Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бауырдағы бірнеше іріңдік: алматылық хирург мамандар науқасты ашық отасыз емдеді

Бауырдағы бірнеше іріңдік: алматылық хирург мамандар науқасты ашық отасыз емдеді

Алматы №2 қалалық клиникалық ауруханасында бауырында бірнеше іріңдік пайда болған 56 жастағы науқасқа күрделі ем жүргізілді. Ауруханаға жағдайы өте ауыр күйде түскен науқастың бауырындағы іріңді ошақтарды дәрігерлер шағын инвазивті әдіспен емдеп, ашық ота жасамай-ақ оң нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы аурухананың баспаөз қызметі хабарлады. 

Науқас ауруханаға түскенге дейін бірнеше күн бойы түрлі тексеруден өткен. Алайда аурудың нақты себебін анықтау оңайға соққан жоқ. Осы уақыт ішінде дерт асқынып, науқастың ағзасында айқын уыттану белгілері пайда болған. Оның жағдайы сепсиске ұласу қаупі жоғары деңгейде болған.

Науқас ауруханаға дене қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, оң жақ қабырға асты қатты ауырып, жүрегі айнып, бойын әлсіздік билеген күйде түскен. Компьютерлік және магниттік-резонанстық томография нәтижесінде бауырдың бірнеше тұсында іріңді ошақтар бары анықталған. Науқастың жағдайын 2-типті қант диабеті мен басқа да қосалқы аурулары күрделендірген.

Бауырдағы іріңдік (абсцесс) - инфекция салдарынан бауыр тінінде іріңнің жиналуы. Іріңді ошақтар бірнеше жерде орналасып, ағзада айқын уыттану белгілері байқалған жағдайда бұл дерт адам өміріне елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан шұғыл емдеуді қажет етеді.

№2 қалалық клиникалық аурухананың хирург мамандары шағын инвазивті емдеу тәсілін таңдады. Ультрадыбыстық зерттеу бақылауымен тері арқылы пункциялық дренаждау әдісі қолданылды. Арнайы шағын тіліктер арқылы бес дренаждық катетер орнатылып, бауырдағы іріңді ошақтан сұйықтықтың сыртқа шығуына жағдай жасалды. Ота барысында шамамен 200 мл ірің шығарылды.

Отаны хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мақсат Дүйсебеков пен емдеуші дәрігер, хирург Аман Беркінбай  жасаған.

Бұл әдістің басты артықшылығы - үлкен тілік жасамай-ақ, іріңді тікелей зақымданған ошақтан шығаруға мүмкіндік беруі. Әсіресе жағдайы ауыр науқас үшін мұндай тәсілдің маңызы зор. Өйткені ол ағзаға түсетін қосымша хирургиялық салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

Кешенді ем, шағын инвазивті хирургиялық араласу, бактерияға қарсы терапия және дәрігерлердің тұрақты бақылауы нәтижесінде науқастың жағдайы жақсарды.

Бақылау мақсатында жасалған компьютерлік томография бауырда іріңді қуыстардың қалмағанын растады.  Науқас жағдайы жақсарып, стационардан үйде шығарылды.

Осылайша, бастапқыда жағдайы өте ауыр болғанына, бауырында бірнеше іріңді ошақ анықталғанына және 2-типті қант диабеті барына қарамастан, дәрігерлер инфекциялық үдерісті ашық отасыз тоқтата алды.

«Науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті. Сондықтан емдеудің барынша тиімді әрі қауіпсіз тәсілін таңдау маңызды болды. Ультрадыбыстық зерттеу бақылауымен іріңді ошақтарды пункциялық дренаждау әдісін қолдану - үлкен тілік жасамай-ақ, шағын тесік арқылы іріңді шығаруға және тіндерге қосымша зақым келтірмеуге мүмкіндік береді. Науқастың жағдайын ескерсек, ашық ота жасау үлкен қауіп төндіретін еді. Таңдалған емдеу тәсілі іріңді ошақтарды жоюға және науқастың жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді», - деп түсіндірді №2 қалалық клиникалық ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Ермек Желдібаев.

Мамандар дене қызуы ұзақ уақыт бойы түспесе, оң жақ қабырға асты ауырса, қатты әлсіздік байқалып, жалпы жағдай нашарласа, дәрігерге қаралуды кейінге қалдыруға болмайды дейді. Әсіресе қант диабеті сияқты созылмалы ауруы бар адамдар денсаулығына мұқият болып, қажетті тексеруден уақтылы өтіп тұрғаны маңызды. Дертті ерте анықтау қауіпті асқынудың алдын алып, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар