Туризм бойынша ең көп инвестиция Астанаға бөлінген

Астанаға
Фото: azernews.kz

Астана. 31 қазан. 7kun.kz — 2017 жылдың сегіз айында туризм  бойынша ең көп инвестиция Астанаға бөлінген. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.

2017 жылдың І жартыжылдығы қорытындысы бойынша Астанада қонақ үйлер, отельдер мен мейрамханалар саны 16%-ға көбейсе, қонақтарды күтуге дайын бөлмелер 15%-ға артқан. Сонымен қатар, қызмет көрсету көлемі бірден 23%-ға өскен.

Министрдің айтуынша, Астана қаласы қонақ үйлер, отельдер, және басқа да орындар санының өсуі бойынша алғашқы үштікке кірген.

Айта кетейік, ҚР Үкіметіне бекітуге енгізілген Астана қаласының 2020 жылға дейінгі туризмді дамыту жөніндегі жол картасы 24 іс-шарадан тұрады. Олардың ішінде ішкі және шетел туристерін тарту бойынша; инфрақұрылымды абаттандыру және туристік қызметтер сапасын жоғарылату бойынша; Астана қаласының жоғарғы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет объектілерінің өзін өзі өтеу мен пайдалану тиімділігін арттыру бойынша; медициналық туризмді дамыту бойынша; білім беру туризмі саласындағы іс-шаралар бар.

Дереккөзі: primeminister.kz