Алматы қаласындағы 2-ЖЭО-ны көмірден газға көшіру жобасы биыл күзде толық аяқталмақ. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Бұған дейін жылу электр орталығы жыл сайын шамамен 37 мың тонна зиянды зат шығарған. Жаңа газ станциясы іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 90 пайыздан астамға төмендеп, шамамен 2,7 мың тоннаға дейін қысқарады деп күтілуде.
Жаңғырту жобасы 2023 жылғы мамырда басталған. Инвестициялық келісім аясында АлЭС, Dongfang Electric International Corporation, Powerchina Sepco1 Electric Power Construction және Powerchina Hebei Electric Power Engineering компаниялары консорциум құрған.
Жобаның жалпы құны 325,9 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру даму банктерінің несиелері мен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда дайындық жұмыстары толық аяқталып, негізгі құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес:
- 2026 жылғы шілде айының соңына дейін құрылыстың бірінші кезеңі аяқталады;
- Тамыз-қыркүйек айларында екінші кезеңі тәмамдалады;
- Барлық іске қосу-баптау жұмыстары 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін толық бітуі тиіс.
Жоба іске асқаннан кейін 2-ЖЭО-ның электр қуаты 510 МВт-тан 557 МВт-қа дейін артады, ал жылу қуаты сағатына 952 Гкалға дейін жетеді.
Мамандардың айтуынша, орталықты көмірден газға көшіру Алматы экологиясын айтарлықтай жақсартады. Қаладағы ауа сапасына тек автокөліктер ғана емес, энергетикалық нысандардың шығарындылары да әсер ететіні атап өтілді.





