Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Білім беру саласына салынған инвестициялар 23 пайызға өсті

Білім беру саласына салынған инвестициялар 23 пайызға өсті

Алматы. 3 сәуір. 7kun.kz - Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің айтуынша, 2017 жылы 64,4 мың орынға 849 мектепке дейінгі мекеме ашылды, оның 717-сі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар.

3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшаға кезектілігі 2017 жылмен салыстырғанда 25,3 пайызға азайып, бүгінде 125,2 мың адамды құрады. 2017 жылы еліміздегі балабақшалардың орта есеппен 15 пайызы инклюзивті білім беруге жағдай жасаған.

Орта білім беру саласында жаңартылған білім мазмұнына көшу жалғасады. 2017–2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңа жүйеге көшірілді. 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап 10–11 сыныптарда жаратылыстану бағытының «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» 4 пәнін ағылшын тілінде оқытуға даярлық жүргізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап 583 колледжде «Баршаға арналған тегін ТжКБ» жобасы іске асырылып жатыр. 100,8 мың адамға мемлекеттік тапсырыс берілген, оның ішінде 21 мыңы — Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша.

Жоғары білім беру саласында ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілген. QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтінгісіне 2017 жылы қазақстандық 8 ЖОО кірді.

«Ғылым саласында ғылым мен экономиканың шынайы секторының өзара байланысын күшейту және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерциаландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың гранттық қаржыландыруы аясында 12 жоба іске асырылды», — деді Е. Сағадиев.

ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, 2017 жылы Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 8 мақсатты индикаторының 7-і орындалды, Мембағдарламаның 51 көрсеткішінен – 45-і орындалды. 2017 жылы жоспарланған 166 шараның 161-і іске асырылды.

Сонымен қатар, білім беру саласына салынған инвестициялар 23 пайызға өскен. Инвестициялардың жалпы көлемі 265 млрд теңгені құрады. Мұндай өсімге МЖӘ жобаларын белсенді түрде іске асыру ықпал етті. 2017 жылы білім беру саласында жалпы соммасы 31,2 млрд теңге көлемінде 101 жобаға келісім жасалды. Ал 2015–2016 жылдары аталған бағыт бойынша 4,3 млрд теңге соммасына 8 келісім жасалған болатын.

Похожие материалы