
Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін тестілік режимде іске қосуға бір айдан аз уақыт қалды.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен кездесу барысында хабарлады.
Әкімнің айтуынша, жобаның мерзімінде өзгеріс жоқ – алғашқы пойыздар қыркүйек айында сынақтан өткізіле бастайды.
– Қыркүйекте алғашқы құрамдарды тестілік режимде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сынақ нәтижелері бойынша толыққанды пайдалануға беру мерзімі анықталады. Әдетте тестілік кезең үш айдан алты айға дейін созылады, – деді ол.
Жолақы құнына қатысты да алдын ала болжам жасалды. Жоба бойынша билет бағасы 200 теңгеге дейін болуы мүмкін. Алайда нақты тариф осы жылдың соңына қарай бекітіледі.
– Жолақы шамамен 200 теңге көлемінде болады деп қарастырылған. Дегенмен нақты бағасын жыл соңына дейін жариялаймыз, – деп түсіндірді Қасымбек.