Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Аптаның қаржы қорытындысы

Аптаның қаржы қорытындысы

Әр апта сайын еліміздің қаржы саласында маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті қаржы жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 8-12 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 8 ақпанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозит бойынша өтемақы төлеуге байланысты келісімдер қабылдауды бастады. Банкте 1 млн теңгеден астам қаржысы бар салымшыларына өтемақы төленеді. Салымшыларға берілетін жалпы сома 171,9 млрд теңгені құрайды. Қазақстанның мұнай компаниялары бюджеттерін қысқарта бастады. Энергетика министрі Владимир Школьниктің сөзінше, биылғы жылы еліміздегі мұнай өндірісі 77 млн тоннаға дейін төмендетіледі. Бұл көлемді Қашаған кен орны іске қосылғаннан кейін толтыру жоспарланып отыр. Сейсенбі, 9 ақпанда Қазақстан қор биржасының төрағасы болып Алина Алдамберген Өтемісқызы сайланды. Әр жылдары  А.Ө. Алдамберген KASE Директорлар кеңесінің құрамында болған  және тәуелсіз директор қызметін де атқарған. Осыған дейін бұл қызметте Елжан Біртанов отырған еді.

Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 879,4 млн долларға төмендеді. Таза шетел валютасындағы активтер 1 278,7 млн долларға азайып, алтындағы активтер бағаның 4,8%-ға өсуі және жүргізілген операциялар нәтижесінде 403,1 млн долларға ұлғайды.

Сәрсенбі, 10 ақпанда теңгеге қатысты америкалық валюта курсы 360, 13 теңгені құрады.  3 күн қатарынан доллар бағамы айтарлықтай өзгеріс көрсетпей, осы деңгейінде сақталып қалды. 

Астанада мемлекет басшысының басқаруымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.  Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы бойынша, дағдарысқа қарсы қосымша қаржы бөлінеді. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін 360 млрд теңге, жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына 53 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ Президент бұйрығы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЗЖҚ) 1,5 триллион теңгесі инвестицияға бағытталатындығы хабарланды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, 1 триллион 450 миллиард теңге көлеміндегі шетелдік валютаға айналдырылып, қаржы айналымға жіберіледі. Бейсенбі, 11 ақпанда ҚР Парламенті Вьетнаммен еркін сауда жүргізу  туралы заң жобасын қабылдады. Өзара келісім аясында Қазақстаннан алкоголь өнімдері экспортталады. Осыдан бөлек ұн мен қара металлдар тасымалданады. Ал Вьетнамнан бізге ұялы телефондар мен компьютерлер, спорт киімдері, аяқ киімдер келеді. Ұлттық экономика министрлігі 2015 жылы дағдарысқа байланысты Қазақстан салықтан 231,8 млрд теңгені ала алған жоқ деп хабарлады. Ведомство мәліметіне сәйкес, 2015 жылы мұнайшылар тарапынан қазынаға 2,3 трлн теңге түскен. Ал 2013 жылы бюджетке 3,9 трлн теңге түссе, 2014 жылы табыс 4,2 трлн теңгені құрады. Шілде айында Қазақстанға АҚШ сауда министрінің орынбасары Брюс Андрюс келетіндігі белгілі болды. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Кролдың хабарлауынша, америкалық бизнес өкілдері Қазақстанда бизнес жүргізуге қызығушылық танытып отыр. Жұма, 12 ақпанда доллардың орташа бағамы 368,43 теңгеге дейін көтерілді. Ақша айырбастау орындарында доллардың 12 ақпандағы максималды курсы 370 теңге деп белгіленген. ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев онлайн-конференция өткізіп, интернет қолданушыларының сұрақтарына жауап берді. Банк төрағасының сөзінше, Ұлттық банктің тәуелсіздігі мемлекеттік биліктің араласуына қарамастан, ақша-несие саясатына байланысты анықталады. Сондай-ақ ол теңге курсына қатысты да мәлімдеме жасап, алдағы бағамға туралы нақты болжам жоқ екендігін хабарлады. Кристин Лагард Халықаралық валюта қорының басшысы болып қайта сайланды. Ол сайлауда жеңіп шығып, 5 жыл мерзімде ХВҚ-ның басшылығында қалды. ХВҚ басшылығына дәстүрлі түрде еуропалық азамат тағайындалады.

Похожие материалы