Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ақмола облысында экологияны ластаған кәсіпорынға айыппұл салынды

Ақмола облысында экологияны ластаған кәсіпорынға айыппұл салынды

Ақмола облысы Бұланды аудандық соты «Макинск зауыты» ЖШС-ны экологиялық рұқсат талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Экология департаменті қоғамдық ұйымның өтініші мен әлеуметтік желіде тараған бейнематериал негізінде тексеру жүргізген. Бейнежазбада Макинск қаласындағы арық суының қызғылт-қызыл түске боялғаны көрсетілген. Аталған арық кәсіпорын аумағынан бастау алады.

Тексеру кезінде алынған су сынамалары ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кеткенін көрсетті. Атап айтқанда, аммоний азоты, мыс, темір, сульфаттар, хлоридтер, хром және марганец мөлшері жоғарылаған.

Сот зауыттың экологиялық заңнама талаптарын орындамағанын және жерді ластағанын анықтады. Кәсіпорынға қоршаған ортаны қорғау мақсатында заң бұзушылықтарды жою жөнінде 2026 жылғы 9 ақпанға дейін іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы нұсқама берілді.

Сот қаулысымен «Макинск зауыты» ЖШС-ға 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Ұқсас материалдар