«Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» газеттері жекешелендіріледі
26 мамыр, 2016
Алматы. 26 мамыр. 7kun.kz - Жекешелендірудің екінші толқынында аясында Алматыда биыл 20 мекеме сатылады. Олардың қатарында спорт сарайлары, медициналық мекемелер, тазалық кәсіпорындары мен қалалық екі газет те бар. Бұл туралы "Алматы" телеарнасы хабарлады. Қалалық қаржы басқармасының мәліметінше, саудаға шығарылған кәсіпорындардың көпшілігінің шығыны көп. Тізімде «Алматыметроқұрылыс», «Алматы тазалық», қалалық шаруашылық басқармасы және «Алматыжарнама» сияқты коммуналдық мекемелер де бар. «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» газеттері де жекешелендірілетін кәсіпорындар санатында. Жалпы Алматы қаласы бойынша 26 мекеме жекешелендіріледі. Жиырмасы биылғы аукционда бақ сынайды. Қалған 6 мекеме үш-үштен 2017-2018 жылдары саудаға шығарылады. Айта кетейік, жекешелендіруге қатысты талаптар жеңілдетілген.«Биылғы жекешелендірудің талабы жеңілдетілді. Сатып алушыға тек қана аталған кәсіпорынды сақтау туралы міндет қойылады. Былтырғы міндет пен талаптар саны көп болатын. Аукцион үш бөлімнен тұрады. Бірінші, кәсіпорынның алғашқы сомасы ұсынылады. Болмаса бағасы 50 пайызға дейін төмендетіледі. Үшінші бөлімде арнайы бағалау комиссиясы мекеменің құнын қайта қарайды», - деді Алматы қаласы қаржы басқармасы басшысының орынбасары Мейірзат ҚАЛИЕВ.Қаржы басқармасы мамандарының пікірінше, жекешелендіру науқанының басты мақсаты - экономикалық дағдарыс кезінде үкімет үшін шығыны көп кәсіпорындардан арылу. Оған қоса, саудаға шығарылған әлеуметтік мекемелерді кәсіптік мекемеге айнадыру."Алматы" телеарнасы