НЬЮ-ЙОРК – Оңтүстік Африка Республикасының үкіметі 1997 жылы АИТВ/ЖИТС-ті емдеуге арналған дженерик дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету үшін өздерінің заңдарына өзгерістер енгізуге тырысқан кезде, бүкіл әлемдік фармацевтикалық индустрияның заңды күштері осы елге бас салып, оны енгізуді кешіктіріп, көптеген адамдардың өмірін қиды. Оңтүстік Африка ақырында сотта осы істі жеңіп алды, бірақ үкімет жақсы бір сабақты да ұғынғандай: бұдан кейін ол орныққан ғаламдық зияткерлік меншікке (ЗМ) қарсы күресте өз азаматтарының денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты маңызды мәселелерді қолына алуға тырыспады.
Бүгінгі күнге дейін жағдай осындай болды. Оңтүстік Африка үкіметі қазір дәрі-дәрмектерге қол жеткізуді арттыруға мүмкіндік беретін ЗМ саласындағы жаңа саясатын бекітуге дайындалып жатыр. Оңтүстік Африка, әрине, бай елдер жақтан екі жақты және көп жақты қысымның барлық түріне тап болады. Бірақ үкімет игі іс жасап жатыр, және басқа дамушы елдер де оның жолын ұстануы керек.
Соңғы екі онжылдықта дамып келе жатқан елдер қазіргі ЗМ режиміне қарсы айтарлықтай күрес жүргізуде. Көптеген жағдайда, бұл елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымында (ДСҰ) ережелер орнатуға араласып, сауда келісімдері арқылы өз еркін басқаларға таңып, әлемде «барлығына бірдей бір өлшем» моделін қолдануға тырысуынан туындады.
Дамыған елдер қолдаған ЗМ стандарттары әдетте инновациялық және ғылыми прогресті барынша арттыру үшін жасалмаған, тек ірі фармацевтикалық компаниялар мен басқа да сауда келіссөздеріне әсер ете алатын алыптардың пайдасын арттыру үшін ғана арналған. Оңтүстік Африка, Үндістан және Бразилия сияқты ірі өнеркәсіптік базалары бар алып дамушы елдер осы қарсы шабуылдың көшбасшылары болғаны таңғаларлық емес.
Бұл елдер негізінен ЗМ саласындағы әділетсіздіктің ең айқын көрінісін көздейді - ол ең қажетті, негізгі дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі. Үндістанда 2005 жылы қабылданған заң түзетулері патенттеу стандарттарында теңдестіру мен адалдықты қалпына келтірудің бірегей механизмін құрды, осылайша дәрілердің қолжетімділігін қамтамасыз етті. Ішкі және халықаралық сот процестерінде бірнеше кедергілерді асқаннан соң, бұл заң ДСҰ стандартына сәйкес деп табылды. Бразилияда үкімет тарапынан АИТВ / ЖИТС-пен ауыратын адамдарды уақытында емдей бастау дәрілік заттардың бағасын айтарлықтай төмендетуге бағытталған бірнеше табысты келіссөздерге әкелді.
Бұл елдер әділ де тиімді емес ЗМ режиміне қарсылық көрсетіп, дұрыс жасап жатыр. Жаңа мақаламызда біз даму процесіндегі зияткерлік меншіктің рөлі туралы дәлелдерді қарастырдық. Онда біз көптеген теориялық және эмпирикалық дәлелдер бойынша, қазіргі экономикасы дамыған елдерде білімді қорғайтын экономикалық институттар мен заңдардың барған сайын орынсыз болып бара жатқанын; олардың жаһандық экономикалық қызмет пен дамушы елдер, дамушы нарықтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сәйкес емес екенін де көрсетіп өттік. Негізі, олар тіпті адам денсаулығын сақтау сияқты басты адамның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге де кедергі тудырады.
Басты ой - білім жалпыға ортақ қоғамдық игілік болып табылады; техникалық тұрғыдан алсақ, оны пайдаланатындардың шығыстары нөлге тең, жалпы алсақ, білімнің ұлғаюы жаһандық ауқаттылықты жақсарта алады. Осыны ескере отырсақ, басты алаңдаушылық нарықтың жеткілікті білім ұсыныстарын шығармай және зерттеулер тиісті түрде ынталандырылмайды деген тұрғыдан туындайды.
Жиырмасыншы ғасырдың аяғында бұл нарықтағы кемшілікті басқа кемшілікті енгізу арқылы дұрыстауға болады деген пікір кеңінен тарады: яғни қатаң бекітілген патенттер арқылы жасалған жеке монополиялар арқылы. Бірақ жеке ЗМ қорғау зерттеулерді ынталандыру және қаржыландыру мәселесін шешудің бір ғана жолы болып табылады және бұл жол озық елдерде де қиындау болды.
Мыңдаған патенттерді қажет ететін өнім әлемінде «паттентердің ну тоғайлары» кейде инновацияларды тұншықтырып жатады, себебі кейбір жағдайларда зерттеушілерге қарағанда адвокаттарға көп қаражат жұмсалады. Зерттеулер жиі жаңа өнімдерді шығаруға емес, патент арқылы жасалған монополиялық қуатты тереңдетіп, кеңейтуге және қолдануға бағытталады.
