Жаңалықтар
Президент тоғызқұмалақ шеберлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын құттықтап, үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты жиында тоғызқұмалақтың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маман мен спортшының еңбегі ерекше аталды.
«Құрмет» орденімен тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Абсадыққызы Жақапбаева, Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Есенбекұлы Шотаев, сондай-ақ тоғызқұмалақ чемпиондары Биғали Зкрияев, Азамат Қайдаров және Мөлдір Серікқызы марапатталды.
Ал «Ерен еңбегі үшін» медаліне тоғызқұмалақ шеберлері Ерасыл Ауталипов, Айдын Жакиев және Аружан Салман ие болды.
“Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама қоржынына 4 алтын және 2 күміс медаль түсті. Одан тыс мангаладан 2 алтын жеңіп алды.
Жалпы Қырғызстанда өткен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алып, оның 32-сін алтынмен толықтырды. Мемлекет басшысы спортшылардың бұл жетістігін қазақ халқының қайсар рухы мен жеңімпаз болмысының айқын көрінісі деп бағалады.





