Ақылды жол: Қазақстандағы жолдарға инновациялық қызметтер қалай енгізілуде?
Жалпы «ақылды қала» ұғымы шаһарлардағы жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолынан бастап ақылды аялдамаларға дейінгі орта мен ақылды басқару жүйесін құруға арналған көптеген құрылымдардан тұрады. Бұл әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан жолға қойылып, жыл санап дамып келе жатқан қызықты әрі күрделі бір жүйе, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ақылды жол дүниежүзі елдерінде Smart City деген ұғыммен тікелей байланысты. РБК басылымының жазуына қарағанда, ақылды қалаларға салынатын инвестициялар жыл сайын кем дегенде 20% - ға өсіп жатыр. Әлемде 2023 жылы осы салаға 189,5 млрд АҚШ доллары жұмсалмақ. Ол 2019 жылы жұмсалған инвестициялармен салыстырғанда әлдеқайда артқан. Үш жыл бұрын иновациялық осы бастамаларға 124 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат тартылған, деп жазады РБК ақпарат агенттігі.
«ҚазАвтоЖол «Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы Қазақстанда 2013 жылы қайта құрылымнан өтіп, жаңа даму даңғылына түсті. Қазақстан Республикасы Үкіметі 2013 жылғы 26 желтоқсандағы № 1409 қаулысы негізінде осы ірі компанияның 2013–2022 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Жалпы Smart City, соның ішінде ақылды жол жүйесін енгізу туралы бастамалар осы кезде қолға алына бастады. Алматы және Астана қалаларында пилоттық жоба ретінде ақылды қала элементтерін дамыту және оны адамдардың өміріне енгізу тапсырмасы жүктелген болатын.
Тұңғыш президенттің 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бірегей бағдарламасын дайындау жүктелді. Дәл осы тұжырымдаманың аясында жолдарды пайдаланудағы заманауи трендтердің үлесін арттыру және көліктік инфрақұрылымға ақылды және инновациялық жаңалықтарды енгізуді жеделдетуге тапсырма берілген-ді.
Жол шаруашылығы саласын жаңғырту қазіргі заман талаптарына сай болуы және оның даму перспективаларын ескеруі тиіс еді. Ақпараттық технология заманында көптеген дамыған елдерде «ақылды тас жол» тұжырымдамасы жолға қойылған. Ендеше көлік магистральдарын дамытуда әлдеқайда функционалды, ыңғайлы, қауіпсіз және экологиялық жағынан таза жобаларды әкелу міндеті тұрды.
Қазақстан бұл тұрғыда автомобиль жолдарының ақылы жүйесін дамытуға мән берді. Себебі әлем елдерінің көбінде жолдың ақылы учаскелерін пайдалану табысты әрі ұтымды жоба екені әлдеқашан дәлелденген. Ақылы жолдардың төлем жүйесін реттеуде жоғары ақпараттық технологиялардың соңғы жаңалықтары енгізілді. Онлайн түрінде төлем жасайтын қосымшалар мен жаңа мүмкіндіктер көкжиегі көрінді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше 2025 жылға дейін ақылы жолдардың ұзындығы 2 мың 200 шақырымға жетіп, жыл басынан бері 4 млрд теңге көлемінде қаражат жиналған. Министрлік алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 11 мың шақырымға дейін артатынын мәлімдеді.
Қазір «Шымкент-Ташкент», «Астана-Щучинск», «Шымкент-Тараз», «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас», «Қапшағай-Талдықорған», «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қызылорда», «Щучинск-Көкшетау», «Астана-Павлодар» бағыттарында «ақылды жол» жүйесінің сәтті жұмыс істеп тұрғанын айтуға болады. Оған айыппұл салу, жол белгілері, ақылды камералар және төлемді оңай әрі қолайлы тәсілдермен өтеу кіреді.
