Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Алтын Орда» базары иелерінің текетіресі: Саудагерлер далада қалуы мүмкін

«Алтын Орда» базары иелерінің текетіресі: Саудагерлер далада қалуы мүмкін

Алматы. 26 сәуір. 7kun.kz – Саудагерлер салынып жатқан сауда кешенінен орын сатып алғанына қарамастан далада қалуы мүмкін, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Алтын Орда» базарының саудагерлері салынып жатқан жаңа сауда кешенінен сатып алған орындары өздеріне берілмей ме деп қауіптенеді. Оған себеп – базар басшылығының ауысуы. 2007 жылдан бері базарды басқарып келген «KURYLYS LTD» ЖШС базар ісін «Аltyn Orda QazTrade LTD» ЖШС арқылы келісімшарт негізінде жүргізіп келген. 2022 жылдың 20 сәуірінен бастап базардың жаңа басшылығы ауысқан.

«Алтын Орда» базарында 800-ден астам кәсіпкер Бішкектен келген қырғызстандық азаматтардың рейдерлік әрекетінен зардап шегіп отыр деген ақпарат тараған. Аталған мәселегерге базардың бұрынғы басшылық өкілі жауап берді:

 «21 сәуір күні құрылтайшымыз өзгерді. Біздің салып жатқан екінші павильонымыздан сауда орындарын сатып алған үлескерлер алаңдаулы. Жаңадан келген құрылтайшылар базардан орын сатып алған кәсіпкерлерге орын бермейтіндігін айтты», – деді «Алтын Орда» базары кооператив өкілі Дәулетжан Деменбаев.

Саудагерлердің сөзінше, 20 сәуір күні «Алтын Орданың» жаңа қожайыны Бішкектен келген қырғызстандық азаматтардың рейдерлік әрекеті арқылы бұрынғы басшылардан базарды тартып алған. Мұны базардың экс-әкімшілік өкілі де жоққа шығармады.

«Қазір біз ол жөнінде білмейміз… Бірақ олар ешқандай құжат көрсетпей, базарға келіп отырды. Барлық басшылық қызметті өздері жүргізіп жатыр. Біздің оған ешқандай қарсылығымыз жоқ. Бірақ, дегенмен біз бастаған жұмысымызды соңына жеткізіп, кәсіпкерлерге павильонның құрылысын толықтай аяқтап берсек деген ниеттеміз. Осы біздің нақты талабымыз», – дейді базардың бұрынғы әкімшілігінің өкілі.

Оның сөзінше, саудагерлер өздеріне тиеслі орындарды мамыр айында алуға тиіс болған. Базардың бұрынғы басшылығы павильонның құрылысына үлескерлердің 4 миллиард теңге қаражатын салған. Оның ішінде бір сауда орнын сатып алушыға 7 миллион теңгеден келген. 2020 жылдан бастап екі қабатты, 30 мың шаршы метрлік сауда орталығының құрылысы басталған. Қазір құрылыстың 95%-ы аяқталған.

«Біз (бұрынғы басшылық) былай айтқанда, далада қалып отырмыз. Ары қарай не болатындығын өзіміз де білмейміз. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге тиісті орындарын берсек. Бірақ бізге ондай мүмкіндік болмай тұр», – дейді Дәулетжан Кеменбаев.

Ал үлескерлер салынып жатқан жаңа сауда кешенінен өздеріне тиісті сауда орындарын ала алмау қаупін айтып, даурығуда. Олардың айтуынша, ешкім нақты ақпарат бермейді. Соның кесірінен халық та алаңдаулы.

«Арамызда сауда орындарын алу үшін толық төлем және жартылай төлем жасағандар бар. Бізге орындарымызды кім береді? Біреулер орындарды бермейді дейді. Жартылай төлем жасағандар қалғанын кімге төлейді? Бұрынғы басшыларға ма, әлде жаңа басшыларға ма? Ешкім білмейді», – дейді жаңа павильоннан орын сатып алған саудагер Зоя Әлімбетова.

Ал «Алтын Орда» базары жаңа әкімшілігінің өкілі Ермек Мархабаевтың сөзінше, саудагерлерге базардан орын берілмейді және рейдерлік әрекетпен базарды тартып алды деген пікір жалған.

«Мен базардағы жұмысымды бастағаныма бүгін төртінші күн. Осы уақыт ішінде ресми түрде 400-ден астам саудагерді қабылдадым. Олардың барлығына бірдей жауап берудемін, осы жаңа павильонда орын сатып алған саудагерлер толықтай өздеріне тиесілі сауда орындарын алады», – дейді Ермек Мархабаев.

Фотода Эрмек Маркабаев

«Алтын Орданың» жаңа әкімшілік өкілінің айтуынша, павильонның құрылысы бір жарым айдың ішінде аяқталып, толығымен қолданысқа беріледі.

Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында Сауда және интеграция министрлігі «Алтын Орда» базарының аумағы Болат Назарбаевтың «KURYLYS LTD» ЖШС-не тиесілі екенін хабарлады. Онда көптеген заңбұзушылықтар анықталған соң Данияр Әлпиев базардың жаңа иесі болып танылды. Ол осыдан бірнеше күн бұрын
президенттен жақын күндері «Алтын Орда» базарының аумағындағы қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерін құқық қорғау органдары арқылы тоқтатуын сұраған болатын.

«Алтын Орда» базары – еліміздің ең ірі сауда орындарының бірі. Жалпы ауданы 180 мың шаршы метрді құрайды. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ондағы орынды жалға алушылар саны 4540 адамға жетеді. Бүгінде базарға күніне 8 мыңға жуық адам келеді.

7kun.kz сайты алдағы уақытта «Алтын Орда» базарындағы дау-дамайдың қалай өрбійтіндігін бақылауда ұстайды.

Нұрқанат Атажан

Похожие материалы