Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда ереже бұзған мердігерлер лицензиясынан айырылды

Алматыда ереже бұзған мердігерлер лицензиясынан айырылды

Алматы қаласында инженерлік желілерді салу барысында заң талаптарын бұзған бірқатар мердігер компания лицензиясынан айырылды.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев брифинг барысында мәлімдеді.

2025 жылғы құрылыс маусымының қорытындысы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларын іске асыру кезінде талаптарды жүйелі түрде бұзған мердігерлерге қатысты қатаң шаралар қабылданған. Нәтижесінде «AsiaMax» ЖШС, «СК 7 Строй» ЖШС, «Энерджи-Тараз» ЖШС және «Алатау сапа құрылыс» ЖШС компанияларының лицензиялары кері қайтарылды.

Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер барысында сапа стандарттары мен нормативтік талаптарды сақтамаған компаниялардың қала жобаларында жұмыс істеуіне жол берілмейтіні анықталған.

Сонымен қатар, жауапсыз мердігерлерге қатысты 30 талап-арыз дайындалып, сот органдарына жолданған. Бұдан бөлек, жобалау ұйымдары мен авторлық қадағалау қызметтеріне қатысты да талап-арыз жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, инженерлік желілер мен абаттандыру элементтерін орналастыру кезінде жобалық шешімдердің сақталмау деректері анықталған.

Әкім орынбасары алдағы уақытта барлық келісу рәсімдері қала басқармаларының міндетті қатысуымен жүргізілетінін атап өтті. Бұл бақылауды күшейтіп, жобаларға қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ мердігерлер мен жобалық ұйымдарға нормативтік талаптарды, жұмыс жүргізу ережелерін және келісу тәртібін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Рұқсатсыз немесе белгіленген нормаларды бұза отырып жүргізілген жұмыстар әкімшілік шаралармен тоқтатылып, айыппұл салу, қызметті тоқтату, келтірілген шығынды өтеу, келісімшарттарды бұзу және лицензиядан айыруға дейінгі жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Ұқсас материалдар