Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік
Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысының ашылуы кезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. 

«Қазір бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпалын тигізуде. Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды», деді Президент. 
Жаңа Конституцияның қабылдануын тарихи оқиға деп бағалаған Президент Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілетінін атап өтті.

«Біз осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық болашаққа нық сеніммен аяқ бастық. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті біз бәріміз біртұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр», - деді Мемлекет басшысы. 
 
Мемлекет басышысы сөзінде AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгергенін, күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылып, нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтетінін айтты.

Ұқсас материалдар