Әлем үкіметтері үлкен сын-қатердің алдында тұр. Соңғы жылдары халықаралық мигранттар саны күрт өсіп, 2015 жылы 244 миллион адамға жетті, яғни 2000 жылмен салыстырғанда 41 пайызға өскен. Соның ішінде 20 миллион босқын гуманитарлық апаттың алдын алып, қабылдаушы елдердің жылдам әрі жауаптылықпен қабылдауына мұқтаж болып отыр. Босқындардың ең көп нөпірі барған елдерге логистиканың ауыр салмағы түсіп тұр.
2015 жылы 1,1 миллион адамды қабылдаған Германия бұл салмақтың қаншалық ауыр екенін жақсы түсінеді. Бірақ Германия әлі мойыған жоқ. Керісінше батпан жүкті көтере біліп, үкімет, бизнес, азаматтық қоғам және мемлекеттер арасында тұрақты әріптестік орната отырып, босқындар мен оларды қабылдаушы елдердің мұқтаждықтарын оңтайлы жолмен өтеуге болатынын дәлелдеп берді.
Жетістікке жету үшін әр ел босқындардың қажеттіліктерін тиімді түрде өтеу жолында мүмкіндігі, ресурстары мен құрылымдарының бар екенін көз жеткізуі керек. Босқындар шығатын елдер мен баратын елдер арасында басқару мен үйлестіру ұтымды болса, үкіметтер, бизнес өкілдері, үкіметтік емес және жәрдем көрсетуші ұйымдар міндетті түрде кездесетін қиындықтарды оңай жеңе алады. Сонымен бірге қабылдаушы елдер босқындарға қажеттіні беру кезінде болатын басты қиындықтарға сол босқындардың өздерінің көзімен қарауы керек.
Бағымызға қарай, қажетті ынтымақтастық пен ынта-жігер артып келеді. Германияда отырып байқағаным – көптеген бизнес ұйымдары гуманитарлық және логистикалық проблемаларды шешу мүмкіндігін қалт жібермей, босқындардың өмірлерін қайта құруға мүмкіндік беретін қызметтерді ұсынып, инфрақұрылым, технология, денсаулық сақтау, қайта даярлау, білім беру сияқты жұмыстардың шығынын бөлісіп жатыр.
Мәселен, 100-ге тарта бизнес мекемелері, соның ішінде есімі белгілі компаниялар жаңа келгендерді интеграциялауға көмектесетін Wir Zusammen (Біз біргеміз) бастамасына бірікті. Бүгінге дейін осы бастама аясында 1800 босқын жұмыс орындарында өндірістік тәжірибеден, 300 адам оқу тәжірибесінен өтті.
Мен басқаратын PwC Germany фирмасы жаңа келіп, қатты қиындыққа тап болған босқындарға он апталық тілдік және өндірістік курстарды тегін ұсынады. Босқындардың көбі баспана беру туралы шешім қабылданғанға дейін, яғни үш ай бойы жұмысқа тұра алмайды, қоғаммен интеграциялану бағдарламаларына да көп қатыспайды. Біз көтерген осы бастаманың және осы тақылеттес басқа идеялардың арқасында босқындар аса қажетті біліктілікке ие болып, еңбек нарығына кіруге дайындалады, мұның сыртында олардың кәсіби мүмкіндіктеріне ресми түрде баға беріледі. Мұндай бастамалар тек босқындарға емес, бизнес құрылымдарына және соңында Германия экономикасына көмектеседі.
Тілдік кедергілер мен интеграциялық процестің бас кезіндегі мәдени ерекшеліктерден жасқанбайтын компаниялар құлшыныстары мықты, білім-білігі жоғары адамдарды даярлап, жұмысқа алу мүмкіндігіне ие болады. Біліктілігі жоғары мамандарға зәру компаниялар үшін бұл – таптырмас олжа. Өндіріс, денсаулық сақтау және ауруларды күту сияқты салалар еңбек нарығындағы өсімнен ерекше пайда көретін тәрізді.
Босқындарды орналастыруға тырысып жатқан басқа елдер үшін Германияның тәжірибесі жақсы үлгі бола алады. Босқындардың сапарын төрт кезеңге бөліп қарастыру – ең пайдалы әрі қазір қолдануға болатын қажетті тәжірибе деуге болады.
Транзиттік кезең. Босқын соғыстың немесе экономикалық мүмкіндік болмауының кесірінен тіршілік шатқаяқтаған елден қашып шықты, бірақ баратын еліне әлі жеткен жоқ. Бұл – ең қауіпті кезең, бұл кезде босқындарға қорған болар ештеңе жоқ. Олар тек кездейсоқ жағдаяттарға ғана емес, контрабандашыларға, адам ұрлаушыларға, сондай-ақ олардың әлсіздігін пайдаланғысы келетін басқа да қылмыстық топтарға тәуелді.
Көшіп келу кезеңі. Уақытша баспана мен көмек алған босқындар аз да болса қорған табады. Бұл кезеңде олар осы елде тіркеуге тұрып, өздері қалаған елге баспана беру туралы өтініш тапсыра алады.
Қорғау, орналастыру және интеграция. Өздері таңдаған елге келіп, баспана туралы өтініштерінің жауабын күтіп жатқан босқындар қорғауға алынып, оларға көмек көрсетіледі. Егер өтініштері қанағаттандырылса, онда оларға үй беріліп, жұмыс және оқу бағдарламалары арқылы қоғамға интеграциялау басталады. Дәл осы кезде бизнес өкілдері үлкен көмек көрсете алады. Меніңше, нақты жұмыс тәжірибесінен өткізіп, кәсіби мүмкіндіктер берілсе, интеграциялау жұмыстары өте сәтті жүреді.
Еліне қайтару кезеңі. Егер баспана беру туралы өтініші қанағаттандырылмаса, онда босқын өз еліне қайтуы керек. Ұзақ мерзім тұрғысынан қарасақ, босқындардың отанындағы жағдай өзгеріп, адам өміріне қауіп азайса, онда тіпті баспана алғандардың өздері де кері қайтуы мүмкін.
Осы кезеңдердің әрқайсысында икемділік пен ресурс қажет болады. Германиядан көргеніміздей, бизнес ұлттық және жергілікті үкіметтерді қолдауда үлкен рөл ойнауы мүмкін, сол арқылы олар босқындарға, өздеріне және жалпы экономикаға көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда босқындар дағдарысы – өте үлкен мүмкіндік. Босқындардың және өзіміздің мүддеміз үшін бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алмауымыз керек.
Норберт Винкельджохан - PwC Germany компаниясының аға әріптесі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024