Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Елімізге 7 жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салынуы мүмкін

Елімізге 7 жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салынуы мүмкін
ЕАЭО аумағына 7 жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев Утилсбордың күшін жою жөніндегі петицияның қоғамдық талқылауында мәлімдеді. 

Жиында ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилалымға қарсы петицияны қарастырғаннан кейін ондағы талаптарды қабылдамайтынын айтты.

«Петицияда көрсетілген дәлелдер шындыққа сәйкес келмейтінін ескере отырып, сондай-ақ шешім жобасын жария талқылау барысында қосымша негіздемелер ұсынылмағандықтан, петицияны қанағаттандырмауды ұсынамыз», – дейді Әділбек Бектібаев.

Сонымен қатар, өнеркәсіп министрлігі үшінші елдерден заңсыз көлік әкелуді болдырмауға көмектесетін бірқатар шараларды дайындағанын мәлімдеді.  Атап айтқанда: 

1. Жыл сайын ӨКМ операторының қызметі туралы есептерді Smart Data Ukimet платформасында жариялау.
2. Ескі көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын утилизациялау бойынша жаңа бағдарламаны іске қосу, ақшалай өтемақы беру.
3. ЕАЭО аумағына 7 жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салуды енгізу.
4. Жеке тұлғаның бір жыл ішінде жеке пайдалануы үшін бір көліктен артық әкелуіне тыйым салу.
5. Үшінші елдерден әкелінетін көлік құралдарының сәйкестігін басқа ЕАЭО мүше мемлекеттерінде растауға жол бермеу.
6. СБКТС сертификаттарын беру кезінде аккредиттелген сынақ зертханаларының қызметін қатаң бақылау.
7. Тіркеуге тыйым салу немесе тіркеуді жою және көлік құралын тәркілеу сияқты жедел әрекет ету шараларын қолдану.

Бұл шаралар Қазақстан экономикасы мен экологиясын қорғауға көмектесетін әділ бәсекелестік ортаны құруға және көліктердің заңсыз әкелінуін болдырмауға бағытталған, деп санайды Өнеркәсіп министрлігі.

Ұқсас материалдар