Changan Қазақстан нарығына жеті орынды CS75 Pro және ықшам UNI-S кроссоверлерін шығарады. Көліктер Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында құрастырылады деп жоспарланып отыр.
Changan CS75 Pro — ұзындығы 4,75 метр болатын, 7 жолаушыға арналған орта өлшемді отбасылық кроссовер. Үшінші қатардағы орындықтар жиналған кезде жүксалғышының көлемі 650 литрге дейін ұлғаяды.
Автомобиль қуаты 181 ат күшіне тең 1,5 литрлік бензинді турбоқозғалтқышпен және жеті сатылы роботтандырылған беріліс қорабымен жабдықталады. Кроссовер сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 8,4 секундта жетеді. Модель тек алдыңғы жетекпен ұсынылады.
CS75 Pro жабдықтарының қатарына 19 дюймдік дөңгелек дискілері, панорамалық төбе, цифрлық аспаптар панелі, мультимедиалық жүйе, жүксалғыш есігінің электр жетегі, руль жылытқышы және айналаны толық көрсететін камералар кіреді. Бұл модель — бұрын Oshan X7 Plus атауымен сатылған кроссовердің жаңартылған нұсқасы. Ол 2025 жылдан бері Changan брендімен шығарылып келеді.
Екінші жаңа модель — Changan UNI-S. Оның ұзындығы 4,55 метр, ал дөңгелек базасы шамамен 2,65 метрді құрайды. Қазақстан нарығында автомобильдің алдыңғы және толық жетекті нұсқалары ұсынылады.
UNI-S те қуаты 181 ат күшіне тең 1,5 литрлік турбоқозғалтқышпен жабдықталады. Қозғалтқыштың айналу моменті — 280 Нм. Ол жеті сатылы роботтандырылған беріліс қорабымен жұмыс істейді. Жетек түріне қарай кроссовер сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 8,3–9,5 секундта жетеді.
Автомобиль панорамалық төбемен, салонның атмосфералық жарығымен, Apple CarPlay және Android Auto жүйелерімен, дауыспен басқару функциясымен, электронды жүргізуші көмекшілерімен және айналаны толық көрсететін камералармен жабдықталады. Мультимедиалық жүйенің интерфейсі қазақ тілінде болады.Жаңа модельдердің бағасы мен сатылым басталатын мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
Қазір Қазақстандағы Changan модельдік қатарына Eado Plus, UNI-V, CS35 Max, CS55 Plus, CS75 Plus, UNI-K және Hunter Plus секілді он автомобиль кіреді.





