
Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Маңғыстау облысы бойынша департаменті әлеуметтік желіде онлайн-лотерея өткізуге қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Ақтау қаласында ерлі-зайыптылар Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам оқырмандары бола тұра, ауқымды онлайн-лотереялар ұйымдастырған. Лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы жүлделер ойнатқан.
Қатысушылар құны 500-ден 50 000 теңгені құрайтын билет (цифрлық нөмір) сатып алып отырған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысқан. Заңсыз қызмет нәтижесінде қылмыстық табыс сомасы 162 млн теңгеден асқаны анықталды.
Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.