НЬЮ-ЙОРК – Беларустық белгілі журналист Павел Шеремет 2016 жылғы 20 шілдеде Киевтегі жұмыс орнына - «Вести» радиостудиясына бара жатқанда ол мінген «Субару» көлігі жол қиылысында жарылды. Жақын маңдағы терезелер сынып, құстар қырылып қалды. 44 жастағы Шеремет сол арада тіл тартпай кетті, ал Украина Бас прокуратурасы жарылыстың бомбадан болғанын бірден растады. Арада бір жыл өтсе де Шереметтің өлімінің ақиқаты ашылмады.
Бұл кездейсоқ теракт болса, мен жұмыс істейтін Журналистерді қорғау ұйымы (CPJ) оны тергеумен және Украина үкіметінен толық ақпарат сұраумен бір жыл уақытын өткізбес еді. П.Шеремет – алдымен туған жері Беларуста, одан соң – Ресейде, кейіннен Украинада журналист болып жұмыс істеп, ашықтық пен демократия үшін жан-тәнімен күрескен адам болатын. Оның ажалының шындығы ашылмайынша, өзі өмір бойы іздеген ақиқат оның өлімімен бірге сағымға айналып кете бармақ.
Ақпарат құралына цензура қоюдың ең ауыр түрі – журналисті өлтіру. Бір журналист өлтірілсе, басқалары тартынып жазып, өздерін шектей бастайды. Егер Еуропа одағына мүше болуға ұмтылып отырған Украина сияқты елдер кісі өлтірушілерді сотқа тарта алмаса, оның демократия мен заң үстемдігі принциптеріне адалмыз деген мәлімдемесіне күмән түсе бастайды.
Шереметтің ісіне қатысты жалпы жағдай мынадай. Соңғы бір жыл ішінде Украина басшылары көп уәде бергенімен, ешкімді тұтқындаған да, күдіктілерді анықтаған да жоқ, журналисті өлтірудің дәлелді себептерін де келтірмеді. Киевте болған бір апта ішінде CPJ өкілдерінің байқағаны – қылмыскерлердің ұзақ уақыт жазасыз қалуы ақпарат құралдарының жемқорлық, билікті асыра пайдалану, Шығыс Украинадағы конфликт сияқты шетін мәселелерді еркін жазу мүмкіндігін азайтып жіберген.
Шынымен, Шеремет өлтірілгеннен кейінгі бір жыл ішінде Украинадағы сөз бостандығына қауіп күшейді. Айғақтама журналистикамен айналысатындар патриот емес деп санала бастады, Шеремет сияқты ресми биіктің саясатын сынайтын журналистерге қауіп төніп, қудаланды, бақылауға алынды.
Украина басшылары Шереметтің ісін тергеп жатырмыз деп айтудан танбай келеді. CPJ-дың факт жинап жүрген делегациясымен 11 шілдеде кездескен президент Петр Порошенко Шереметті өлтірген(дер)ді жазаға тартуға құлықты екенін айтты. Порошенко тіпті тергеуге жан бітіру үшін тергеу ісіне халықаралық әріптестерді де қосу керек деді.
Бірақ бұл ізгі ниет тым кеш айтылды, бірнеше ай бойғы қателіктер халықтың сенімін тым азайтып жіберген еді.
Жоғары лауазымды шенеуніктердің, соның ішінде Украинаның Ішкі істер министрі Арсен Аваковтың жаңсақ мәлімдемелері тергеуге деген сенімге селкеу түсірді. Шереметтің өліміне Ресейдің қатысы бар деп мәлімдеген Аваков бұл істің ақ-қарасын ашу қиын болады деді. Алайда, CPJ тобымен кездесулер кезінде тергеу топтарының өкілдері Аваковтың тергеу материалдарымен толық таныспағанын және оның сөзіне дәлел жоқтығын айтты. Бұған қоса бізге тергеушілердің бірнеше мотивті қарастырып жатқанын, бірақ ол варианттардың бірде-бірін әлі толық қуаттамағанын айтты. Онда неге Аваков еш дәлелсіз долбарларға сүйеніп, қарама-қайшы мәлімдемелер жасап жүр?
