16 қыркүйектен бастап Ұлттық банк 1 млрд доллардан астам қаржыға валюталық интервенция жүргізді. Мұның салдарынан 300 теңгеден асқан доллар тез арада 270-ке дейін түсті. Соңғы интервенция 6 қазанда жүргізіліп, реттеуші биржа саудасына 20 млн доллар шығарды.
Осыған дейін интервенцияның не үшін жүргізілгендігі туралы жазған едік. Сауда курсына араласпаймыз деген Ұлттық банктың енді теңгенің курсын ретке келтіріп отырғанын нарық ойыншылары "интервенция болмағанда, доллар бағамы 350, 400-ге дейін баруы мүмкін" екендігімен түсіндірді. Осы арада интервенция туралы тағы 2 сұрақ туындайды: бұл Ұлттық банк үшін қаншалықты тиімді және қанша уақытқа созылады?
Қаржыгер Мұрат Темірхановтың сөзінше, интервенциядан Ұлттық банкке тек шығын келмек. "Интервенция курсты реттеп отыру үшін қолданылады. Мұнай бағасы көтерілгенде ғана, банк пайда таба алады. Барлығы доллар курсы тағы да көтеріледі деп күтіп отырғанда, интервенция Ұлттық банк үшін шығын деп айтар едім. Яғни қазір долларды арзанға сатып отыр, кейін валюталы резервті толтыру үшін қымбатқа сатып алуға мәжбүр болады", - дейді ол. Сарапшының түсіндіруінше, Ұлттық банк коммерциялық емес ұйым болмағандықтан, монетарлы саясатты орындау үшін шығынға ұшырауына әбден болады.
Ал интервенцияның тиімділігіне алғашқылардың бірі болып экономист О.Құдайбергенов наразылық білдірген. "Бұл ары қарай не болады деген белгісіз жағдай тудырады. Дәл Ұлттық банктың саудаға қатысуы теңге курсының болжамына әсер етеді. Бір күн ішінде 144 млн доллар кетті. Ал егер әр күн сайын осылай болса ше? Бір айдағы 22 жұмыс күнінде 2 млрд-тан асып кетуі мүмкін. Бірақ, әрине, Ұлттық банк күнде қатысады деп нақты айтуға да болмайды", - деген еді сарапшы интервенцияның бірінші күні.
Өзге мамандар еліміздегі басты банктың әрекеті негізсіз емес, белгілі бір мақсатты көздеп отыр деген пікірде. Saxo Bank-тың валюта жөніндегі бас сарапшысы Джон Хардидің сөзінше, ҰБ интервенция арқылы валюта құлдырауын ұстап тұруға тырысуына "теріс" баға беруге болмайды. "Реттеуіш курсты реттеп отыру арқылы алдағы уақытқа валюталы резерв сақтап қалуға тырысып отыр. Бірақ бұл қадамының қаншалықты тиімді болатындығын уақыт көрсетеді. Нарық барлығы да ел экономикасы үшін дұрыс бағытта жасалып отырғандығын түсінуі қажет", - дейді ол.
FIBO Group консультанты Евгения Слесарев те Ұлттық банк әрекетінен өзгеріс күту қажет деген пікірде. "Тамыз айында Ұлттық банк доллар бойынша саудаға араласпайтындығын хабарлады, ал енді бүгін банк биржадағы басты ойыншыға айналып отыр. Екеуі екі бөлек нәрсе. Бірақ мен Ұлттық банктің орындағысы келетін қандай-да бір идеясы бар екендігіне сенімдімін. Дегенмен, көпшілік үшін ол идея әзірге белгісіз. Біз тек өте үлкен мөлшердегі доллардың жұмсалып жатқанын көріп отырмыз", - деді ол.
Бізде девальвацияның қажеттілігі туралы жыл басынан бері айтыла бастады. "Жыл бойы девальвацияның қажет екендігі туралы ақпараттық шабуыл жүріп жаттыр. Тіпті құнсыздану қажеттілігі туралы шетелдік сарапшылар да айта бастады. Мұнай бағасы 55 доллардан төмен түсті, көршілерімізде де дағдарыс процестері басталды. Мұның барлығы біздің экономикамыздың нашарлауына да әсер еткені де түсінікті. Бірақ барлық қауіпке кешенді жауап берудің орнына тек девальвация қажет деген бір ғана шешім айтылды. Бұл шешім емес, тек жағдайды одан әрі қиындату амалы, қазір осыны бақылап отырмыз. Ал Ұлттық банк шығындары әлі де жалғасып жатыр", - деп жазады Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетовтың экс-кеңесшісі О.Құдайбергенов бұл туралы.
