Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жарнамалық сюжеттің құны қанша?

Жарнамалық сюжеттің құны қанша?

Жарнама телеарналар үшін негізгі кіріс көзінің бірі. Сүйікті сериалыңды көріп отырғанда ортасынан бөліп, бірнеше рет жарнама ұсынатыны да сондықтан. Көрермен көп кезде көрсетілуі компаниялардың қалауы. Алайда, соңғы кезде тапсырыс беруші компаниялар тікелей жарнамадан қашып, оның ақпараттық түріне көбірек көңіл бөліп жүр. Жаңалықтардан әлдебір компанияның қайырымдылық шарасы, жаңа өнімнің таныстырылымы сынды "сюжеттерді" көруге болады. Жасырын жарнама. Мұндай сюжеттердің құны қанша? 7kun.kz анықтап көрді.

"Қазақстан" Ұлттық телеарнасында жарнамалық сюжет құны уақытқа байланысты. Мысалы таңғы сағат 7:00-ден 15:00-ге дейін 1 минуттық сюжетті көрсету құны - 244 000 теңге. 15:00 - 18:00 аралығы - 407 000 теңге. 18:00-ден 24:00-ге дейін -  572 000 теңге.

Ал "Апта" қорытынды жаңалықтарында 2 минутқа дейінгі сюжетті бір рет көрсету бағасы  қосымша құн салығын қоса есептегенде - 2 200 000 мың теңге. «Kaznews» жаңалықтар бағдарламасында 1,5 минуттық видеоматериал күніне 17:30, 19:30, 24:00-де шығады. Оның құны - 1 186 000 теңге. Ал жарнамалық сюжетті ойын-сауық, ақпараттық-сараптама және спорттық бағдарламалардың ортасында 1 рет көрсетуді жөн көрсеңіз 385 000 теңге төлейсіз.

Сондай-ақ, сюжет әлеуметтік жоба, жаңа бренд, орта және шағын бизнес өкілдеріне қатысты болса 8-30% аралығында жеңілдіктер қарастырылған. Ал мемлекеттік сатып алулар бойынша келісім аясында ақылы сюжет құны бөлек есептеледі.

"Хабар" телеарнасында жарнамалық сюжет кешкі жаңалықтарда қазақша және орысша қатар көрсетіледі. Бағасы 2 000 000 теңгені құрайды. Бір тілдегі сюжет уақыты - 1,5 минут. 15%-ға дейінгі жеңілдік қарастырылған.

31 арнада кешкі жаңалықтарда 1,5 минуттық ақылы немесе PR сюжеттерді қазақ немесе орыс тілінде көрсету үшін 1 300 000 теңге қажет. Ал  екі тілде де көрсету 2 млн теңгені құрайды. Қосымша құн салығы қоса есептелген.

Сондай-ақ, 31 арнада арнайы репортаждарды түсіру жұмыстары ұйымдастырылған. Мысалы компания немесе басқа да өнімдерді таныстыру бойынша 5 минутқа жуық арнайы репортаж жасау құны - 5 млн теңге. Егер екі тілде жасалатын болса - 10 млн теңге. 

Ал КТК арнасында PR сюжет түсіру құны оның қай тілде болатынына байланысты екен. Мысалы орыс тіліндегі 1,5 минуттық жарнамалық сюжетті түсіру және көрсету құны қосымша құн салығынсыз 2 млн 86 500 теңгені құрайды. Қазақ тіліндегі сюжетті көрсету құны қосымша құн салығын есептемегенде 353 100 теңге шамасында.

"Астана ТВ" телеарнасындағы жаңалықтарда бір тілде ақылы сюжетті көрсету құны 650 мың теңге, екі тілде 1 млн 170 мың теңге. Егер бір тілде жасалған сюжетті қайталау құны - 780 мың теңге.

Жарнамалық сюжеттерді түсіру, көрсету құны ең арзан телеарна - "Алматы" арнасы. Қазақ және орыс тіліндегі жарнамалық сюжеттің құны - 600 мың теңге және сюжет бір күнде екі рет прайм-тайм уақытында көрсетіледі, төрт рет қайталанады. Сюжет уақыты - 1,5-2 минут. Сондай-ақ, таңғы және күндізгі уақыттағы жаңалықтарда 1,5-2 минутқа жуық сюжетті 4 рет көрсету құны - 400 000 теңге. 

Айта кетейік, бұл бағаларға түсіру мен көрсету құны кіреді. Түсіруге тапсырыс беру үшін телеарналардың жарнама бөлімдеріне хабарласып, тапсырыс беру жеткілікті. Тапсырыс парақшасында түсірілетін уақыты, тақырыбы, қысқаша желісі, сюжет мәтінін тексеруші адамның байланыс мәліметтері жазылуы тиіс. Бұдан әрі түсіру, монтаждау, сюжетті келісу кезеңінен өтеді. Эфирге шыққан соң, қолыңызға сюжет жазылған диск пен қанша адамның көргені туралы ақпаратты да жарнама бөлімі арқылы алуға болады.

Маржан НҮСІПБЕК "7"

Похожие материалы