Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті

Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта негізгі мерекелік іс-шаралар өтті. Осы жерде қала әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен Мәңгілік алауға гүл қою рәсімі ұйымдастырылды.

Жиналғандар соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін қала әкімі, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен олардың туыстары, әскерилер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Ерболат Досаев майдангерлерді мерекемен құттықтап, шайқас алаңдарында да, еңбек майданында да көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, зор денсаулық, бақыт пен амандық тіледі. Ардагерлер мен олардың жақындары қала басшылығына көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, алматылықтарға және бүкіл қазақстандықтарға бейбіт өмір мен жақсылық тіледі. Олар естеліктерімен бөлісіп, өлең оқып, әскери әндер орындады.

Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойғаннан кейін Алматы әкімі Ерболат Досаев соғыс ардагерлері және олардың туыстарымен бірге Отан соғысы ардагерлері аллеясымен жүріп өтті. Майдангерлермен бейресми әңгіме барысында Ерболат Досаев олардың ерлігіне шын жүректен алғыс айтып, әрқайсысы ел рухының, Отанға деген адалдық пен ерліктің тірі бейнесі екенін, бүкіл елдің мақтанышы екенін атап өтті.

28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін дала асханасы ұйымдастырылып, қазақстандық артистер соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі жылдағы әндерді орындаған мерекелік концерт өтті.

Жеңіс күні Алматыда Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов, С.Нұрмағамбетов, С.Луганский, А.Шәріпов ескерткіштеріне, сондай-ақ, «Отан ұлдарына мәңгілік тағзым», «Белгісіз жауынгердің моласы», «Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ» мемориалдарына гүл шоқтарын қою рәсімдері де ұйымдастырылды.

Соғыс жылдары майданға 1,2 миллион қазақстандық аттанған. Қазақстаннан 100 мыңнан астам жауынгер орден-медальдармен марапатталса, 500-ден аса адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Бүгінде Алматыда Ұлы Отан соғысының 21 ардагері тұрады. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қаланың барлық 8 ауданында ардагерлер аллеясы ашылды. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында биіктігі 6 метр болатын 29 атаулы жөке ағашы отырғызылды. Жалпы аллеяларда 200 жөке ағашы егілді.

Бүгін, Жеңістің 80 жылдығына орай, Алматыда ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы басты сахнада концерттік бағдарлама сағат 21:00-ге дейін жалғасады.

Сағат 19:00-де Көктөбе телемұнарасында Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақстандық батырлардың есімі жазылған мультимедиялық құттықтау көрсетіледі. Бұл қазақ батырларына деген құрметтің белгісі.

Сағат 21:00-де Абай алаңында 500-ден астам дрон қатысатын ерекше жарық шоуы болады.

Ашық аспан астында Жеңіс әндері 10 және 11 мамыр күндері де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында шырқалады.

Ұқсас материалдар