Сарапшылардың көпшілігі девальвация тек президент сайлауынан кейін өткізіледі деп болжам жасаған. Сарапшылар айтқандай-ақ тамызда Ұлттық банк "инфляциялық таргеттеу" саясатына көшіп, курсты еркін айналымға жіберетіндігін хабарлады. Реттеуіш сауда нарығына араласпайтын болды. Бірақ доллар курсы 300 теңгеге жақындағанда, Ұлттық банк қайта әрекетке көшті. Әзірге тек уақытша нәтиже көрсетіп отырған процесс қаншалықты созылады?
Ұлттық банк басшысы Қ.Қожахметов валюталық интервенцияның алдағы көлемін және Ұлттық банктің әлі қанша уақыт бойы доллар бағамын теңгеге қатысты реттеп отыратынын айта алмады. «Мынадай сан деп, не мынанша уақыт деп мен сізге айта алмаймын. Қазір ұстап тұрмыз. Барлығы алыпсатарлардың әрекетіне қатысты. Доллардың теңгеге қатысты бағамы көптеген факторларға байланысты болады»,- деген еді ол осыған дейін.
Әзірге Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов қазіргі курс барынша қалыпты деп есептейді. "Қазір жағдай қалпына келді деп есептейміз. Нарық ойыншылары мен кейбір сарапшылар курс басқаша болуы керек деп есептейді. Бірақ өндірушілер мен тұтынушылардың және депозиттерін долларда сақтайтындардың да мүддесін ұмытпауымыз қажет. Ұлттық банк барлығының мүддесі бір баланста болғанын қалайды. Бізде доллардың тапшылығы жоқ, доллармен бәрі дұрыс. Курс та қалыпты, инфляциямен де бәрі дұрыс болады", - деп атап өтті ол.
Ал интервенция жүргізу кезінде биржаға салынып отырған ақша көлемінің бірде көбейіп, бірде азаюы теңге өтімділігіне байланысты. Соңғы рет 6 қазанда Ұлттық банк биржа саудасына 20 млн доллар шығарды. Бұл банк жүйесінде теңге өтімділігінің төмендеп жатқандығын білдіреді. Яғни, теңгеге деген сұраныс азайып жатыр, барлығы теңгемен сақтауды жөн көрмейді. Демек, доллардың қазіргі бағамына ешкім сенім білдірмейді, көпшілік америкалық валютаның құны әлі де өсе түсетіндігіне сенімді.
Ұлттық валютаның нығаюына әсер ететін негізгі фактор ретінде әлемдік мұнай бағасының айтуға болады. Ал әлемдік сарапшылар алдағы 1 жыл ішінде шикізат бағасы қалпына келе қоймайды деген болжам айтуда.
О.Құдайбергеновтың сөзінше, қаржы реттеуіші енді алдағы уақытта да интервенция жүргізуге мәжбүр болады. "ҚР Ұлттық банкі нарықтан доллар сатып алғанда, ол теңге басып шығарып, оны нарыққа шығарып отырады. Кері резервке баратын доллар сатып алады. Егер кері процесс жүрсе, ол доллар сатып, нарықтан теңгені әкетеді. Ұлттық банк нарыққа қатыспаса, курс күрт өзгеріп кетеді. Реттеуіштің әрекетінен, оның курсты 300 теңгеден асуға жол бермейтіндігін байқаймыз. Егер мүмкіндік берсе, бірден емес, бірте-бірте қымбаттап отырады", - дейді ол.
Қ.Келімбетовтың сөзінше, қазір банктері өздері тудырған жағдайдан өздері қорқып отыр. "Біз валюта нарығына қатысқанымыз туралы мәліметті арнайы жариялап отырмыз. Банктер жасағандарынан өздері қорқып кетті. Олар курс күн сайын белгілі бір шамадан өспесе деп жатыр", - деді ол.
Әзірге, теңге курсының өзгерісінен екінші деңгейлі банктер пайда тапқаны ғана анық. 35 банктің 33-і табысын рекордты түрде көбейтіп, активтерінің жалпы көлемі 20 трлн-ға жақындады.
Ақсәуле Әбітай "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024