Астана. 11 қазан. 7kun.kz - «Самғау» ұлттық байқауының жеңімпаздарына әлемнің 12 еліне жолдама беру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Халық маркасы» федерациясының президенті Римма Тәжібаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында мәлімдеді.
Журналистер арасындағы өткізіліп жатқан байқаудың аралық қорытындысы барысында Римма Тәжібаева жеңімпаздар Қазақстанның тауарөндірушілерінің көрмесіне қатысатынын айтты. Көрме аясында Ресей, Грузия, Армения, Әзербайжан, Украина, Тайланд, Египет, Қытай, Түркия, БАӘ, Үндістан мемлекеттерін аралау жоспарланған.
Бұл сапарға Қазақстаның барлық өңірінен 500-ден астам «Халық маркасы» белгісін алған тауарөндіруші шықпақ. Сауда-саттық миссиясы Экспо 2017 көрмесін насихаттауға бағытталған шара.
Сондай-ақ, баспасөз-конференциясы барысында Бибігүл Жексенбай, байқауға 74 жұмыс түскенін мәлімдеді. Жіберілген жұмыстарды көрнекті қоғам қайраткерлерінен тұратын арнайы бағалау комиссиясы, яғни байқау алқасы қарастыратынын хабарлады.
Журналистер арасында Ұлттық «Самғау» байқауы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 тамыз бен 10 желтоқсан аралығында өткізіледі. Байқаудың жалпы жүлде қоры 7 (жеті) номинация бойынша 10 млн теңгені құрайды. Соның ішінде гран-при жүлдесі –«Халық маркасы» белгісін алған, әйгілі бренд Jac S3 автокөлігі.