Экономика
Выбор редактора
Екі рейстің құны немесе үздік ондықтан банкроттыққа дейін
Осыдан бір жыл бұрын Украинаның оңтүстік-шығысында Malaysia Airlines әуе компанияның ұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 298 адам түгелімен қайтыс болды. Қайғылы жағдай аймақтағы украиналық әскері мен өз-өзін жеке ел деп жариялаған Донецк халықтық республикасы арасындағы қақтығыстардың шиеленіскен шағында орын алды. Халықаралық қауымдастықтың араласуымен ұшақтың апатына кінәлілерді анықтауға тырысып жатқанымен, екі жақ бір-бірін кінәлаудан аса алмай келеді.
Ал осы апаттан 3 ай бұрын 8 наурызда бортындағы 239 адамымен Boeing 777-200 ұшағы із-түссіз жоғалып кетті. Әуе көлігі мен жолаушылардың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Жарты жыл ішіндегі апатқа ұшыраған Malaysia Airlines әуекомпаниясына тиесілі еді. Осы жағдайлардан кейін әлемдегі ең үздік 10 әуе компания тізіміне кіретін малайзиялықтардың мақтанышы өз-өзін банкоттыққа ұшырағаны туралы жариялауға дейін барды.
Malaysia Airlines — Малайзияның ұлттық мемлекеттік тасымалдаушысы. Оның штаб-пәтері Селенгор штатында орналасқан, транзитті хабы Куала-Лумпурде. Компания әлемнің 6 құрлығына коммерциялық тасымалдаулар жүргізеді.
Донецк облысында «Боинг-777» лайнерінің құлауы әуе компания
тарихындағы 5-апат болды. 1977 жылы 4 желтоқсанда Пенангадан Сингапурге ұшып бара жатқан лайнерді террористер басып алған еді. Ұшақ төмендеп бара жатқанда 2 ұшқышты атып тастап, нәтижесінде 100 адам қайтыс болды. Ал 2014 жылдың 8 наурызында тұтас лайнердің жоғалып кетуі ең ірі апат деп танылды.
Осыдан кейін әуе компанияның акциялары 10 наурыздағы сауда кезінде 20 пайызға арзандады. Ал Донецк түбінде болған апат әлемдік биржа көрсеткіштеріне әсер етіп, қор индекстері күрт төмендеді. Азия биржасындағы көрсеткіштер 0,8 пайызға дейін құлдырады. Ал Malaysia Airlines-тың акциясының өзі Куала-Лумпурдағы саудада
18 пайызға дейін төмендеді. Соңғы уақыттары да шығын көріп жүрген компания 2 бірдей лайнерінен айырылғанна кейін тіпті нашарлай түсті.
Endau Analytics консалтинг фирмасының есептеуінше, MH370 және MH17 рейстерінің апатынан кейін әуекомпания күн сайын
1-2 млн доллар жоғалтып отырған. Соңғы 3 жылда Malaysia Airlines-тың жалпы шығыны
1,3 млрд долларды құрайды.
Экономикалық шығындар мұнымен аяқталған жоқ. Апаттардан кейінгі жарты жылда 200-ге жуық қызметкер өз еркімен жұмысынан кеткен. Көпшілігі жолсеріктер. Қызметкерлер кәсіподағының өкілі Абдул Малек Ариффтың сөзінше, "көбі ұшудан қорқып қалған". Кейбір экипаж мүшелері жұмысынан кетуіне отбасы мүшелері талап етіп отырғандарын мойындады. Қызметінен кеткендермен психологтар жұмыс істеуге кірісті.
Дағдарыстан шығу жолдары
Malaysia Airlines әуе компаниясы
қайта құрылымдау жүргізетіндігін мәлімдеді. Қайта құрылымдау жоспарын мемлекеттік Khazanah Nasional Bhd. инвестициялық қоры ұсынды. Ұйым әуе компания акцияларының 69,4 пайызын иеленеді.
Bloomberg сілтеме жасаған дереккөздердің айтуынша, тасымалдаушы
жекешелендіріледі немесе оның
банкроттығы туралы жарияланады. Бұған компанияның қаржылық проблемалары себеп болған. Соңғы 9 айда Malaysia Airlines-тың нарықтық құны 40 пайызға төмендеген.
2014 жылдың тамызында Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак әуе компанияны
мемлекеттендіретіндігін жариялады. Оның айтуынша, бұл қадам ұлттық компанияның тиімділігін арттыра түсуі қажет.
2015 жылдың 1 маусымында Malaysia Airlines
техникалық банкроттық туралы хабарлады. Компания басшылығының сөзінше, қаржылық проблемалар 2008 жылдан басталған. Боинг-777 жоғалып, Донецк түбінде апатқа ұшырағаннан кейін әуе тасымалдаушысына
137 млн доллар шығын келген.
