранысының ескерілмеуі нақты мамандықтарда айқын сезіледі. Бір ғана Қызылорда өңірін алайық. 2018 жылдың ІІІ жартыжылдығындағы мәліметке көз салсақ, облыста 672 қажетті мамандық бар. Оның ішінде 168 тігінші, 70 әдіскер, 69 жеке күтуші, 63 автомобиль жүргізуші, 57 санитар, 55 шаштаразшы, 49 орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 48 такси жүргізуші, 47 инспектор, 46 көлік жуушы маманы қажет.  Енді есесіне, өңірде 628 мамандықтың қажеті жоқ. Олардың қатарында бастауыш сынып мұғалімдері, ғылыми қызметкер, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, техник-программист, медбике, тәрбие маманы, заңгер, биология пәнінің мұғалімі, экономистер бар. Аталған маман иелері үшін өңірде жұмыс табу қиын, себебі өңірдегі нарық дәл осы мамандарды қажетсіз етіп отыр.

Әр өңірдің өндірісі мен экономикасына қарай қажетті мамандарды даярлау тек соңғы жылдары ғана билік мінбелерінде айтыла бастады. Себебі алақан ысқылап отырған кәсіпкерлерге престиж мамандар керек емес. Техникалық және жұмысшы мамандардың аса қат кезеңі келгенде сұраныс көлемін университеттер енді ескере бастаған. Осы мәселені жақында депутат Жәмиля Нұрмамбетова көтеріп, мамандық беретін ҚР Білім  және ғылым министрі, жұмыс көзін реттейтін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі өз жұмыстарын толық атқарса жұмыссыздық мәселесі шешіледі дейді.

– Мәселен, ауылдық квотамен білім алған жастарды алайықшы, үш жылдың ішінде аталған квотамен 10 719 адам жоғары білім алып шықты. Алайда олардың тек 25%-ы ғана жұмысқа тұрды. ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 441 893 жұмыссыз адам бар. Олардың 30%-ы – жоғары білімі бар азаматтар. Ал 2017 жылда жұмыс берушілерде 26 мың бос жұмыс орны болды. Себебі үміткерлердің білімі сол вакансияларға сәйкес келмеді. Жұмыс бар, бірақ адамның алған білім келмейді. Мемлекеттік тапсырысты тиімді үйлестірмеуден осындай проблемалар туындайды, – деді Жәмиля Нұрмамбетова.

Депутат ділгір мәселені төтесінен қойып, жұмыссыз азаматтардың біразының жоғары білімі бар екенін жасырмады. Бұл нені білдіреді? Қазақстандағы 441 мыңға жуық адамның лайықты орнын таба алмай жүргені қайталама мамандықты оқып, нәпақа табудан қағылып отырғаны елдегі білім мен нарықтың байланыспай отырғаны көзге ұрып тұр.

Абай Тағыберген, "Азаматтық журналистика" жобасы

Похожие материалы