ЛАХОР – Пәкістан Жоғарғы сотының Ұлттық ассамблеяда көпшіліктің қолдауына ие болып отырған премьер-министр Науаз Шарифті қызметінен алу туралы шешімін Батыстағылардың көбі жаңа саяси тұрақсыздықтың үрейлі нышаны, бәлкім тіпті авторитаризмге оралудың басы деп топшылады. Алайда, Пәкістанның саяси тарихы басқа жайттан хабар береді.
Қазіргі Пәкістан тәуелсіздігін алған 1947 жылдың тамызында емес, қантөгіске толы азамат соғысы болып, елдің шығысы Бангладеш болып бөлініп кеткен 1971 жылғы желтоқсанда құрылған. Одан соң Пәкістан парламенттік демократияға айналып, елді харизматик премьер-министр Зұлфиқар Әли Бхутто басқарды.
Алайда, 1977 жылғы сайлау нәтижелері жаппай бұрмаланды деген әңгіме халықтың наразылығын туғызып, мұның соңы Бхуттоны тақтан тайдыруға (кейіннен ол өлім жазасына кесілді) және әскери төңкеріске алып келді. 1978 жылы генерал Мұхаммед Зия ул-Хақ президенттікке келіп, қайтыс болғанға дейін он жыл бойы билікте отырды.
Зияның өлімінен соң билікке демократиялық жолмен сайланған жаңа азаматтық премьер-министр, Зұлфиқар Әлидің қызы – Беназир Бхутто келді. Ол мұсылманы басым елдегі үкімет басқарған алғашқы әйел болды. Алайда, президентпен екеуінің арасында билік үшін тартыс болып, президент оны Пәкістанның әскерилер әзірлеген конституциясының Сегізінші түзетуі негізінде «жемқорлықпен айналысты, елді дұрыс басқармады» деп айыптап, жылдам орнынан алғызып тастады.
Біраз уақыттан соң премьер-министр қызметіне Науаз Шариф келді. Ол әскерилердің қысымынан соң 1993 жылы орнынан кетті. Бұл Бхуттоның билікке қайта оралуына мүмкіндік берді. 1996 жылы өзі басқаратын Пәкістан халық партиясы оны премьер-министр қызметінен алып тастады.
1997 жылы Шарифтың кезегі қайта келді. Бірақ бір-екі жылдың ішінде оның әскерилермен арасы нашарлағаны сондай, мұның соңы 1999 жылғы төңкеріске алып келді. Бұдан соң елді сегіз жыл бойы генерал Первез Мушарраф бастаған әскерилер биледі. 2008 жылы халықтың қысымымен Мушарраф та қызметтен кетіп, жаңа сайлауда Беназир Бхуттоның күйеуі Асиф Зардари президент атанды. Зардари былтыр желтоқсанда кісі қолынан қаза тапты.
Зардари Конституция талаптарын бұзып, атқарушы билікті премьер-министрдің қолына тапсырмай қойды, оның орнына қоластында қызмет еткен екі премьерді де өзінің дегенімен жүргізуге тырысты. Зардари басқарған бес жыл ішінде Пәкістанда президенттік билік жүйесі күшейді. Алайда, 2013 жылы Н.Шариф премьер-министрлікке сайланған соң бұл жүйе өзгеріп, қайтадан парламенттік демократия орнады.
Азамат соғысынан бергі 45 жылдың ішінде Пәкістан 24 жыл – президенттік, 21 жыл – парламенттік демократия ретінде өмір сүріпті. Сот тәуелсіздігі орнығып, баспасөз бостандығы қалыптасқан, азаматтық қоғам өркендеген, әскерилердің рөлі төмендеген қазіргі жағдайға қарап, Шариф орнынан кетсе де парламентаризмді жалғастыру керек деп санаймыз.
Оның үстіне, Пәкістан басшылығының қазіргі бағыты да көңіл көншітеді. Бұрын Мұнай министрі қызметін атқарған, аса білімді, тәжірибелі менеджер Шаһид Хақан Аббаси уақытша премьер қызметін атқарып отыр. Ол қызмет еткен 45 күннің ішінде Науаз Шарифтың інісі – Шахбаз Шарифті Пәкістанның келесі басшысы етіп сайлауға мүмкіндік болатын шығар. Немесе, 2018 жылдың мамыр айында келесі жалпыұлттық сайлау өткенге дейін Аббаси қызметінде қала беруі мүмкін.
Бұл қалыптасқан ахуал біршама саяси мүмкіндіктер береді. Шахбаз Шариф он жыл уақыт ағасы Науаз басқаратын билік партиясы – Пәкістан мұсылман лигасының жүрегі саналатын Панжаб аймағында бас министр қызметін атқарды. Әрі оның бұл қызметтен кеткенше орындаймын деген уәделері бар. Басқа мәселелермен бірге ол елдің экономикасына және халықтың әл-ауқатына тікелей зардабын тигізіп отырған электр энергиясын шектен тыс пайдалану проблемасын шешпек.
Панжабтағы қала инфрақұрылымын жақсарту керек. Пәкістандағы қала халқының саны жыл сайын 6 пайызға өсіп отырады, ал бұл транспорт, су менеджменті, тазалық, қоқыс жинау және білім беру мен денсаулық сақтау салаларына көп көңіл бөлуді талап етеді. Бұл – әсіресе 2001-2011 жылдар аралығында қала халқы 26 пайызға өскен Панжаб аймағы үшін өте өзекті мәселе.
Шарифтың аймақтық әкімшілігі қазірдің өзінде бұл мәселелерді шешіп жатыр, көктемге қарай біраз оң өзгеріс болмақ. Шариф Панжаб аймағында қала берсе, жоспарлаған нәрсенің бәрі уақытымен жүзеге асуы мүмкін, соның арқасында Пәкістан мұсылман лигасы келесі сайлауда осы аймақ тұрғындарының қолдауына сүйене алады.
Нәтиже шынымен осындай болса, бұл Пәкістанның парламенттік жүйесін де нығайта түседі, ал бұл – бүкіл мұсылман әлемі үшін маңызды. Мұсылман елдерінің көбінде жоқ әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізу үшін ашық, инклюзивті және халықтың атынан өкілдік ететін билік жүйесі қажет. Тұрғындарының орташа жасы 25-ті құрайтын мұсылманы басым елдердің көбіндегі жағдай – осы. Технологияның арқасында 1,6 миллиард мұсылман жастары сыртқы әлем туралы мағлұмат алып, ашық қоғам мен кең мүмкіндікті қалап отыр.
Бұл – сырттағы державалар үшін де үлкен сабақ. АҚШ ұзақ жылдар бойы Египет президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси сияқты авторитарилық режим орнатқан «достарын» қолдап келді. Бұл АҚШ-тың қазіргі мүдделеріне сай келгенімен, ақыр соңында тұрақсыздық пен әлеуметтік кикілжіңге алып келіп, онсыз да көп жапа шеккен аймақты қайта шайқауы мүмкін. 70 жылдан бері салыстырмалы түрде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған Үндістандағы инклюзивті саяси жүйеден үлгі алған Пәкістан да демократия жолындағы күш-жігерін нығайта бермек.
Автор туралы: Шаһид Жавед Бурки - Пәкістанның бұрынғы Қаржы министрі және Дүниежүзілік банктің бұрынғы вице-президенті, қазір Лахордағы Қоғамдық саясат институтының төрағасы.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024