Теңге маусымда 3,6%-ға әлсіреді

маусымда
Фото: ic24.kz

Алматы. 25 шілде. 7kun.kz – 2018 жылғы маусымда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 330,73-341,31 теңге ауқымында өзгерді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.

2018 жылғы маусымның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 3,6%-ға әлсіреп (жыл басынан бастап әлсіреу 2,6%), бір АҚШ доллары үшін 341,08 теңге болды.

2018 жылғы маусымда KZT/USD валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі 16,9 млрд АҚШ доллары (бір айда 17,9%-ға ұлғаю), оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтардың көлемі – 3,0 млрд АҚШ доллары (бір айда 3,0%-ға төмендеу), биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 13,9 млрд АҚШ доллары (бір айда 23,7%-ға ұлғаю) болды. Бір еншілес банктің валюталық тәуекелдерден меншікті капиталды хеджирлеумен байланысты операцияларының көлемі өткен аймен салыстырғанда 10,5%-ға ұлғайып, 9,0 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте, олардың биржадан тыс сауда-саттықтардың жалпы көлемінен үлесі 65,1%-ды құрады (2018 жылғы мамырда 72,9%). Аталған операция ішкі валюта нарығындағы шетелдік валютаға сұраныс немесе ұсыныс көлеміне әсер етпейді.

2018 жылғы маусымда халық нетто-негізде 159,3 млрд теңгеге балама сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі 50,1% немесе 79,9 млрд теңге АҚШ долларын, 36,2% немесе 57,7 млрд. теңге Ресей рублін, 12,9% немесе 20,6 млрд. теңге еуро сатып алуға бағытталды. Өткен аймен салыстырғанда аталған шығыстар 30,8%-ға ұлғайды (АҚШ долларын сатып алуға шығыстар 2,4 есе ұлғайды, еуро мен Ресей рублін сатып алуға шығыстар тиісінше 21,3%-ға және 6,5%-ға азайды).