Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Астана әкімдігі 176 млн теңгеге сатылған жерді қайтадан сатып алмақшы

 Астана әкімдігі 176 млн теңгеге сатылған жерді қайтадан сатып алмақшы

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында Достық даңғылының бойындағы «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығының жанындағы жылдар бойы бос тұрған телімнің айналасындағы күмәнді әрекеттер қызу пікірталасқа тұздық болды. 

Астана қаласы баспана және үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов жалпы ауданы 3 гектар болатын 9 нысанды 2,14 млрд теңгеге сатып алу жобасын таныстырды. 

Мемлекет қажетіне жарату үшін бюджет есебінен сатып алынатын жер телімдерінің тізбесін талқылаған мәслихат депутаты Асқар Смағұлов үлкен былықтың бетін ашты.

– Әлі біреудің меншігінде тұрған, сатып алынбаған жерге сквер салып отырсыздар. Бұл – бір. Екіншіден, телім 2022 жылы пайдаланылмағаны үшін мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал 2023 жылы аукцион арқылы сатамыз. 4 айдан кейін қайта алып қоятын болсақ, аукцион арқылы сатудың қандай қажеті болды? Аукционда 176 млн теңгеге сатсақ, енді 1,08 млрд теңгеге сатып аламыз. Қисыны қайда? Мен Бас прокуратураға хат жолдаймын, аукционның қаншалықты заңды екенін тексерсін. 4 ай бұрын мемлекет меншігіндегі жерді сатудың қандай қажеті болды? Бұл инсайдерлік ақпаратты пайдалану деп ойлаймын. Аукционның қорытындысына қорықпай-ақ қарсылық танытуға болады. Аукцион арқылы 176 млн теңгеге сатар кезде бағалау жүргіздіңіздер ғой. Онда неге 4 айдың ішінде телім 5 есе қымбаттап шыға келді? Бұлай болмау керек, – деп шүйлікті депутат.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов әуел баста жеке меншіктегі жерді мемлекет меншігіне қайтарған Ауыл шаруашылығы министрлігі екенін айтып, бұл мәселенің объективті себептері баршылық деген ұстанымын білдірді.

Бірақ депутаттар бұл жер теліміне сквер салу керек деген тұрғындардың талабы талай жылдан бері айтылып келе жатқанын әкімдік өкілдерінің білмеуі мүмкін емес деген уәж айтты. 

  – Бұл жердегі тәуекел мынандай болған. Жердің қазіргі иесі оны Ауыл шаруашылығы министрлігінен сатып алды. Енді әрі қарай жер иесі сотқа жүгіне отырып, ол орынға сквер емес түнгі клуб немесе көпқабатты тұрғын үй салуға талаптануы мүмкін еді. Әрине, тұрғындармен кездескен сайын бұл орында сквер болу керектігін айтып жүргені рас. Сондықтан сквер ұйымдастыру туралы шешім қабылдағанбыз. Ол үшін қоғамдық тыңдау да өткізілді. Жағдай осындай, – деді Нұрлан Нұркенов. 

Депутат Владислав Сергеев әріптесі Асқар Смағұловтың уәжін қолдап, бұл аукционға құқықтық баға беру керектігін айтты.

«Бұл мәселенің түбі шикі деп есептеймін. Ертең бүкіл жауапкершілік депутаттардың мойнында қалайын деп тұр. 146 млн теңгеге сатылған жерді бір жыл өтпей жатып қайта 1 млрд теңгеге сатып алу тым күмәнді. Сондықтан бүгін бұл телімді 1,08 млрд теңгеге сатып алу арқылы мемлекет қажеттігі үшін алып қою туралы ұсынысты кері қайтару керек деп ойлаймын. Құқықтық баға берілгеннен кейін ғана қандай да бір шешім қабылдау керек», – деді депутат.

Бұл ұсынысты әкімнің бірінші орынбасары да құптады. Осылайша ондаған жыл бойы қаңырап тұрған телімнің тағдыры бұған дейін өткізілген аукционның қорытындысына құқықтық баға берілгеннен кейін ғана шешілетін болды.

Ұқсас материалдар