Экономика
Медиа
Балаларға арналған медиа-мектеп ашылды
Алматыда 8-12 жас аралығындағы балаларға арналған медиа-мектеп ашылды.
Жоба авторы, журналист Ләззат Оңғар мектепті бизнес көзі ретінде емес, балалардың шығармашылығын дамыту үшін аштым дейді.
"Балаларды шығармашылыққа тарту, түрлі әдеби бәйгелер өткізу сияқты жоспарларым көп. Бұл уақытпен жолға қойылатын ауқымды жұмыс. Бизнес ретінде бұл пайда көзі емес. Ата -ананы өз идеяма сендіру оңай болады деп ойламаймын. Сол жағынан алғанда бұл әлеуметтік жобаға жақындау", - деді жоба авторы.
Жобаның басты мақсаты - балаларды әдеби кітап оқуға, әдемі сөйлеуге, көркем сауатты жаза білуге, көшбасшы болуға, камера алдында, радио таспасынан сөйлеуге, күнделік жазуға үйрету. Сонымен бірге, медиа-мектеп балалар арасында еліміздің мәдениет, әдебиет, өнер саласында жүрген кәсіби мамандармен кездесулер ұйымдастырады.
Балалардың қабілеттілігін арттыру үшін әрбір күнге арналған жеке жұмыс жоспары бар және сабақта атқарылған жұмыстардың нәтижесі
сайтта, әлеуметтік желілерде (ата-ананың келісімімен) жарияланады.
Сонымен бірге, Ләззат Оңғар медиа-мектеп арқылы балалардың компьютерге деген тәуелділігін жойып, назарды кітапқа аудартқысы келетінін жеткізді.
"Бар арманым, компьютердің құлына айналып бара жатқан балаларымыздың назарын кітапқа аударсам деймін. Тек медиа-мектеп қатысушыларын ғана емес, қолымнан келсе, сайт арқылы өңірлердегі балдырғандарымызға да шығармашылық шабыт, жол сілтегім келеді", - деді ол.
Мектеп туралы толық ақпаратты media-school.kz сайтынан алуға болады.