Әлемнің бизнес және саяси элитасы Дональд Трамп сияқты популистер күшейтіп жіберген жаһандануға қарсы реакциямен күрес әдістері бойынша жаңа консенусқа келген сияқты. «Жаһандану бәріне пайда әкеледі» дейтін сенімді пайымдаулар келмеске кеткен, қазір элита «жаһанданудан жеңетіндер де, жеңілетіндер де бар» дегенді мойындай бастады. Бірақ, дұрысы – жаһандануды тоқтату не кері кетіру емес, жеңілгендердің тиісті өтемақы алатынына көз жеткізу.
Жаңа консенсусты Нуриэль Рубини жеткізді. Оның айтуынша, жаһандануға қарсы реакцияны «жұмысшыларға қосымша шығындарының өтемін беру арқылы тоқтатуға және басқаруға болады». Яғни, «осындай саясатты жүзеге асырғанда ғана жеңілгендер ақыр соңында жеңгендердің санатына қосыламыз деп үміттене алады».
Бұл пікір экономикалық әрі саяси тұрғыдан үлкен мәнге ие. Сауданы либералдандыру елдің жалпы экономикалық табысын арттырғанымен, табысты қайта үлестіруге және кейбір топтардың мүлде жеңілуіне алып келетінін экономистер бұрыннан біледі. Сондықтан сауда шарттары елдің әл-ауқатын тек жеңгендер жеңілгендердің өтемін қайтаратын деңгейде ғана көтереді. Сонымен қоса, өтемақы кеңірек аймақтардың саудаға араласуына және саясаттың жақсаруына әсер етеді.
Бақуатты елдер қалыптасқанға дейін ашықтық пен қайта үлестірудің арасындағы текетірес жұмысшылардың жаппай эмиграцияға кетуі немесе сауда протекционизмі (әсіресе ауыл шаруашылығында) арқылы шешіліп отыратын. Бай елдер көбейген соң міндетті шектеулер азайды, бұл сауданы либералдандыра түсті. Бүгінгі халықаралық экономикаға ең көп кіріккен елдер – қауіпсіздік торлары мен сақтандыру бағдарламалары бар бақуатты елдер. Еуропадағы зерттеулер көрсеткеніндей, елдер арасында көбіне әлеуметтік бағдарламаларды белсенді түрде жүргізіп, еңбек нарығына интервенция жасаушылар - жаһанданудан зардап шеккендер екен.
Еуропада саудаға қарсылардың саяси үні сонша қатты шықпай тұрғанының бір себебі, соңғы жылдары бәсеңсігеніне қарамастан, оларда әлеуметтік қорғау әлі де өте күшті. Бақуатты ел мен ашық экономика ХХ ғасырдың өн бойында тиынның екі беті іспетті алмасып отырды десек, артық айтқандық емес.
Еуропаның көп елімен салыстырғанда АҚШ – жаһандануға кеш келген мемлекет. Осы кезге дейін ауқымды ішкі нарығы мен салыстырмалы географиялық оқшаулығы оны әсіресе жалақысы төмен елдерден ағылатын импорттар қорғап келді. Ол, сондай-ақ бақуатты мемлекет болмады.
АҚШ 1980-жылдардың аяғында Мексика, Қытай және басқа да дамушы елдерден келетін импортқа қақпасын ашқанда, жұрт оны Еуропаның соқпағына түсті деп ойлады. Рейганшылардың және нарықшыл-фундаменталистердің бастауымен АҚШ кері бағытта жүрді. Экономикалық саясат институтының президенті Лэрри Мишель айтқандай, «жеңілгендерді әдейі көзге ілмейтін болды». 1981 жылы «Рейган алғаш болып сауданы реттеуге көмек (ТАА) бағдарламасына шүйлігіп, апта сайынғы өтемақы төлемдерін қысқартты».
Одан кейін келген демократиялық партия басқарған әкімшіліктер кезінде де шығын арта берді. Мишельдің сөзімен айтсақ, «егер еркін сауданы қолдаушылар шынымен жұмысшы табын ойлайтын болса, олар толық жұмыс істеу, ұжымдық саудаласу, жоғары еңбек стандарттары, төменгі жалақыны көтеру сияқты жалақының өсуіне жәрдемдесетін саясаттың барлығын қолдаған болар еді». Осының барлығы «жалақысы төмен елдермен сауданы арттырған «сұмдыққа» дейін орындалуы керек болатын».
Қазір АҚШ бағытын бұрып, көпшілік мойындаған жаңа ойдың жетегіне ере ме? 2007 жылы саясаттанушы Кен Шев пен экономист Мэтт Слотер АҚШ-та «табысты біршама қайта үлестіруге әсер ететін жаңа әлемдік экономикаға» алып баратын «Жаһандану жолындағы жаңа Келісім-шарт» жасауды ұсынды. Олар бұл АҚШ-та әлдеқайда прогрессивті федералдық салық жүйесін енгізуге апарады деп санады.
Слотер президент Джордж У. Буш басқарған республикалық партия әкімшілігінде қызмет істеді. АҚШ-тағы саяси көзқарастардың соншалық алшақтағанының бір белгісі – қазір республикалық партияның ішінде мұндай ұсыныстар шығатынын көзге елестету мүмкін емес. Трамп пен оның конгресстегі одақтастарының бұрынғы президент Барак Обаманың медициналық сақтандыру бағдарламасын көгендеу шарасы әлеуметтік қорғауды кеңейту емес, қысқартуға бағытталғанын көрсетеді.
Жаһанданудан жеңілгендерге өтемақы беру жөніндегі бүгінгі консенсустың мәні – жеңімпаздар «жеңілгендерден қайта сатып алу экономикалық ашықтықты қалыптастыру үшін өте маңызды» деп шабыттанады. Трамптың президент болуы балама перспективаға жол ашты: қазіргі түрдегі жаһандану саяси билік таразысын ашықтықтан пайда таба алатын қабілеті мен активтері бар адамдарға қарай басып, жеңілгендердің ықпалын біршама азайтып жіберді. Трамптың әрекеттері көрсеткеніндей, жаһандануға наразы жұрттың ықпалын басқа арнаға, көбіне элитаның мүдделеріне қарай, бұрып жіберуге болады.
Өтемақы саясаты үнемі экономистер айтатын «уақыт жағынан сәйкессіздікке» алып келеді. Жаңа саясат, яғни сауда келісімі қабылданғанша бенефициарлар өтемақы жөнінде уәде бере береді. Саясат жүзеге аса бастағанда кері жүру тым қымбатқа соғатындықтан, немесе күштің арасалмағы өздеріне қарай ойыса бастағандықтан, олардың бұл жолмен жүруге қызығушылығы болмай қалады.
Өтемақының уақыты келіп, өтіп кетті. Өтемақы беру осыдан жиырма жыл бұрын тиімді әдіс болғанымен, қазір ол жаһанданудың жағымсыз әсерлерін жоя алатындай мәнге ие емес. Жеңілгендерді ойлайтын болсақ, онда біз жаһанданудың өзінің ережелерін қайта қарауымыз керек.
Автор туралы: Дэни Родрик, Гарвард университеті Джон Кеннеди Басқару мектебінің Халықаралық саяси экономика профессоры және «Экономикалық саясат: күңгірт саясаттың жақсы және жаман жақтары» кітабының авторы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024