Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жеңіл рельсті көліктің (LRT) іске қосылу мерзімі туралы хабарлады.
Бұл туралы ресми ақпарат қаланың әкімдігінің сайтында жарияланды. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бірге LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасы аясында құрылған Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмыс дайындығымен танысқан. Орталық қаладағы жол-көше желісін басқару мен үйлестірудің негізгі элементіне айналады.
Бірыңғай диспетчерлік орталық LRT құрамдарының қозғалысын басқару, интеллектуалды бағдаршам жүйесін үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлеу, велосипедті жалға беру жүйесін бақылау, сондай-ақ көлік деректерін өңдеу мен талдау функцияларын атқарады.
Қалада «Әуежай», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі», «Музей» станцияларының жай-күйі тексерілген. Сынақтық пайдалану бекітілген бағдарламаға сәйкес барлық желіде жүргізілуде. Бұл процесс инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйесін тексеруді, персоналды даярлауды және апаттық рәсімдерді пысықтауды қамтиды.
LRT құрамдары Орталық Азия климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді болып келіп, пилотсыз режимде қатынайды. Жолаушылар қозғалысы тек сынақ кезеңі аяқталып, жүйенің техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін басталады. Қазіргі жоспар бойынша LRT жұмысы жақын айларда, көктемде, басталуы күтілуде.





