БизнесКеңесші

Шағын бизнес бастағым келеді: не істеу керек?

Мемлекеттің тұрақты экономикалық дамуының бір негізі – шағын және орта бизнес. Мемлекет басшысы 2050 жылға қарай шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50%-ға жеткізу туралы міндет қойды. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың заңды тіркелуін, жұмыспен қамтуды арттыруға, өнім өндіруді жетілдіру, жұмыссыздықпен күрестің де негізі болмақ.

Статистика комитетінің ресми ақпаратына сүйсенсек, 2018 жылғы 1 қазанға жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілер саны өткен жылғы тиісті кезеңдегі сәйкес мерзіммен салыстырғанда 4,6%-ға өсті. ШОК субъектілерінің жалпы санында дара кәсіпкерлер үлесі 65%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 18,6%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 16,2%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2%-ды құрады.

Жеке кәсіппен айналысу – тәуелді болмай, өз ісіңді бақылаудың мүмкіндігі, бизнес-идеяны жүзеге асыра отырып табыс табудың жолы, өрлеу мен дамудың мотивациясы.

Өз кәсібімен айналысқысы келетін адамның көпшілігі «бизнесті қалай бастаймын?» деген сауалға жауап іздейді. Мұндайда бастапқы қадам  стандартты. 7kun.kz тағы да еске салады.

Бизнеспен айналысу үшін ең алдымен бағыт пен саланы айқындау керек. Бәсекелестер мен тұтынушыларды зерделеу, ұсыныс пен сұраныс деңгейін анықтау, инвестиция тарту, импортты алмастыру, экспортқа шығу мүмкіндігі секілді ауқымды жақтарын да қарастыру маңызды.

Саланы таңдай отырып, нарыққа қажеттілігін, табыстылығы мен тиімділігін, кәсіп бастауға қажетті қаражаттың көлемін анықтаған абзал. Болашақ кәсіпкерге бизнес жүргізудің негіздерін иегеру, қаржылық сауаттылық деңгейін  арттыру артық етпейді. «Атамекен», «Даму» және жеке бизнес тренерлер арнайы курстар жүргізеді. Мемлекеттік ұйымдар тегін, жеке бинес тренерлер ақылы оқыту арқылы көпшілікті кәсіпкерлікке баулып, нарықты зерттеуге, бизнес-идеяны анықтау, бизнес-жоспар жасауға үйретеді.

Жеке кәсіппен заң талаптарына сай, ашық, әділ айналысу үшін міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өту керек. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, дара кәсіпкер, заңды тұлға ретінде тіркеледі.

Мемлекеттік кіріс органы дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуден өткізеді. Бұл кезеңде кәсіпкер салық салудың ыңғайлы тәртібін таңдай алады: жалпыға бірдей белгіленген тәртіп, патент немесе оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі, тіркелген шегерудің қолданылуымен арнаулы салық режимі. Кәсіпкер тіркеуден өткеннен кейін салық заңнамасында бекітілген мерзім ішінде салық органына арнайы есеп тапсырады.  Мұндай тәртіптің барлығы да заңды, адал қызмет істеу үшін жасалған. Тіркеуден өтпей кәсіппен айнлысқан азаматтар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде көрсетілген ережеге сай әкімшілік жауапқа тартылады.

Кәсіп бастаудың жауапты кезеңі – бизнес-жоспар дайындау. Бұл бизнестің кезеңі мен қадамдарын айқындауға, кіріс-шығысты болжауға мүмкіндік беретін стратегия. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлерле аймақтық палаталары және сол палаталардың жанында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Осы орталықтар кәсіпкерлік қызметтегі көмекші. Маңызды құжатты әзірлеуге бағыт беріп қана қоймай, толықтай дайындауға, кәсіпті сүйемелдеуге көмектеседі.

Бизнеспен айналысуда нарықты сараптау, маркетингтік зерттеу, бизнес-жоспар дайындау, жарнама жасау кезеңдері – табыс пен пайданың алғышарты. Нарықты зерттеу, бәсекелестерді тану, іздену, жарнама, сапалы өнім мен қызмет ұсыну кәсіпкерлік жолында бір рет қана жасалмайды, әрдайым қайталанатын, жаңаратын, жаңғыратын іс. Бұл даму жолында атқарылатын үздіксіз процесс.

Tags

Осы айдарда

Close