Полицияның тергеуді сылбыр жүргізуі туралы әңгімелер, соның ішінде басты куәгерлерден сұрау алмауы, бақылау камераларының таспаларын тексермеуі, оқиға болардан бір күн бұрын ол жерге ішкі қауіпсіздік офицерінің неге барғанын түсіндіре алмауы бізді сескентеді. Украинадағы белді тәуелсіз веб-сайт – «Украинская правданың» бас редакторы CPJ тобымен сұхбат кезінде оқиға болардың алдындағы бір ай ішінде Шеремет пен оның азаматтық некедегі зайыбы, веб-сайттың негізін қалаушылардың бірі – Алена Притуланы әлдекімдердің аңдығанын айтты. Бұған қоса, редакция мүшелерін аса шетін тақырыптар туралы жазбаңдап деп қорқытқандар болған. Әзірге Украина басшылығы бұл айыптаулардың тексеріліп жатқан-жатпағаны туралы тұщымды ештеңе айтпады.
Осы олқылықтарды, кейбір жайттардың түсіндірілмегенін бірге қарастырар болсақ, Украина жүргізіп жатқан тергеудің заңдылығы мен толыққандылығына күмән пайда болады. Егер Порошенко шынымен Шеремет қазасының ақиқатын ашқысы келсе, онда өзгеріс керек. Украина басшылығы нақты иерархия құрып, істің ашылуына жауапты адамды белгілеуі тиіс. Оның үстіне Порошенко тергеуге көбірек ресурс бөлуді жұрт алдында жариялап, журналистерге шабуыл жасау әрекеттерін қатаң сынауы керек. Және ең қиыны – кейбіреулер айтып жүргендей, дәлелдер ресми тұлғалар мен үкімет құрылымдарының қатысын анықтаған жағдайда біржақтылыққа ұрынбас үшін тергеу тәсілін өзгерту қажет.
Президенттің іске қайта араласа бастағанына қарамастан, біз Украина үкіметінің бұл мәселені ықыласпен қарайтынына көз жеткізе алмай отырмыз. Сондықтан сырттан да қысым қажет. Еуропа одағының мұндай қысым көрсететін қауқары бар. Украинаны терең саяси және экономикалық байланыс орнатуға лайықты дара әріптес деп таңдап отырған Еуроодақтың қолында Киевті жауапкершілікке шақыратындай тетіктер бар. 2014 жылы одақ құқық және азаматтық қоғам сияқты басты салаларды дамыту үшін Украинаға 12,8 миллиард еуро (15 миллиард доллар) бөлуге уәде еткен. Шеремет ісін аша алмаса, Украинаның осы екі салада да кері кететіні анық.
Шеремет соңғы жиырма жылда бұрынғы Совет одағының үш елінен хабар дайындап, жемқорлықты аяусыз әшкерелеумен болды. Осы табандылығы үшін Журналистерді қорғау комитеті 1998 жылы оған «Халықаралық сөз бостандығы» сыйлығын берді. Бірақ Беларуста оны қорқытып, түрмеге қамап, ұрып-соғып, ақырында Беларус азаматтығынан айырды. Шереметтің харизмасын, сөз тапқыштығын, ерекше оптимистігін бағалайтын достары да, ымыраға бармайтын бірбеткейлігін ұнатпайтын қастары да көп болды.
Еркінірек жұмыс істеуге болатын, қауіпсіз жер табам ба деп Павел Шеремет осыдан бес жыл бұрын Украинаға қоныс аударған еді. Шереметтің кейінгі отаны – Украинада баспасөзге шабуыл толастамай тұрғанда және оның өз өлімі де ашылмай тұрғанда оның Украинаға артқан сенімі бекер болды ма деп ойлайсың.
Автор туралы: Нина Огнянова – Журналистерді қорғау комитетінің Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының үйлестірушісі. Ол Журналистерді қорғау комитетінің арнайы есебіне материал жинау үшін Киевке келіп, Украина үкіметінің Павел Шереметтің қазасын қалай тергеп жатқанын зерттеген.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024