Экономикалық шындық көптеген британдықтардың үміттерінің жалғандығын көрсетіп жатыр. Бір жыл бұрын, біршама адам Еуропалық Одақтан Ұлыбританияның шығуына дауыс берген кезде, олар танымал баспасөз құралдары, және шығып кету науқанын қолдаған саясаткерлердің, Брексит олардың өмір сүру деңгейін төмендетпейді деген уәделеріне сеніп қалған еді. Шынында да, осы бір жыл ішінде, олар тұрмыстық борышты өсіре отырып, сол деңгейді сақтап қалған.
Тұрмыстық тұтыным өсуі экономиканы ынталандырғандықтан бұл үрдіс біраз уақыт нәтиже әкеліп отырды. Бірақ Ұлыбритания экономикасы үшін ақиқат сәті тез жақындап келеді. Англия Банкінің жариялаған соңғы деректері бойынша, Ұлыбританияда жалақы өсуі инфляциямен ілесе алмай жатыр, сондықтан нақты ақшалай табыстар құлай бастады.
Бұл үрдіс алдағы айларда жалғасын табатындай көрінеді, және үй шаруашылықтары көп ұзамай олардың өмір сүру деңгейінің төмендеп жатқанын түсініп, қаражат жарату әдеттерін реттеуге мәжбүр болады. Оған қоса, олар қарыздарының тым өскенін ұғынып, ақша жұмсауларын азайтады, ал бұл экономиканы осыған дейін қолдап келген тұрмыстық тұтынудың да азаюына апарады.
Брексит Ұлыбритания мен Еуроодақ үшін де зиянды
Сонымен қатар, Англия Банкі орташа үй шаруашылығы жасаған қатені қайталап жасады: ол инфляция әсерін жете бағаламады және қазір циклдік түрде пайыздық мөлшерлемелерді көтеру арқылы оны қуып жетуге тырысатын болады. Бұл жоғары мөлшерлемелер тұрмыстық қарызды төлеуді тіптен қиындатып тастайды.
Британдықтар барлық тұрақсыз экономикалық үрдістерді сипаттайтын бетбұрысты сәтке тез жақындап келеді. Мен бұл сәтті «рефлексивтік» деп қарастырамын, яғни ол себеп пен салдар екеуі бірін-бірі қалыптастыратын кез болып табылады.
Экономикалық шындық саяси шындықпен нығайтылып тұр. Брексит Ұлыбритания мен Еуроодақ үшін де зиянды, екі жақ та жеңіліске жететін жағдай екені рас. Брексит референдумын қайтару мүмкін емес, бірақ адамдар өз пікірлерін әлі де өзгерте алады.
Шамасы, осылай болып жатқан шығар. Премьер-Министр Тереза Мэйдің кезектен тыс сайлау өткізу арқылы келіссөздердегі өз позициясын нығайту әрекеті сәтсіз болды: ол парламенттік көпшілігін жоғалтты және асылып тұрған парламентке апарды (бірде-бір партия көпшілікке ие болмаған жағдай).
Мэй жеңілісіне әсер еткен маңызды фактор
Мэй жеңілісінің негізгі себебі: егде адамдардың өздеріне берілген әлеуметтік көмектің елеулі бөлігін өз қалтасынан төлесін деген ұсынысы болды, ал бұл әдетте олар бүкіл өмірін сүрген үйлерінің құны. Бұл «деменция салығы» деген атаумен кеңінен танымал болған төлем, Мэйдің консервативтік партиясының негізін құрайтын егде адамдарды қатты ренжітті. Олардың көбі дауыс бермей қойды, немесе басқа партияларды қолдады.
Жастардың сайлауға қатысуының өсуі де Мэй жеңілісіне әсер еткен маңызды фактор болды. Олардың көпшілігі наразылық танытып, лейбористерге дауыс берді, бірақ мұндай шешімнің себебі олардың лейбористер көшбасшысы Джереми Корбинді қолдауы (ол сайлау науқаны кезінде күтпеген әсерлі нәтижелерге қол жеткізсе де) немесе кәсіподаққа қосылу ниетінде емес.
Британия жастарының бірыңғай нарыққа қатысты көзқарасы Мэй және «қатты» Брекситті жақтағандардың пікіріне мүлдем қарама-қайшы. Жас адамдар Ұлыбритания немесе Еуропадағы басқа жерде болсын жалақысы жоғары жұмыс табуға ұмтылуда. Бұл ретте, олардың мүдделері осы жұмыстардың көбі табылатын Лондон Сити мүддесіне сәйкес келеді.
Брекситті аяқтау үшін кем дегенде тағы бес жыл қажет
Мэйдің билікте қалғысы келсе, ол Брексит келіссөздеріне деген көзқарасын өзгертуі керек. Ал оның мұндай өзгеріске дайын екендігінің белгілері де бар.
Мэй 19 маусымда басталатын келіссөздерді келісімді қолдау рухында бастаса, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ЕО-мен ымыраға келіп, барлық қажетті заңды жұмыстарды іске асыру үшін керек уақыт ішінде бірыңғай нарық мүшесі ретінде жұмыс жасауын жалғастыруға мүмкіндік ала алады. Бұл ЕО үшін өте жақсы болар еді, себебі Британияның шығып кетуі ЕО бюджетінде үлкен бір тесік жасайтын зұлымды күнді кейінге қалдырар еді. Бұл екі жақ үшін де ұтымды болар еді.
Тек осы жолмен жүре отырып, Мэй, Парламентті, Брексит келіссөздері аяқталып, Ұлыбритания одақтан шығып кеткен кезде болуы керек барлық қажетті заңдарды қабылдауға көндіре алады. Оның Ольстердегі Демократиялық Юнионистер партиясымен ақылсыз құрған альянсынан бас тартып, және Брекситтің жұмсақ нұсқасын қолдаған Шотландиядағы Торилер жағына шығуы қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ, оның өткен аптадағы, кем дегенде 30 адам, және мүмкін одан да көбі қаза тапқан Лондонның Кенсингтон ауданындағы Гренфел-Тауэрдегі өртке қатысты Тори кінәсін де ақтауы қажет болады.
Мэй осындай жолды таңдаса, ол азшылықты басқарып-ақ, билік етуін жалғастыра алады, себебі ешкім оның орнында болғысы келмейді. Брекситті аяқтау үшін кем дегенде тағы бес жыл қажет және бұл уақыт ішінде әлі жаңа сайлаулар да орын алуы мүмкін. Бәрі жақсы болса, онда екі тарап ажырасып кетпестен бұрын, қайта некеге тұруы да мүмкін.
Автор туралы: Джордж Сорос – Soros Fund Management пен «Ашық қоғам» қорларының төрағасы, «Еуропа одағының қасіреті: ыдырау немесе қайта жандану ма?» деген кітаптың авторы.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024