Осы күндері Қазақстан халқының 59 %-ы ірі және шағын қалаларда өмір сүреді. Қалалардағы халық санының өсімі жыл сайын шамамен 2,3%-ға тең. Қалаларды алатын болсақ, ақылды жолдар коммуналдық қызметтер мен автокөлік иелеріне жол төсемінің жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Жоба сонымен қатар жолдағы қатқақ әрі қауіпті учаскелерде автоматтандырылған жүйе арқылы сақтандыру, температураны реттеуді қамтиды. Бұл бастама Астана қаласында арнайы меморандум негізінде іске асып, Сарыарқа ауданында Marcel boschung AG неміс компаниясының инвестициясы арқасында қолға алынған еді. Ол «Жол метеостанциялары, яғни ақылды жол жобасы ретінде жүзеге аса бастаған-ды. Техникалық ресурстарды жөнсіз ысырап етпеуге, жол төсемінің температурасын анықтауға, мұз қыртысының пайда болғанын және мұздың қату нүктесін нақты анықтауға мүмкіндік береді. Ол санитарлық тазалау мәселелерінде бюджетті үнемдеуге де ыңғайлы.
Еліміздің ірі мегаполистерін айтпағанда көптеген облыс орталықтарында қылмыстарды ашуға және жолдардағы қауіпсіздікті бақылауға көмектесетін камералар да «ақылды жол» жобасының ажырамас бөлігі. «Smart City» («Ақылды қала») – бұл қаладағы қызметтердің тиімділігін және шаһарда өмір сүрудің жайлылығын арттыру үшін жасалған заман талабына сай жүйе. Бұл жоғарыда айтқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жетістіктерінің бірі. Жалпы 2020 жылғы қортынды бойынша Астана мен Алматы қаласы әлемдік «ақылды қалалар» рейтингіне енген. Соңғы екі жылда пандемияға қарамастан бұл бағытта тек ілгерілеу бар.
Мысалы елорданың жолдары елдегі ең қауіпсіз жолар деп танылған. Оған 2017 жылы енгізілген «Қауіпсіз жол» пилоттық жобасы оң әсер еткен. Қазір бұл жүйе Астананың ажырамас бір бөлігі. «Сергек» жүйесі өзінің өміршеңдігін көрсеткен. Ал Алматы қаласында «ақылды жол» жобасын 2022 жылға дейін орнатылған 357 арнайы бағдаршамдар дамуға жетеледі. Ол нақты қозғалыс қарқындылығын ескере отырып, жол қиылыстарында жол қозғалысын реттеуді, статистиканы есептеуді және көлік қозғалысының қарқындылығын талдауды жүзеге асыруды, адаптивті режимде уақытты кері санау таблосының жұмысын қамтамасыз етеді.
Қазақстандық ғалымдар жол салуда жаңа технологияларды пайдалануды бір ізге түсіре бастаған. Қазақстан Республикасы жол ғылыми-зерттеу институты ғалымдары еліміздің батыс өңірлерінде жолдарды салу барысында отандық материалдары пайдаланудың соны технологиясын қолдануды ұсынды. Жолдардың төсеміндегі табиғи беріктендіру мен жергілікті табиғаттың ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс жүргізіледі.
Осыған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысына барғанда шалғай аймақтарда жергілікті халық шағымарын айтқан. Онда жолдардың тез бұзылатыны және жергілікті климаттың ескеріле бермейтіні әңгіме болды. Министр ғалымдармен бірлесіп климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, жол салу технологиясын қайта қарауға уәде берген. Айтылып отырған инновациялық технология алғаш рет Атырау облысының Азғыр өңірінде автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу кезінде қолданылатын болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы жолдардың сапасы туралы сын айтты. Осы жиында Қазақстанда ең нашар жолдар және инновациялық жаңалықтар әлі жете қоймаған аймақтардың тізімі де айтылды. Тоқаев биыл 11 мың шақырымнан астам жолдың жөнделгенін, оған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты. Жол жөндеуде қатаң бақылаудан тыс инновациялық жаңашылдықтарды да енгізуді тапсырған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024