Алматы қаласында метро құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша мемлекетке 127 млн теңге қайтарылды.
Қазақстанның Бас прокуратурасы мәліметінше, «Метрополитен» КМК-ның лауазымды тұлғалары мердігер ұйымдардың өкілдерімен алдын ала сөз байласып, метрополитен құрылысы мен оны жабдықтауға бөлінген қаражатты аса ірі көлемде жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Іс Алмалы аудандық соты қарауында болып, нәтижесінде коммуналдық кәсіпорын мен мердігер ұйымның 10 қызметкері кінәлі деп танылды. Олар мүлкін тәркілеумен қатар, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ келтірілген шығынды өтеу міндеттелді.
Кассациялық тәртіппен қайта қарау барысында жымқырылған 127 млн теңге басқа заңды тұлғаның банк шоттарынан анықталған. Прокурордың наразылығы негізінде сот шешімі өзгертіліп, бұл қаражат толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді.
Қадағалаушы орган бұл жағдай бюджет қаржысына қол сұғу қатаң жазаланатынын тағы бір мәрте көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қаражатты игеру барысында жауапты тұлғалар заңдылық пен ашықтық қағидаттарын қатаң сақтауы тиіс екені ескертілді.





