Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Инфляция-2026: инфографика нені жасырып тұр?

Инфляция-2026: инфографика нені жасырып тұр?

EconomyKZ.org порталында жарияланған «Top 20 / Bottom 20 Inflation, 2026» инфографикасы мен оған негізделген мақалада инфляцияның жаһандық мәселе ретіндегі маңызы төмендеп бара жатқаны айтылған. Алайда экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауржан Шурманов бұл тұжырымның қазіргі халықаралық бағалауларға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, инфографикада көрсетілген көптеген көрсеткіштер Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) және жетекші халықаралық ұйымдардың өзекті консенсус-болжамдарынан айтарлықтай ерекшеленеді.

Ең алдымен, инфографика дамыған елдерде инфляция іс жүзінде толық бақылауға алынғандай әсер қалдырады. Алайда халықаралық ұйымдардың болжамдары мүлдем басқа көріністі көрсетеді. Мысалы, Жапония бойынша инфографикада инфляция 0,3% деңгейінде берілсе, ХВҚ болжамы 2,2%-ды құрайды. АҚШ үшін 2,2% көрсетілгенімен, нақты болжам 3,2%-ға жетеді. Германия, Италия және Нидерланд сияқты Еуропа елдері бойынша да ұқсас айырмашылықтар байқалады.

Сонымен қатар жоғары инфляциялы елдерге қатысты мәліметтер де күмән тудырады. Бұл жағдайда көрсеткіштер айтарлықтай асыра көрсетілген. Мысалы, Зимбабве бойынша инфляция 250% деп көрсетілсе, халықаралық болжамдар оны шамамен 8% деңгейінде бағалайды. Аргентина бойынша көрсеткіш 130% деп берілгенімен, күтілетін инфляция деңгейі 30,4%-ды құрайды. Пәкістан, Эфиопия және Гана бойынша да осындай айырмашылықтар бар.

Бауржан Шурмановтың пікірінше, мұндай алшақтықтардың негізгі себебі – ескірген деректердің қолданылуы. Оның айтуынша, инфографикадағы көрсеткіштер 2023–2024 жылдардағы инфляциялық күтулерге жақын болуы мүмкін. Ол кезеңде әлемдік экономика пандемиядан кейінгі және геосаяси факторлардан туындаған күшті инфляциялық қысым жағдайында болған.

Бүгінде әлемдік экономикалық ахуал өзгергенімен, инфляция қаупі толық жойылған жоқ. Керісінше, Таяу Шығыстағы шиеленістер, мұнай мен газ бағасының өсуі, логистикалық тәуекелдер және шикізат нарықтарындағы құбылмалылық инфляцияға қатысты болжамдарды қайта қарауға мәжбүр етуде.

Бұл әсіресе қақтығыстардың салдарын тікелей сезініп отырған мемлекеттерде анық байқалады. Мысалы, Иран бойынша инфографикада 35% көрсетілсе, ХВҚ бағалауы 68,9%-ды құрайды. Судан бойынша нақты болжам 75,1%, ал инфографикада 40% ғана көрсетілген. Венесуэлада айырмашылық одан да жоғары – 180% қарсы 387,4%.

Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда «инфляция енді тек жекелеген елдердің мәселесі» деген қорытынды жасауға негіз жоқ. Әлемдік экономикада баға тұрақтылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр және көптеген мемлекеттердің экономикалық саясатына тікелей әсер етуде.

Бауржан Шурманов экономикалық тақырыптарды жариялайтын ақпараттық ресурстарға деректердің сапасы мен өзектілігіне ерекше назар аударуға шақырды.

«Экономикалық талдауда пайдаланылатын әрбір көрсеткіш нақты әрі тексерілген болуы тиіс. Егер ақпарат ресми халықаралық болжамдардан бірнеше есе айырмашылық көрсетсе, ол қоғамды дұрыс ақпараттандырмайды. Керісінше, жалған көрініс қалыптастырып, қате шешімдер мен жаңсақ пікірлерге себеп болуы мүмкін», – деді ол.

Сарапшының пікірінше, инфляцияға қатысты талқылаулар нақты деректерге негізделуі тиіс. Өйткені бүгінгі таңда инфляция әлемдік экономиканың күн тәртібінен түскен жоқ, керісінше қайтадан негізгі тақырыптардың біріне айналып келеді.

Ұқсас материалдар