Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін заңдастыру жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселелері бойынша Қостанай облысында ҚР Парламенті Сенатының көшпелі отырысы өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, Жол картасын іске асыру үш бағыт бойынша жүргізіледі. «Алдымен, халықтың жұмыс статусын нақтылау шаралары қолға алынды.
Жыл басынан бері мемлекеттік органдардың дерек қорындағы 2,7 млн азаматтың жұмыс статусы анықталмаған. Бүгінде 607 мың адамның статусы нақтыланды. Оның ішінде 193 мың жұмыскер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аударды.
Сондай-ақ, 12 мың кәсіпкер өздерінің қызметтерін тіркесе, 36 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылды. Екінші бағыт халықтың жұмыспен қамтылуын заңдастыру бойынша жүреді. Сондай-ақ, өңірлерден құрылған штабтар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды нәтижелі жұмысқа орналастыру бағытында жұмыс істейді», - деді вице-министр. Ресми статистика бойынша елімізде 400 мыңнан астам жұмыссыз бар.
Нұржан Әлтаевтың сөзінше, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыссыз деп есептеуге болмайды. «Жалпы, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жұмыссыздар қатарына жатқызылады деген теріс түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде бұлай емес. Олардың көбі - өздерін-өздері жұмыспен қамтыған, бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналысатын жағдайы жақсы адамдар. Бірақ, әрине, олардың ішінде де тұрақты табысы жоқ адамдар бар. Мұндай топты тиімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деуге болады», - деді Н.Әлтаев.