Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Астанада LRT осы аптада іске қосылады

Астанада LRT осы аптада іске қосылады

Астанада көптен күткен жеңіл рельсті көлік жүйесі – LRT осы аптада іске қосылады. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы хабарлады.

Компания мәліметінше, қозғалысты ресми ашу күні жақын арада жарияланады. Қазіргі уақытта жүйені іске қосу алдындағы соңғы техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, пойыздарды сынақтан өткізу, қауіпсіздік жүйелерін тексеру және инфрақұрылымды толық баптау жалғасуда.

LRT-ны сынақтан өткізу 2025 жылдың 29 қыркүйегінде басталған болатын. Жоба шарттарына сәйкес, тестілеу кемінде алты айға созылуы тиіс еді.

Бұған дейін CTS компаниясы пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 40-50 шақырым болатынын мәлімдеген. Ал «Нұрлы жол» вокзалынан халықаралық әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минут алады. Қозғалыс аралығы жүктемеге қарай 5-10 минут шамасында болады.

Жеңіл рельсті көлік желісі елорданың негізгі нүктелерін байланыстырады. Бағыт халықаралық әуежайдан басталып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін созылады. Жол бойында 18 станция орналасқан.

Олардың қатарында:

  • «Әуежай»,
  • «Атамекен»,
  • «Мәңгілік ел»,
  • «Университет»,
  • «Астана Арена»,
  • «Бәйтерек»,
  • «Министрліктер үйі»,
  • «Ұлттық музей»,
  • «Жібек жолы»,
  • «Нұрлы жол» секілді маңызды нысандар бар.

Қала билігі болашақта LRT желісін Қосшы қаласына дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Жобаның екінші кезеңіне дайындық жұмыстары да басталған.

Ұқсас материалдар