Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Дубайдағы жылжымайтын мүлік: Бас прокуратура тексеріс бастамайтынын айтты

 Дубайдағы жылжымайтын мүлік: Бас прокуратура тексеріс бастамайтынын айтты

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы активтерді қайтару қызметі Дубайдағы қазақстандықтарға тиесілі болуы мүмкін 97 пәтер туралы ақпаратты тексеруге негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Бұл туралы BES.media хабарлады. Бұған дейін журналист Манас Қайыртайұлы Дубайдағы Fairmont The Palm қонақүйі маңындағы тұрғын үй кешенінде шамамен 97 пәтер қазақстандықтардың атына рәсімделген болуы мүмкін екенін айтқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың иелері арасында судьялар, бұрынғы министрлер, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің жұбайлары мен балалары болуы ықтимал.

Журналистер активтерді қайтару қызметінен осы ақпарат бойынша тексеріс жүргізіле ме деп сұраған. Бас прокуратура өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетелдегі жылжымайтын мүлікке иелік ету құқықбұзушылық болып саналмайтынын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, уәкілетті органдар тарапынан ресми тексеру жүргізілмейінше жарияланған ақпаратқа құқықтық баға беру мүмкін емес.

Сонымен қатар Бас прокуратураға бұл мүлікке қатысты журналистерден басқа ешқандай ресми шағым немесе өтініш түспегені айтылды.

Ведомство дерегінше, соңғы 2,5 жылда мемлекетке 1,3 трлн теңгеден астам актив қайтарылған. Оның ішінде:

  • нақты қайтарылған активтер – 1,076 трлн теңге;

  • ақшалай түрде – 968,5 млрд теңге;

  • мүлік түрінде (соның ішінде шетелдегі активтер) – 107,7 млрд теңге.

Айта кетейік, 28 ақпанда Дубайдағы Пальма Джумейра ауданында орналасқан Fairmont The Palm қонақүйі маңына ирандық «Шахед» дроны құлағаны хабарланған. Дубай үкіметі мәліметінше, оқиға салдарынан төрт адам жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілген. Төтенше қызметтер оқиға орнына жедел жетіп, аумақты қоршап, өртті сөндірген.

Ұқсас материалдар