Қазақстан азаматы Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қырғыз Республикасынан экстрадицияланды.
Ол 2022-2024 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында банктер мен азаматтардың 1,8 млрд теңгеден астам қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер азаматтардың атына қайтарылмайтыны алдын ала белгілі автонесиелер рәсімдеп, сатып алынған көліктерді сатып жіберген. Сондай-ақ Қырғызстаннан әкелінгендей етіп жалған тіркелген, іс жүзінде жоқ көліктерге үшінші тұлғалардың атына несие рәсімдеген.
Заңсыз әрекеттер салдарынан екі банк пен 77 адамға жалпы 1,8 млрд теңгеден астам шығын келген. Қылмыстық топтың екі мүшесінің ісі сотқа жолданса, іздеуде жүрген үшінші күдікті Қырғызстанда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.
Қазір ол тергеу изоляторына қамалды. Күдіктіге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.





