«Қазақстан» РТРК» АҚ мемлекеттік қаражатты тиімді жұмсау мақсатында «Қазақстан-Семей» телеарнасын «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының құрамына қосу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы корпорацияның баспасөз баяндамасында хабарланды.
"Семей қаласының тұрғындар саны 339 мыңнан астам адамға жететінін және олардың басым бөлігі «Қазақстан-Семей» телеарнасының аудиториясын құрайтынын ескере отырып, телеарнаның материалдық-техникалық базасындағы танымал бағдарламаларды «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының хабар тарату кестесіне қосу арқылы сақтап қала отырып, Семейде кеңейтілген тілшілер қосынын құру туралы шешім қабылданды", - делінген баспасөз баяндамасында.
Қазіргі уақытта Семей қалалық телеарнасының жаңа жағдайдағы өндіріс көлемін анықтау мақсатында корпорация қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның қорытындысы бойынша штаттық құрамы шамамен 30 бірліктен тұратын жаңа штаттық кесте қалыптастырылмақ. Семей қаласының филиалында қызметінен босатылған барлық қызметкерлерге корпорацияның өндірістік құрылымдарында, атап айтқанда Астана, Алматы қалаларындағы және басқа да облыстық филиалдардағы бос қызмет вакансиялары басымдық негізде ұсынылатын болады.
Сонымен қатар, «Қазақстан-Семей» телеарнасының қаржылық қызметінің шығыны басым екендігін, атап айтқанда 158,5 млн теңгені құрайтын жылдық жалпы шығынның құрылымы төмендегідей екенін атап өткен жөн:
- жарнама қызметі есебінен түсетін коммерциялық кіріс «Қазақстан-Семей» филиалының жалпы кіріс сомасының 11% құрайды;
- жергілікті бюджеттен кіріс сомасы 19% құрайды;
- қалған шығын мемлекеттік бюджет есебінен дотацияланады.