
Алматыдағы Алмарасан шатқалындағы бекет толықтай автоматтандырылды. Биылдан бастап еліміздің көрікті жері Алмаарасанға кіру ақысын Kaspi және Halyk қосымшасы арқылы төлей аласыз. Тіпті, төлемді енді алдын ала жасауға да болады. Бұл туралы журналистерге ұйымдастырылған арнайы пресс-тур барысында Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаев мәлім етті.
Бұған дейін Алмарасан мен Үлкен Алматы көліне кіру ақысын бекетке жеткенде ғана төлеуге болатын. Соның салдарынан кейде көліктер кептілісі болып, келушілер кезек күтіп қалатын. Енді төлемді алдын ала жасау мүмкіндігі бар. ҰП бас директорының орынбасарының айтуынша бекет ақылы трассалардағы терминал сияқты жұмыс істейді.
«Іле Алатау ұлттық табиғи паркі туристердің уақытын үнемдеу үшін төрт бақылау өткізу бекетін автоматтандырды. Бұған дейін Бұтақты, Түрген мен Қаскелең шатқалдарына да орнатылды. Жаяу жүргіншілер мен автокөліктер бекітілген тарифті онлайн төлеу арқылы кедергісіз өте алады. Мәселен, көлік иесі алдын ала төлеп келсе, жүйе машинаның нөмірін оқиды да шлагбаум ашылып кетеді. Атап өте кетейік, төленген ақы туристік бағыттарды абаттандыруға, қоқыстарды жинауға жұмсалады. Ал, төлем бағасы көлік түріне қарай есептеледі. Мысалы мотоцикл мен мопедтерге осы жылы 786, жеңіл машинаға 1179, орын саны 16-ға дейінгі транспортқа 5111, 32 орындық автобустарға 11 мың, одан көп болса 17 жарым мың теңге болады. Ал электрокар мен жаяуларға адам басы 589 теңге. Бұл жүйе «Parqour» компаниясымен енгізіліп, келушілер ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді», дейді Арқау Шантаев.Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері Іле-Алатауы ұлттық паркіне 507 571 турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға артық.
Ал, былтыр шатқалға 824 мың турист шыққан. Олардың дені Үлкен Алматы көліне жаяу саяхаттайды екен.