Алматы. 10 ақпан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 6-10 наурыз аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.
Дүйсенбі, 6 наурыз яғни апта басын доллар курсы 314 теңге деген бағаммен бастады. Қазақстан қор биржасындағы сауда сессиясында 1 доллар 314,29 теңге деген курсқа тең болды. Ал ақша айырбастау орындарында америкалық валюта 316 теңгеден сатылды.
Ұлттық экономика министрлігі тауар бағасының өсу себебін түсіндірді. "Бағаның өзгеруіне әсер ететін фактордың бірі — қоймада сақтау қызметінің өсуі. Транспорт шығындары мен жанар-жағармайдың өсуі де ықпал етеді", - деді ұлттық экономика баспасөз хатшысы Самал Ибраева. Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы жыл басынан бері 2%-ға өсті. Басқаларға қарағанда сиыр еті мен қой еті, көкөністерден картоп, пияз және қырыққабат бағасы жоғарылады.
Bloomberg агенттігі әлемнің ең бай 500 адамының тізімін жариялады. Tізімнің басында Microsoft-тың негізін қалаған Билл Гейтс (85,6 млрд доллар), екінші орында — америкалық бизнесмен Уоррен Баффет (78,9 млрд доллар), үшінші орында — Amazon басшысы Джефф Безос (73,5 млрд доллар) тұр. Бұдан бөлек, алғашқы ондықта испаниялық Inditex компаниясының негізін қалаушы Амансио Ортега (69,3 млрд), Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг (59,1 млрд), мексикалық бизнесмен Карлос Слим (53 млрд), Koch Industries басшылары Чарльз және Дэвид Кох (48,1 млрд әрқайсысында).
Сейсенбі, 7 наурызда Қазақстандық әуекомпанияларға Транссібір бағыттары арқылы ұшуға рұқсат етілді. Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан мен Ресей әуе компаниялары арасында келісім жасалған. Енді қазақстандық компаниялар Ұлан Батыр мен Токио сияқты қалаларға жол ашатын Транссібір бағытын пайдалана алады. Бұған қоса, қазақстандық тасымалдаушылар Астана-Байқоңыр және «Алматы-Байқоңыр» бағыттары бойынша күнделікті рейстерді жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Finprom.kz сараптама агенттігі қазақстандық өндірушілер бағаның өсуін «тоқтата алмай» жатыр деп жазды. ТМД елдеріне сатылатын қазақстандық өнімдер ең көп қымбаттаған тауарлар ретінде тіркелді. Олар өткен жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 2017 жылдың екі айында 39,4 пайызға қымбаттаған.
Ұлттық банктің қайта қаржыландыру бағдарламасы 1 сәуірде аяқталады. Ұлттық банк хабарлауынша, 2015 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 36,5 млн теңгеден аспайтын қарызы бар ипотекалық борыш иелеріне көмек көрсетіледі. 2017 жылдың 1 наурызында банктерге ипотеканы қаржыландыруға 27 099 өтініш берілді, оның ішінде 20 473 өтінішке көмек беру туралы шешім қабылданды. Еліміздің басты банкінің атап өтуінше, сол адамдарға көмек үшін берілген қаржыны игеру уақыты 2017 жылдың 1 сәуірінде аяқталады. Дегенмен бұл мерзімнен кейін де ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру мүмкіндігі бар.
Бейсенбі, 9 наурызда Ұлттық банк БЖЗҚ қаржысының қайда жұмсалғаны туралы түсіндірді. Реттеуіштің БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңестің сұрауына жауап берген хабарламада жазылғандай қаржы квазимемлекеттік сектордағы 4 ұлттық компанияға бөлінген. БЖЗҚ-дан алынған қаржының қайтарылатындығына «Лизинг ҚДБ» холдингі уәде берді. Зейнетақы қорының жұмсалуы туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.
Енді ХҚКО-дағы құжаттардың дайын болғанын смс арқылы білуге болады. Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспановтың жазуынша, өтініштердің орындалғанын арнайы смс сізге ескертіп отырады, құжаттарыңыз уақытынан бұрын дайын болса да арнайы хабарлайды. Сондай-ақ, смс арқылы қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызметкерлердің жұмыс сапасын бағалай алады.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұғалімдердің жалақысын көтеруді қолға алуға уәде берді. «Педагогтардың жалақысы тым төмен екендігімен келісемін. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. 2017 жылғы бюджетте педагогтардың жалақысын көтере аламыз деп үміттенемін», — деді ол. Оның сөзінше, алдағы жылдары Қазақстан үшін балабақша, мектеп пен жоғары оқу орындарына қосымша 200 мың педагог қажет болады.
Жұма, 10 наурызда еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанның еңбек нарығы, болашақта жойылып кетуі мүмкін мамандықтар туралы түсіндірді. Оның сөзінше, еліміздегі жоғалып кетуі мүмкін мамандықтардың бірі — көміршілер. «Бүгін-ертең (көмір өндірісі — ред.) жоғалып кетеді деп айта алмаймын. Бірақ 20 жыл ішінде бұл сұрақ шешілуі керек. Сондықтан көмір саласына қатысты барлық мамандық бойынша жұмыс бастауымыз керек», — деп түсіндірді Дүйсенова. Еске салайық, 2016 жылдағы статистика бойынша елімізде 331 мың адам жұмысынан кеткен. Бір жыл ішінде жұмыссыз қазақстандықтар саны 8 пайызға артты.
Сарапшылар еліміздегі жанармай бағасына қатысты болжамдармен бөлісті. Мұнай және газ саласының сарапшысы, экономист Сергей Смирновтың айтуынша, ақпан айында бензин екі рет өсті, наурыз айында тағы бір баға өсімі тіркелді, біздің бағалар Ресейдікімен теңелгенше осылай жалғаса береді. "Тұтынушылардың наразылығын тудырмас үшін жанармай бағасын осылай біртіндеп өсіреді", — дейді сарапшы.
Апта соңын доллар 317 теңге деген бағаммен аяқтады. Қазақстанның қор биржасында доллардың орташа бағамы 317,56 теңгені құрады. Ақша айырбастау орындарында америкалық валюта 319 теңгеден сатылды.