Енді депутаттарға Құрылтай мінберін жеке өтініштер мен құттықтаулар үшін пайдалануға тыйым салынады. Депутаттық әдеп нормаларын бұзғандарға көпшілік алдында кешірім сұраудан бастап, сөз сөйлеу құқығын уақытша шектеуге дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін. Құрылтай депутаттары кеше өздерінің мінез-құлқына қатысты талаптарды да айқындайтын жаңа регламентті бекітті.
Құжат 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады. Оны қабылдауға 139 депутат дауыс беріп, бір депутат қалыс қалды.
Жаңа регламенттегі маңызды өзгерістердің бірі депутаттардың сөз сөйлеу тәртібіне қатысты. Енді Құрылтай отырыстарын, фракциялар мен жұмыс органдарының жиындарын депутаттық өкілеттікке қатысы жоқ құттықтаулар, жеке мәлімдемелер немесе басқа да үндеулер үшін пайдалануға болмайды. Айта кетейік, Мәжілістің соңғы шақырылым депутаттарының бірі анасын туған күнімен құттықтап, қоғамдық пікірталас тудырған еді. Өйткені бұрынғы Мәжіліс регламентінде мұндай өтініштерге тікелей тыйым салынбаған.
Депутат Жанарбек Әшімжанның жазуынша бұл құжат жерден жонып, аспаннан ойып алынған жоқ, Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының бұрын қолданыста болған регламенттері негізге алынған.
«Регламент – Құрылтай қызметін ұйымдастыруды айқындайтын кешенді де негізгі құжат. Заң шығарушы органның бүкіл қызметі, Құрылтай депутаттарының жұмысы осы құжат арқылы реттеледі. Құрылтай Регламенті Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының нормаларына және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес әзірленді», - деп жазды депутат.
Жалған немесе тексерілмеген мәлімет үшін жауапкершілік қарастырылған
Регламент депутаттардың сөзінің мазмұнына ғана емес, оны айту формасына да талап қояды.
Сөз сөйлеп тұрған адамға негізсіз ескерту жасау, қорлайтын пікір айту, өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін мәлімдемелер депутаттық әдепті бұзу ретінде бағалануы мүмкін.
Сонымен бірге депутаттар көпшілік алдында сөйлегенде және БАҚ өкілдеріне пікір бергенде тексерілген әрі шынайы ақпаратқа сүйенуге тиіс. Расталмаған деректерді тарату да депутаттық әдеп мәселесін қарауға негіз болуы мүмкін. Бұл талаптар депутаттардың тек Құрылтай ғимаратындағы емес, одан тыс жердегі мінез-құлқына да қатысты.
Депутаттарға қатысты шағымдарды Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды. Оған азаматтар да, ұйымдар да жүгіне алады. Тәртіп бұзудың ауырлығына қарай депутатқа сөгіс жариялау, көпшілік алдында кешірім сұрату, белгілі бір уақытқа отырыстарда сөз беру құқығынан айыру немесе бір не бірнеше отырыстан шығару секілді шаралар қолданылуы мүмкін. Қаржылық санкциялардың ең қатаңы — бір күндік жалақысынан айыру. Аса ауыр тәртіп бұзушылық болған жағдайда депутаттық мандат мәселесі де қаралуы мүмкін. Алайда мұндай шешім тиісті рәсімдер сақтала отырып, партия тарапынан қабылданады.
Заң жобалары үш оқылымнан өтеді
Жаңа регламент Құрылтайдағы заң шығару жұмысының тәртібін де егжей-тегжейлі белгілейді.
Жалпы ереже бойынша заң жобалары үш оқылымнан өтеді. Бірінші оқылымда депутаттар құжаттың тұжырымдамасын, мақсатын және ықтимал салдарын талқылайды. Екінші оқылым нақты түзетулерді қарауға арналады.
Үшінші кезеңде заң жобасы негізінен құқықтық және редакциялық тұрғыда пысықталады. Бұл кезеңде бұған дейін мақұлданған заң жобасының мазмұнын түбегейлі өзгертетін түзетулер енгізуге болмайды.
Ал халықаралық шарттарды ратификациялау және денонсациялау мәселелері екі оқылымда қаралады.
Құрылтайдың кезекті сессиялары қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өтеді. Пленарлық отырыстарды негізінен сәрсенбі және бейсенбі күндері, парламенттік тыңдауларды жұмада, ал үкіметтік сағаттарды дүйсенбіде өткізу жоспарланған. Отырыстың заңды өтуі үшін депутаттардың кемінде үштен екісі қатысуы қажет.
Үкімет депутаттық сауалға бір ай ішінде жауап береді
Регламент парламенттік бақылаудың негізгі тетіктерін де бекітеді. Олардың қатарында депутаттық сауалдар мен сұрақтар, парламенттік тыңдаулар, үкіметтік сағаттар, Премьер-министрдің баяндамасы және Үкімет мүшелерінің есептері бар.
Депутаттық сауалға жауап бір ай ішінде берілуге тиіс. Депутат қажет болған жағдайда лауазымды тұлғадан жауапты Құрылтай отырысында жеке жария етуді талап ете алады. Бұдан кейін парламентарийлер қосымша сұрақтар қойып, жауапты талқылай алады.
Құжатта парламенттік оппозицияның құқықтары да жеке қарастырылған. Ең көп мандат алған партия парламенттік көпшілік болып есептеледі. Ал Құрылтайда өкілдігі бар басқа саяси күштер оппозиция құра алады.
Оппозицияға әр сессияда кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық ету, сондай-ақ кемінде екі рет үкіметтік сағаттың күн тәртібін өз бетінше айқындау құқығы беріледі. Бұдан бөлек, оппозиция өкілдері тұрақты комитеттердің басшылық құрамына кіре алады.
Осылайша, жаңа регламент заң қабылдау рәсімін, парламенттік бақылау тетіктерін және депутаттардың көпшілік алдындағы мінез-құлқына қойылатын талаптарды нақтылап отыр.





