Бұрындары пәтерін құпия түрде жалға беріп, кейіннен Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, табыс көзін жария еткен жалға берушілерге ешқандай айыппұл салынбайды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер департаментінің камералды бақылау басқармасының бастығы Бектас Айнақұлов мәлімдеді.
Ол, сондай-ақ, Алматының аудандық ХҚКО-ларда 9 қаңтардан бастап салық қызметінің өкілдері отыратынын, арнаулы үстелде олар пәтерін жалға беретін алматылықтардан патент жасауға я олардың бизнесін басқаша декларация бойынша рәсімдеуге көмектесетінін хабарлады. Оның мәлімдеуінше, жалға берушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі және 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай тіркелу біраз жеңілдеген. Патент бойынша жұмыс істесе, жалға беруші айына табысының 2 пайызын салыққа төлеп отырады, ал декларация бойынша жұмыс істесе 3 пайызын береді. Сондай-ақ, декларация бойынша тіркелген жалға берушінің міндетті түрде кассалық аппараты болу керек.
"Камералды бақылау деген түсінік бар. Біздің салық органдары өздеріне түскен есептен бөлек, басқа да кез келген ақпаратпен салыстырып көреді де, толық тексеру жүргізеді. Камералды бақылаудың мақсаты - салық төлеушіге өз қателіктерін жойып, айыбын жууға мүмкіндік беру. Адамдарға қазір ешқандай айыппұлсыз өз қателерін "түсінуге" мүмкіндік беріледі. Сондықтан біз, мысалы, бес жылдан бері пәтерін жалға беретін, бірақ ол туралы айтпаған кәсіпкерлерге қазір салық салмаймыз. Қазір біздің адамдарымыз әрбір ХҚКО-да "өз еріктеріңізбен мүмкіндік бар кезде тіркеліңіздер. Біз сіздерге өтініш толтыруға көмектесеміз" деп түсіндіріп жүр", - дейді Бектас Айнақұлов.
Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы норма енгеннен бері, салық төлеуші ретінде 162 жалға беруші тіркелді. "Бір айлық динамиканы ескерсек, тіркелушілер саны үш есе артқанын байқаймыз", - деді ведомство өкілі.
2016 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 1 352 жеке тұлғадан бюджетке 198,8 млн теңге түскен. Ал жалпы Алматыда заңды жалға берушілер саны 10 мыңға жуықтайды. Дегенмен, департамент өкілі көлеңкелі нарық бұдан екі есе көп екенін айтады.
Айта кетейік, 2017 жылдың 7 қаңтарынан бастап экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, азаматтардың уақытша я тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелу міндеттелді. Тіркелмеген жалға алушыларға 7 АЕК, жалға берушілерге 10 АЕК айыппұл салынады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024