Кәсіпорынның басшылығы 1 жыл бұрын жариялаған қайта құрылымдау туралы жоспар арқылы 3 жіл ішінде компания өзінің статусын қайта қайтаруы қажет деген жоспарларымен таныстырды. Тасымалдаушы
ребрендинг жүргізіп, бинесті бірнеше бағыт бойынша жалғастыруды жоспарлап отыр. Жекелей алғанда, жолаушылар және жүк тасымалы, қызмет түрлері, жазғы құрам, диспетчерлер мен инженерлер дайындығы дамытылатын болады. Осы арада компания персоналды
қысқартатындығы жөніндегі жоспарларын да атап өтті. Олардың сөзінше, кадрлық өзгерістер мен қысқартулар
14 мың адамды қамтиды. Жалпы компанияда 19,5 мың адам жұмыс істейді.
Кім қалай "қайғырады"?
Жарты жылда болған екі ірі апат тек сансыз шығындар әкеліп қана қойған жоқ. Мүмкіндігі келгенше мұны пайдаға асыруға да тырысты. Интернет-алаяқтар «Боинг-777» апаты туралы тақырыпты Facebook және Twitter-де
спам тарату үшін пайдаланған.
Мысалы, Faсebook-те қайтыс болған жолаушылардың бірі Лайаму Суиниге арналған парақша пайда болады. Аты-жөні мен суреті жарияланған парақшадағы тек "MH17 рейсінің Украина көгінде апатқа ұшырауы видеокамераға түсіріліп алынды" деген сілтеме тұрады. Ал оны бассаңыз, порнография сайтынан бір-ақ шығасыз. Кейінірек Facebook парақшаны өшіріп тастап, тұтынушыларды күдікті деп тапқан белсенділіктер туралы хабарлап отыруға шақырды.
Twitter-де де апат туралы көптеген твиттердің спамдық сілтемелер екендігі анықталған. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы құрастырушы TrendMicro вице-президенті Рик Фергюсонның сөзінше, мұндай хабарламалар жарнама алаңдарының түсімін арттыруды немесе іздеу оптимазициясын ұлғайтуды көздейді.
Украинадағы апат
Flightradar24 қосымшасының дамуына да түрткі болды. Ұшақтардың рейсін бақылап отыратын қосымшаны алғашында тек авиация саласындағы энтузиастар мен кәсіпкерлер пайдаланса, қайғылы оқиғадан кейін АҚШ, Германия, Нидерландыдағы Apple App Store-да қосымша ең танымал қызмет түрінің қатарына кірген. Компания сайтының
трафигі 50 есе өсіп, тек қажеттілерінің қолжетімділігін қолдап отыру үшін кейбір сервистерді өшіруге мәжбүр болды.
Агенттіктің мәлімдеуінше, қосымшаға қызығушылықтың көбеюіне апат туралы
ақпараттың жеткіліксіздігі себеп болған.
Өлім алдындағы соңғы істер тізімі
Апаттың салдары тіпті абсурдты жағдайға дейін әкеліп соқтырды. Malaysia Airlines әуекомпаниясының өзінің клиенттерін
My Ultimate Bucket List (Өлмей тұрып орындағым келетін жұмыстары тізімі) конкурсына қатысуға шақырды. Қатысушылар өлгенге дейін қандай істер атқарып кеткісі келетіндіктер туралы жазуы қажет.
Әуе компания акциясына 2014 жылы ресми сайт арқылы билет алған Австралия мен Жаңа Зеландияның кәмелеттік жасқа толған тұрғындары қатыса алады. Сыйлық ретінде оларға Малайзияға қатынайтын рейске арналған билет және планшеттер тарату уәде етілді.
Конкурс желі қолданушылар арасында негативті реакция тудырды. "Мен былай айтар едім. Malaysia Airlines-пен ұшу менің соңғы істерімнің тізіміне кірмейді", - деп жазды олардың бірі. Австраиялық БАҚ акцияны
"компанияның ең нашар маркетингі" деп атады. Өз кезегінде Malaysia Airlines сайттан конкурсты атауын алып тастап, "өмірдегі ең басты істер тізімі" деп өзгертті.
Еске салайық, осыдан бір жыл бұрын Malaysia Airlines-тың
MH17 рейсіндегі ұшағы апатқа ұшырап, 298 адам қайтыс болды. Әзірге лайнердің апатқа ұшырауын анықтайтын тергеу баяу жүріп жатыр,
халықаралық комиссия қорытынды баяндаманы тек қазанда жариялаймыз деп хабарлады. Малайзия, Бельгия, Нидерланды, Австралия және Украина
трибунал құруды талап етсе, Ресей бұған сенімсіздікпен қарап отыр. Апат орын алғалы 1 жыл өтті, бірақ жауапқа қарағанда сұрақтар әлі көп.
Дайындаған Ақсәуле Әбітай "7"