АҚШ-тың Жоғарғы соты 2013 жылы табиғи гендерді патенттеуге болмайды деген шешім қабылдады. Бұл аталмыш шешім патенттердің рөлін тексергендей болды, яғни патентер олардың адвокаттары айтқандай, зерттеулер мен инновацияларды ынталандырады ма немесе білімге қолжетімділікті шектей отырып, оларға кедергі жасайды ма? Нәтижелері анық: инновациялық белсенділік артып, диагностикалық сынақтардың сапасы да арта отырып (мысалы, сүт безі қатерлі ісігімен байланысты BRCA гендерінің бар болуын тексеру) шығындары әлдеқайда төмендеді.
Қаржыландыру және ынталандырудың кем дегенде үш баламасы бар. Бірі - Ұлттық денсаулық сақтау институттары мен Америка Құрама Штаттардағы Ұлттық ғылым қоры сияқты зерттеулерге тікелей қолдау көрсететін орталықтандырылған механизмдерге сүйену. Тағы біреуі - салық жеңілдіктері арқылы тікелей қаржыландыруды орталықсыздандыру. Сонымен қатар, үкімет, жеке қор немесе ғылыми-зерттеу мекемелері табысты инновациялар (немесе басқа шығармашылық қызмет) үшін сыйлықақы ұсына алады.
Патенттік жүйені сыйлықақының бір түрі ретінде қарастыруға болады. Бірақ мұндай жүлделер білім алмасуына кедергі келтіреді, білімнен алынған пайданы азайтады және экономикадағы жағдайды бұзады. Керісінше, осы жүйенің аталмыш баламасы білім ағынын максималды түрде арттырады, себебі ашық коды бар бағдарламалық жасақтама сияқты көпшілік лицензияларына сүйенеді (creative commons).
Оқыту мен инновацияны дамыту үшін дамушы елдер осы тәсілдерді қолдану керек. Өйткені, ондаған жылдар бойы экономистер экономиканың дамуының, яғни адами капиталдың дамуы және әл-ауқатының өсуінің ең маңызды факторы ретінде технологиялық өзгерістер мен білім екенін мойындады. Дамыған елдерден дамушы елдерді бөліп отырған бұл ресурстардағы ғана емес, білімдегі де айырмашылық болып тұр. Жаһандық әлеуметтік әл-ауқатты арттыру үшін саясаткерлер дамыған елдерден дамушы елдерге білім таратуға барынша жағдай жасау керек.
Бірақ ашық жүйенің барына теориялық дәлелдердің көп болғанымен, әлем кері бағытта қозғалып жатқандай. Соңғы 30 жылда басым ЗМ режимі білімнің пайда болуына кедергі болып, көбінесе әлеуметтік қайтарым мен инновациялардан алынған жеке пайда арасындағы алшақтық артты. Бұл режимді қалыптастырған, дамыған елдердегі күшті лоббидің бірінші орынға жеке табысты қоятыны анық, оны олардың дәстүрлі білім немесе биологиялық әртүрлілікке байланысты зияткерлік меншік құқығы мәселелері бойынша ұстанымдарынан байқалады.
Бүгінгі күнгі ЗМ құқығын қатаң қорғауды кеңінен енгізу де тарихта бұрын-соңды болмаған. Тіпті алғашқы индустриялық елдерде ЗМ қорғауы өте кеш пайда болды және ол жиі индустрияландыру мен өсуді тездету үшін әдейі тоқтатылып тұрды.
Алайда қазіргі ЗМ режимі тұрақты емес. Жиырма бірінші ғасырдағы жаһандық экономика жиырмасыншыдан кем дегенде екі маңызды аспекті бойынша ерекшеленеді. Біріншіден, Оңтүстік Африка, Үндістан және Бразилия сияқты елдердің экономикалық үлес салмағы айтарлықтай жоғары болады. Екіншіден, дамыған және дамушы елдерде «жеңіл экономиканың», яғни идеялар, білім және ақпараттың ЖІӨ-дегі үлесі де өсетін болады.
Қалыптасқан жаңа жағдайды барынша дұрыс көрсету үшін ғаламдық білімді «басқару» ережелері өзгеруі керек. Ширек ғасыр бұрын дамыған елдерде кейбір салалардың саяси қысымына жауап ретінде пайда болған ЗМ режимі бүгінгі әлемде орынсыз болып табылады. Көптеген адамдар үшін ғаламдық даму мен әл-ауқатты арттыру емес, бірнеше адамның пайдасын арттыруды қолдау идеясы да сол кезде саяси күш динамикасы тұрғысынан бөлек, мағынасыз болған еді.
Бірақ бұл динамика да өзгеріп жатыр, білімнің экономиканың дамуы, өсуі мен әл-ауқат үшін маңыздылығын мойындайтын, теңдестірілген ЗМ жүйесін құруда жетекші рөлді дамушы елдер алуы керек. Ең бастысы - білімді алу ғана емес, сонымен қатар оны адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын корпоративтік пайдадан маңыздырақ ете отырып, қолдану қажет. Оңтүстік Африкадағы медицинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шешімі де осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болуы әбден мүмкін.
Авторлар туралы:
Джозеф Е. Стиглиц - экономика саласында Нобель сыйлығының лауреаты, Колумбия университетінде профессор және Рузвельт институтының бас экономисі болып жұмыс істейді.
Дин Бейкер - Экономикалық және саяси зерттеулер орталығының негізін салушылардың бірі.
Арджун Джаядев - Азим Премжи университетінің зерттеу орталығының директоры, Азим Премжи университетінде және Массачусетс университетінде экономика профессоры болып қызмет атқарады.
Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024